Қазақстанға жаңа смартфондар келуі мүмкін.

Қазақстанда болашақта құны 100 долларлық смартфондар пайда болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәжілісінде Beeline-нің Қазақстандағы PR-директоры Алексей Бендзь мәлім етті.
Оның айтуынша, Қазақстанда мобльді төлемдер мен аударымдар жүйесін дамыту үшін халықты қолжетімді смартфондармен және планшеттермен қамту қажет. PR-директордың келтірген мәліметтеріне сай, қазір елімізде халықтың 15%-ы ғана смартфон ұстайтын көрінеді. Қазақстан бойынша смартфондар саны жағынан Алматы қаласы көш бастап тұр.
«Біз нарықта смартфондар саны көбейіп, саудаға әлдеқайда қолжетімді ұялы телефондардың түскенін қолдаймыз. Қазір құны 100 доллар маңайындағы сапалы үндістандық және қытай смартфондарын Қазақстан нарығына көптеп әкелу жайында келіссөздер жүріп жатыр. Оларды арнайы сататын сауда нүктелері бар. Сол себепті халық үшін интернет ұялы телефондар тәрізді тұрмыстағы басты қажетті құралға айналғанын қалаймыз», - деді А.Бендзь.
Ол сондай-ақ мобильді ақша аударымдарының саны артқан сайын, транзакция құны төмендей түсетінін тілге тиек етті.
Еске сала кетейік, Алматыда мобильді төлем жүйесі саласындағы сарапшылар, банк пен ұялы байланыс операторларының өкілдері Қазақстанда өтетін MobiEvent’13 халықаралық конференциясы аясында елімізде мобильдік қызметтер мен төлемдердің даму болашағын талқылайтын болады.