Голландияда жер тапшылығынан су үстіндегі үйлер саны көбейді
Нидерландта жер тапшылығы мәселесі қатты өршіп тұр. Мұнда 1 шаршы шақырым жерге 400-ден астам адамнан келеді екен. Сол себепті үй салу бақыты екінің біріне бұйыра бермейді. Оның үстіне ел аумағының жартысы теңіз деңгейінен төмен орналасқан. Сазды жерде құрылыс бастау қосымша қиындықтар тудырады. Алайда голландиялықтар бұл тығырықтан шығатын жолды тапқан сыңайлы. Су үстіндегі үйлер. Бір естігенде құлаққа ерсі естілетін бұл жоба бүгінде голландиялықтар арасында аса үлкен танымалдылыққа ие болып келеді. Құрылыс қалқып жүретін арнайы платформаға бекітілген. Сол себепті қайықтың көмегімен оны бір орыннан екінші орынға жылжыту еш қиындық тудырмайды. Сондай-ақ баспанаңызды кеңейтімін десеңіз де – өз еркіңіз. Ол үшін бар болғаны қосымша бөлмелері бар модульді сатып алып, жалғай салсаңыз болғаны.
Коен Олтюис, Waterstudio компаниясының негізін қалаушы: - Су үстіндегі үйлердің артықшылығы өте көп. Өйткені ол экономикалық жағынан тиімді. Сонымен қоса тұрғындар табиғатқа жақын бола алады. Және климаттың өзгеріп келе жатқанын да естен шығармауымыз керек. Себебі теңіз деңгейі көтеріліп келеді. Бұл біздің елде аса қатты байқалып тұр. Сондықтан жердегі құрылысты су басып қалу қаупі тек арта түседі. Ал мынау – Айбург. Бұл – ел астанасы Амстердамда су үстіндегі үйлер алғаш пайда болған аудан. Мұндағы құрылыс 1996 жылы басталған. Бүгінде ауданда 20 мың адам осылай тұрып жатыр. Болашақта құрылыс кеңейтіліп, тағы 45 мың тұрғын су үстіндегі баспанаға қол жеткізеді деп жоспарлануда. Бастапқыда халық бұл Эймер өзеніне кері әсерін тигізе ме деп қарсы шыққан. Сол себепті жергілікті билік 1997 жылы референдум өткізуге де мәжбүр болған екен.
Наташа Драбл, сәулетші: - Су үстіндегі үйлерді Венеция, Майами және Нью-Йоркте қолдануға болады. Ал бізде дамбалар өте көп. Соның кесірінен мұндай құрылыс біресе көтеріліп, біресе төмендеп тұрады. Бұл тұрғындар үшін аса қолайсыз емес пе?
Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Жергілікті сәулетшілер жарты ғасыр ішінде су үстінде қала салуды жоспарлап отыр. Жобада баспанадан бөлек, мектеп, дүкен, ойын-сауда орталықтары, жағажай, тіпті қорым тұрғызу да қарастырылған көрінеді.