Жаңа жылға арналған тілектер, құттықтаулар
Жаңа Жыл! Жаңа күн! Жаңа өмір! Бұл күн болмыстағы бояудың барлығын үміттен, қуаныштан, махаббаттан алып, айналаға нұр болып шашылып, әр шаңыраққа шуақ болып тарайды. Қай - қайсымыз болсақ та осы мерекелік кештен келесі Жаңа Жылға дейін жүрегімізге есте қалатындай бір сезімді себелейміз, ол сезім бізді келесі Жылға дейін үмітпен жетелеп отырады. Жаңа Жыл әрбір шаңыраққа құт, береке, ырыс алып келсін!
Ескі Жылдың қайғы - мұңын, өкпе – наздың барлығын артқа тастап, кіріп келе жатқан Жаңа Жылды көтеріңкі көңіл - күймен, таза, тың ойлармен қарсы алу керек. Әрбір кірген жаңа Жылдың өзінің дайындап отырған қуанышы, бақыты, сыйы болады. Достар, біз де өкпе - назымызды, өкініш - мұңымызды, қиындық сезінген сәттерімізді бір сәт естен шығарып, ескі Жылға қалдырып, Жаңа Жыл табалдырығын махаббатпен, мейіріммен аттайық, бізді алда тек қана қуаныш пен бақыт күтіп тұр деп сенейік. Жаңа Жылда үйлеріңіз нұрға, құшақтарыңыз гүлге толсын!