Қиын жастар қайдан шығады?
Педагогтар, тәрбиешілер балаларды оқытып-тәрбиелеу барысында, сабақтан көп қалатын, тәртібі нашар, білім деңгейі төмен, құрбыларымен тіл табыса алмайтын, ашуланшақ, бұзақылық жасайтын, өз-өзіне қол сұғуға әрекет ететін балаларды жиі кездестіреді. Психолог мамандар мұндай оқушыларды «Қиын балалар», «Мінез-құлқында ауытқуы бар оқушылар», «Қиын тәрбиеленуші» қатарына жатқызады. Қиын бала деген кім? Қиын баланың пайда болуына не болмаса кім ықпал етеді? деген сұрақтар амалсыздан туындайды.
Ғалымдардың бірқатары қиын балалардың пайда болуын өмірдің қолайсыз және әлеуметтік-биологиялық факторларымен байланыстырады. Ата-ана тарапынан, мектеп қабырғасынан жылулық сезінбеген, мейірімділік көрмеген оқушы өмірде өзін ешкімге қажетсізбін деп есептеп, ашуланшақ, агрессивті, қатыгез болып өседі. Қиын оқушының пайда болу себептерін анықтағанда, біріншіден отбасындағы тәрбиеге, екіншіден мектептегі оқу-тәрбие мәселесіне аса көңіл бөлеміз. Өйткені, көптеген психолог ғалымдардың зерттеулеріне жүгінетін болсақ, оқушылардың мінез-құлқындағы қиындықтардың пайда болу себептерін отбасындағы дұрыс тәрбие бермеудің салдарынан болатындығын анықтады:
1) отбасының әлеуметтік және экономикалық жағдайы;
2) ата-ананың баласына немқұрайлы қарауы;
3) қараусыз қалған бала немесе шектен тыс қамқорлық.
Қазіргі кездегі жас ата-аналар өсіп келе жатқан баласын тым еркелетіп өсіріп жатыр десек те қателеспейтін шығармыз. Артық мадақтау мен шектен тыс мәпелеуде өскен бала ешқандай күш жұмсамай-ақ көзге түскісі келеді, егер мұғалім ескерту айтатын жағдайда жылай салатын әлсіз, өздігінен еш нәрсеге қол жеткізе алмайтын, ерке болып, өзбеттілігі қалыптаспаған бала болып өседі. Сонымен бірге «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп ата-бабамыз айтқандай қазіргі жастарымыздың отбасылық өмірге дайын еместігінен, немқұрайлы қарағандықтан қара көзді балалар толық емес отбасында немесе жетім балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Не анасының жылылығын, не әкесінің мейірімділігін, тәрбиесін көрмей өскен баланың психикасы жарақаттанып, қиын балалар санының қатарына қосылады. Сондықтан «Қиын бала қайдан пайда болды?» – деген сұраққа жауап бермес бұрын, отбасымыздағы ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты ретке келтіріп алғанымыз дұрыс сияқты. Алайда, бұрынғы ата-бабамыз мұра қылып қалдырып кеткен отбасындағы баланы тәрбиелеу стильдерін қайта жаңғыртатын болсақ та қателеспеген болар едік. Бұл қоғамдағы, отбасындағы көптеген мәселелердің шешілуін біраз жеңілдететіні сөзсіз деп ойлаймыз. Сонымен, балалардың мінез-құлқындағы қиындықтардың пайда болу себебі біріншіден, отбасы тәрбиесі десек, екіншіден, мектептегі оқу-тәрбие жұмысындағы кемшіліктермен сипатталады. Бала мектепке келген кезден бастап оқушы – мұғалім және оқушы-оқушы арасында қарым-қатынас қалыптаса бастайды. Бұндай қарым-қатынасты орындау оқушыға бастапқыда қиын соғады. Жалпы мектептегі мұғалімнің барлық балаларға қойылатын талаптары да көзқарастары да бірдей болуы керек. Белгілі ғалым Л.С. Выготский былай деп жазған: «Қызығушылық-бала қылығын итермелеуші күш. Баланың іс-әрекеті оның органикалық қажеттілігімен сәйкестілігін көрсететін инстинктивті ұмтылыс. Тұлғаны қандай да бір іс-әрекетке шақырғыңыз келсе, ең алдымен оның қызығушылығын тудыру қажет. Оның сол іс-әрекетке дайын екеніне және оны орындауға барлық күшін бағыттайтынына көз жеткізуге керек. Сонда ғана тұлға іс-әрекетті өз бетінше істей алады, ал мұғалім тек қана оның іс-әрекетін басқарып және бағдарлап отырады».
