Студент туралы әзілдер

Білім ордаларында басталып келе жатқан қысқы емтихан кейбіреуіне алғашқы болса, енді біріне үйреншікті оқиға. Қалай десек те, емтихан біліміңді тексеретін сәт. Жақындаған сайын бірі − қорқып, қиналса, екіншісі − қуанып, демалысты күтеді. Әркімнің ойы әр қилы. Не де болса, барлық студенттер қауымына сәттілік тілей отырып, емтиханға байланысты әзілдер тобын ұсынамыз.

Студент асханаға кірсе, жалғыз ғана орын бар екен. Барып отыра қалса, қарсы орындықтағы профессор:

− Бүркіт пен шошқа қатар отырмайды – дейді.

− Кешіріңіз, мен ұшып кетейін – деп екі қолын қанат етіп қағып тұрып кетеді.

Сөзден ұтылған профессор емтихан қабылдауға келеді. Әлгі студентті құлату үшін сұрақтың астынан алса да, ол бәріне дұрыс жауап береді. Сосын мынадай сұрақ қояды:

− Сенің жолыңда екі сандық жатты делік. Бірі тола алтын, екіншісінде ақыл. Қайсысын таңдайсың?

− Алтынды таңдаймын, әрине!

− Мен ақылды таңдаған болар едім – дейді профессор.

− Әркім өзінде жоғын таңдайды ғой – деп студент тағы да қатырып кетеді. Профессор әбден ызаланып оның сынақ кітапшасына «Мал» деп жазып береді. Оны қарамастан алады да студент шығып кетеді. Профессор мәз болып отырса, сәлден кейін студент қайтып келіп былай деген екен:

− Профессор ағай, сіз баға қоятын жерге шатасып, өз аты-жөніңізді жазып қойыпсыз.

***

Зоология ғылымының бір студенті биттің құрылысын жақсы біледі екен. Емтиханда қандай сұрақ келсе де кірістіріп айта береді екен. «Бит − адамның және сүтқоректілердің қанын сорып тіршілік ететін ұсақ жәндіктер тобы. Оның 3 жұп келте аяқтары бар, олардың ұшында матаға немесе шашқа жабысуға бейімделген имек тырнақтары жақсы жетілген» − деп айта жөнеледі екен. Бір емтиханда қой келіп қалыпты. «Қой деген шөп жейтін, төрт аяқты жануар. Қойдың еті тәтті болады. Үстінде жүні бар. Ал жүн болған жерде бит болады» − деп биттің құрылысын айтып кетеді екен. Бір күні емтихан алатын профессор ашуы келіп, бұған жүні жоқ жануардан берейін, бір қатырайын деп студентке балықтың құрылысын береді.

Студен сәл ойланып тұрып:

-Балықтар негізінен судағы тіршілікке бейімделген жануарлар. Жүзу жағынан олар өзге жануарлардан асып түседі. Олар өкпе арқылы емес, желбезек арқылы тыныс алады. Балықтың үстінде жүн болмайды, ай бірақ жүн болғанда онда бит болатын еді деп, тағы биттің құрылысын айтып кетіпті.

***

Студент емтиханда жауап бере алмай қалады да, профессор оған:

− Амал не, сізге екілік қоюыма тура келеді, − дейді. Сонда студент:

− Онда маған асылып өлуден басқа амал жоқ, − деп, қалтасынан арқан шығара бастайды. Профессор сәл жұмсарады.

− Жарайды, тапсырмасаңыз да, үштік кояйын. Студент жайлап арқаннан тұзак жасай бастайды. Профессор қоркып кетеді.

− Жақсы, жақсы! Төрт қояйын! Студент оған назар аудармастан өз iсiн жалғастыра береді. Профессордың мүлде есi кетеді.

