Ең лас автокөлік табылды

Автокөліктердің қала экологиясын ластау әсері айтарлықтай. Астанадағы атмосфералық ауаның бұзылуына жол бермеу үшін елордалық полицейлер экологтармен бірлесіп қала көшелері мен пост-бекеттерде рейд ұйымдастырды.
Астана қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлері көлік құралдарының, оның ішінде жеңіл автокөлік, жүк көлігі қоғамдық көліктердің техникалық жағдайын тексеруге қатысты рейдтік шара өткізді. Елорда сақшылары Экология департаментінің өкілдерімен бірлесіп экологиялық талаптарға жауап бермейтін автокөліктерді анықтады. Рейдтің пост-бекеттерде ұйымдастырылуы да бекер емес. Себебі, экологиялық талаптарға жауап бермейтін жүк көліктерін дәл осы қала сыртындағы бекеттерден жиі кездестіруге болады. Жұмыс қыза түсетін күз мезгілінде жүк көліктердің қалаға қатынауы да жиілейді. Осыны ескерген елордалық сақшылар қалаға беттеген жүк көліктерін жаппай тоқтатып түтін өлшегіш және газталдауыш аспаптардың көмегімен ауаны ластау дәрежесін тексерді. Айта кету керек, жеңіл көліктер мен жүк көліктер екі түрлі құрылғымен тексеріледі, оларға қойылатын талап та әрқилы. Мәселен, жүк көліктердің түтін шығаруы көрсеткіші 40 пайыздан, ал жеңіл көліктердікі 20 пайыздан аспауы тиіс. Бұл нормадан асқан жағдайда ҚР ӘҚБтК-тің 334-бабымен жауапкершілік қарастырылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауаны ластайтын көліктерді анықтауға бағытталған мұндай шаралардың маңызы өте зор. «Астана қаласының көшелерінде жүрген көлік құралдары техникалық талапқа жауап беруі тиіс. Жүргізушілер жол қозғалысы тәртібін қатаң ұстанудан бөлек, көліктің техникалық жағдайын назардан тыс қалдырмағандары жөн. Ауаны ластайтын көлік жүргізушілерін бірінші рет ескертумен жіберуге болады, бірақ бұл жағдай бір жылдың ішінде қайталанатын болса, жаза да қатаңдатыла береді. Екінші рет қайталанған жағдайда айыппұл көлемі арта түседі және жүргізуші куәлігі алынады. Негізі, көбіне жүк көліктер бұл талаптарға жауап бермейді. Мұндай заң бұзушылыққа жол бермес үшін ауаны ластайтын ескі көліктерді техникалық байқаудан жиі өткізу керек», – дейді Астана қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Арман Шайзатов. Ол сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыстар аяз тұрып, қар түскенше жалғасатынын айтты. Астана-Қарағанды бағытындағы тас жол бойында өткізілген рейд бірнеше сағатқа созылды. Полиция қызметкерлері тоқтатқан жүргізушілер көліктерін экологиялық тазалыққа тексеруден өткізуге қуана келісіп жатты. Сондай жүргізушілердің бірі көлігінің ауаны ластайтыны анықталса, айыппұл төлеуден де қашпайтынын айтты. Оның көлігінің түтін шығаруы нормаға сәйкес келді. Осы уақыт аралығында 5-6 көлік тоқтатылып, техникалық тексеруден өткізілді. Бірен-саран жүк көліктің түтін шығаруы нормадан асып, оларға 3 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Рейдтің екі күнінде полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-тің 334-бабы бойынша 200-ге жуық заң бұзушылықты анықтады. Бұдан бөлек, елордалық полицейлер жүргізушілердің жолдағы тәртіпті сақтауына қатысты жұмыстар жүргізіп келеді. Жыл басынан бері жолдағы тазалықты бұзатын жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-тің 620-бабымен 5 мың хаттама толтырылған.