Бала білімінің бастапқы іргетасы бастауышта қаланатыны бәрімізге белгілі. Бастауыш сыныпта сабақтың бір элементтерін түсінбеуі оқуда қиындық тудырады, ал оқу бағдарламасы сыныптан сыныпқа ауысқан сайын күрделене береді, бұл баланың оқу үлгерімі нашарлап, сабақтан қашу, сабаққа келмеу және т.б. әрекеттері арқылы көріне бастайды. Жалпы ғалымдардың зерттеулеріне сүйенетін болсақ, бала мінез-құлқының қиындығы 6-8 сыныптарда әсіресе ұл балаларда басымырақ байқалады деген. Мінез-құлқында қиыншылығы бар оқушыларды әдетте екі топқа бөліп қарастырады. 1. Тән кемтарлығы және жан жарақаты бар оқушылар;
2. Отбасында, мектепте тәрбиелеуден шет қалған, жеке басын қалыптастыруда сыртқы кері факторлардың, әлеуметтік жағдайдың әсері болған және өтпелі кезеңнің күрделілігінен мінезі дұрыс қалыптаспаған оқушылар. Бастауыш мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің асоциальды мінез-құлықтарын, спорт, өзіндік және жеке жұмыстарды ұйымдастыру, мектепке деген ықпалды күшейту, отбасындағы белсенділікті арттыру, ұжымдағы әрекеттерге балаларды қатыстыру арқылы жеңудің әртүрлі жолдарын көрсетті. Қазіргі кезде мектепте бала өрескел қылық жасаса, тәртіпсіздік көрсетсе кінәні ата-аналар мұғалімдерден не тәрбиешінің тәрбиесі деп санайды. Тәрбиенің түп негізі бала дүниеге шыр етіп келегеннен кейін басталады. Баланы материалдық жағынан қамтамасыз етеміз деп ата-аналар күні бойы маңдай терін төгіп, жұмыс істеп, балаларының ешкімнен кем болмағанын қалайды. Алайда, қараусыз қалған балалардың елігуі тез және жаман қылықтарға да бейім келеді. Ал баласының бос уақытында не істеп жүргенін, қайда барып, немен шұғылданып жүргенін білмейтін ата-аналардың көптігі қаншама. Сонымен бірге өсіп келе жатқан жас ұрпақ сыпайылық, мейірімділік танытпай, қатігездігі байқалып жатса «Мынау менің балам ба, бұл қылықты мен үйреткен емеспін» деп таң қаламыз. «Не ексең, соны орасың» деп ата-бабамыз тегін айтпаған, балаға материалдық қажеттіліктен гөрі рухани қажеттілік аса қажет деп ойлаймыз. Жоғарыда ғалымдардың зерттеулерінде айтылып кеткендей, қиын баланың пайда болуын отбасы және мектеп тәрбиесімен байланыстырады. Сондықтан қоғам, мектеп және отбасы үйлесіп, бірігіп жұмыс істегенде ғана жұмысымыз тиімді болады. Демек, баланың жан-жақты дамыған, еліміздің көк байрағын биікке көтеретін дарынды тұлға етіп тәрбиелеу отбасынан, мектеп табалдырығын аттағаннан кейін басталады және ол баршамыздың ісіміз болмақ.