Инфляция туралы
Инфляция — бұл кез келген экономикалық даму үлгісіне тән объективті құбылыс. Инфляцияның себептері айналыс және өндіріс саласында орын алады.
Қазіргі инфляция мынадай факторларға байланысты:
Ақша айналысының факторларына: бюджет тапшылығын жабуға пайдаланылған, шексіз көп ақшаның эмиссиялануы есебінен айналыс аясының артық ақша массасына толып кетуі; халық шаруашылығының артық несиеге толуы.
Ақшалай емес факторларға: қоғамдык өндірістегі теңсіздікке, шарушылықтың шығындық тетігіне, мемлекеттің экономикалық саясаты, оның ішінде салық саясаты, баға саясаты, сыртқы экономикалық саясатына байланысты факторлар жатады.
Аталған факторлардың қанат жаюына байланысты инфляцияның екі түрі болады: сұраныс және шығын (ұсыныс) инфляциясы.
Сұраныс инфляциясы төмендегідей факторлардың әсерінен туындайды:
әскери шығыстардың өсуі, яғни әскери техникалардың азаматтық салаларда пайдалану қажеттігінен, нәтижесінде ақша баламасы айналыс үшін артық болып қалады;
мемлекеттік бюджет тапшылығы және ішкі қарыздардың өсуі, яғни мемлекеттің қысқа және орта мерзімді міндеттемелерін шығару есебінен бюджет тапшылығын жабу нәтижесінде мемлекеттің ішкі қарызы артады;
несиелік экспанциялау, яғни елдің орталық банкінің коммерциялық банктер мен үкіметке несие беретін несиелер көлемінің ұлғаюын сипаттайды;
импортталған инфляция, яғни шетел валюталарын сатып алу барысында тауар айналымына қажеттіліктің үстіне ұлттық валютанын, эмиссиялануы;
ауыр өнеркәсіп саласына өте көп мөлшерде инвестация жұмсау.
Шығын (ұсыныс) инфляциясы — бұл баға белгілеу үдерісіне әсер ететін мынадай факторлардың болуымен сипатталады:
еңбек өнімділігінің өсуін азайту және өндірістің құлдырауы;
көрсетілетін қызметтің маңызының артуы;
бір өнім бірлігіне жұмсалатын шығынның өсуінің жеделдетілуі, әсіресе жалақының өсуі;
энергетикалық дағдарыс.
Инфляция жағдайында қағаз ақшалар мыналарға қатысты құнсызданады:
алтынға;
тауар;
шетел валютасына.
Бірінші жағдайда қағаз ақшамен берілетін алтынның нарықтық құны артады. Екінші жағдайда тауарлардың бағасы өседі. Үшінші жағдайда шетел валютасына қатысты ұлттық валютаның бағамы төмендейді.
Инфляцияны төмендегідей белгілеріне байланысты жіктеуге болады:
Инфляциялық үдерістің сипатына қарай:
ашық инфляция, яғни, бағаға ешқандай да кедергі болмайды, оның еркін өсуі байқалады;
жабық инфляция, яғни тауар тапшылығы жағдайында бағаға мемлекет қатан бақылау жасап отырады;
инфляциялық шок, яғни бір мезетте бірден баға өсіп кетеді.
Таралу орнына қарай:
локальдық инфляция, яғни баға бір ғана елдің шекарасында өседі;
дуниежузілік инфляция, яғни кейбір елдер топтарын немесе барлық ғаламдық экономиканы түгелдей дерлік қамтиды.
Бағаның өсу қарқынына қарай:
баяу инфляция — баға баяу қарқынмен біртіндеп жылына 10%-ға өседі;
орташа инфляция — баға тез қарқында жылына 20-дан 200 %-ға дейін өседі, мұндай баға қарқыны ауыр экономикалық және әлеуметтік зардаптарға шалдықтырады;
ұшқыр инфляция — баға жылына 500-ден 1000 %-ға дейін және одан жоғары қарқынмен өседі. Ұшқыр инфляция ақша жүйесінің құлдырауына әкеліп соғады. Мұндай жағдайда ақша өзінің атқаратын қызметтерін жоғалта бастайды.
Өнеркәсібі дамыған елдер үшін бірінші түрі тән болса, ал дамушы елдер үшін екінші және үшінші түрлері тән.
Инфляция қарқыны статистикалық көрсеткіш — тұтыну бағаларының индексі көмегімен анықталады.
Тұтыну бағаларының индексі тауарлар мен қызметтердің түрлерін қамтитын тұтыну қоржыны негізінде анықталады.
Тұтыну бағаларының индексін (ТБИ) есептеуде мынадай формула қолданылады:
ТБИ = (Ағымдағы жылдағы тұтыну қоржынының бағасы) / (Базалық жылдағы тұтыну қоржынының бағасы) x 100
Тұтыну бағаларының индексінің үш сандық мәні болуы мүмкін:
баға индексі 100%-ға тең болады, яғни баға өзгермеген болып табылады;
баға индексі 100%-дан жоғары, мысалға 140%-ға тең. Демек, ағымдағы жылдағы бағаны базалықпен салыстырғанда 1,4 есе өскен, яғни ақша инфляциялық құнсызданды;
баға индексі 100%-дан төмен, айталық 80%-ға тең, яғни ағымдағы жылдағы бағаны базалыққа қарағанда 20%-ға төмендеген. Бұл дегеніміз дефляцияның болғанын, яғни баға деңгейінің төмендеуін білдіреді.