3D Touch смартфондары жайында
3D Touch технологиясының арқасында сатылымға жақында шыққан iPhone 6s смартфонының экраны тұтынушының дисплейді басу күшін өлшей алады. Қазіргі таңда мұндай технология кейбір Android девайстарда да кездеседі. Ал Huawei компаниясы жаңа Mate S смартфонына 3D Touch технологиясының дамыған нұсқасын орнықтыруды жоспарлап отыр.
Synaptics компаниясының мәліметі бойынша, Android смартфонын өндірушілер көпшілігі 2016 жылға қарай аталған технологияны өзіне бейімдемек. Америкалық компания өзінің ClearPad 3700 сериясымен шыққан экран интерфейсі кез келген жаңа технологияға, соның ішінде 3D Touch функциясына жылдам бейімделетінін хабарлады. Негізгі бизнесі сенсорлы экран шығаруды құрайтын америкалық Synaptics компаниясы көптеген Android өнімін өндірушілерге ұсыныс жіберген. Apple корпорациясының негізгі бәсекелесі Samsung компаниясы бұл мүмкіндікті құр жібермейтіні анық. Ал өзге компаниялар әлемдік нарықтағы үлестерін ескеріп, шешім қабылдайды.
Бір қызығы, экранды басу күшін анықтайтын функцияны Android операциялық жүйесінің келесі нұсқасына қосу-қоспауы екі талай. Егер Google платформадағы жаңартуды жүзеге асырса, смартфон өндірушілердің басым бөлігі Synaptics компаниясымен келісімге келеді.