Жаңа жылдық мәзір: Чак-чактан жасалған шырша
Күнделікті дастарқан мәзіріне ұсынатын кез келген тағамды жаңа жылдық көңіл күйге орайластырып түрлендіруге болады. Көп азық-түлікті қажет етпейтін, оңай даярланатын чак-чак тәттісінен шырша жасап көрейік.
Қажетті азық-түлік:
- 300 гр ұн;
- 3 жұмыртқа;
- қоюлатылған сүт;
- өсімдік майы;
- тұз.
Ұнға жұмыртқа салып, аз ғана тұз себеміз. Басқа ешқандай сұйықтық қоспай, қамыр илейміз.
Дайын қамырды осы күйінде оқтаумен жазуға болады.
Ал оқтау жоқ болса, кішкене бөліктерге бөліп аламыз.
Қамырды жіңішке етіп жазамыз.
Өз қалауыңыз бойынша сопақша, ұзынша, төртбұрыш пішінде кессеңіз болады.
Ал біз әдемі көрінуі үшін ромб тәріздес пішінде кестік.
Майды қыздырып алып, қатты қызған соң сәл басамыз.
Бауырсақ пісіргендей етіп, орташа отта қуырып, сүзіп аламыз.
Суыған соң, үстіне қойылтылған сүт құямыз.
Біраз уақыт тоңазытқышта ұстаймыз да, дастарқанға қояр кезде шырша пішініне келтіреміз.
Қамырды ұзынша етіп кессеңіз, аққала пішініне келтіруге де болады. Көз, ауыз ретінде мейіз қолданамыз.