− Болды, болды! Мiне, саған бестік баға қойдым! − деп сынақ кітапшасын ұсынады. Осыдан кейін ғана студент

арқанын жинап, шығуға бет алады. Профессор "ух!" деп бiр дем алып:

− Арқаныңызды осында тастап кетуiңiзге болады − десе, студент:

− Жоқ тастай алмаймын, алда алi төрт емтиханым бар! − депті.

***

− Студент Алпысбаев, сіз неге мені тыңдамай отырсыз? − дейді профессор:

− Мен сізді тыңдап отырмын профессор − дейді студент.

− Олай болса менің соңғы айтқандарымды қайталаңыз.

− "Студент Алпысбаев, сіз неге мені тыңдамай отырсыз"

***

Дәрісхана. Емтихан өтіп жатыр. Профессор студенттің бағасын «үшке» көтермелеу үшін сұрақтар беріп жатыр:

− Жарайды. Айтшы, дәрістерде не жөнінде оқылды?

Студент үндемейді.

− Онда..... дәрістерді кім оқыды.Соны айтшы?

Студент үндемейді.

− Бағыт-бағдар берейін: сен немесе мен ???

***

Дәрісхана. Емтихан өтіп жатыр. Профессор студентке:

− Аты-жөніңіз кім?

Студент күлімдеп:

− Ербол Бекжанов.

Профессор:

− Сіз неге күлімдеп тұрсыз?

Студент:

− Бірінші сұраққа дұрыс жауап бергеніме ризамын.

***

Дәрісханада емтихан өтіп жатыр. Келесі бір студент келгенде профессор оның әбіржіп тұрғанын байқап:

− Сіз неге соншама әбіржіп тұрсыз? Менің сұрақтарымнан қорқасыз ба?

Студент:

− Жоқ, мен өзімнің жауаптарымнан қорқып тұрмын.

***

Математика пәнінен қабылдау емтиханы өтіп жатыр. Бірінші талапкер кіреді:

− Екі қосу екі қанша болады?

− Үш!

− Жоқ!

− Бес!

− Жоқ!

− Алты!

− Дұрыс емес! Иә.... ақымақ, бірақ ізденімпаз.... қабылдаймыз!

Екінші талапкер кіреді:

− Екі қосу екі қанша болады?

− Үш!

− Жоқ!

− Үш!

− Жоқ!

− Үш!

− Дұрыс емес! Иә.... ақымақ, бірақ бетбақ.... қабылдаймыз!

Үшінші талапкер кіреді:

− Екі қосу екі қанша болады?

− Әрине, төрт!

− Иә.... ақылды, бірақ орын жоқ!

***

Екі студент дәрісханада бақылау жұмысын орындап отыр. Бірі екіншісінен сұрап жатыр:

− Сен бәрін де шығардың ба?

− Жоқ, таза парақ өткіздім.

− Сен немене? Енді олар бір-бірінен көшірген деп ойлайды ғой ...

***

Студент сынақ тапсыруға кіреді. Профессордың алдына бір бөтелке ақ қайнар қояды.

− Енді, қанағаттанарлық...

Студент бір қорап конфетті қояды.

− Енді, жақсы...

Студент өте бір әдемі сәнді қаламды қояды.

Профессор:

− Өте жақсы, сынақ кітапшаңды әкел − деп жазып береді.

Студент:

− Жақсы, енді физиканы тапсыруға барайын − деп бәрін жиыстырып пакетке салып, дәрісханадан шығып кетіпті.

***

Екі студент кездесіп қалады. Біріншісі екіншісінен:

− Қайда асығып бара жатсын?

− Емтиханға!

− Емтиханың қай пәннен?

− Барғасын айтады ғой...

***

Физика пәні бойынша *5* бағасының сұрағы:

− Кернеуді немен өлшейміз?

Физика пәні бойынша *4* бағасының сұрағы:

− Кернеу өлшенеді:

а) Вольтметр

ә) Амперметр

Физика пәні бойынша *3* бағасының сұрағы:

− Кернеу вольметрмен өлшенеді ме?