Көзіңіз ісіп кетпеу үшін
Көздің ісіп кетуі кез-келген қыздың басында болатын мәселе екені анық. Әсіресе, керек емес кезде көздің астында қапшықтар пайда болып, көңіл-күйіңді түсіреді. Егер дәл ертең кездесу болып тұрып көзіңіз ісіп кетсе ше? Уайымдамаңыз, төменде көз ісігін кетірудің түрлі әдістерін ұсынамыз.
Көз айналасындағы тері өте нәзік келеді және бәрі теріге бірден әсер береді. Қанайналымының дұрыс жұмыс істемеуі, ылғалдың жетіспеушілігі, одан бөлек түн ішіндегі кофе , компьютердің алдындағы ұзақ отырыс, тым кеш ішілген алкоголь, сыраның салдарынан көз ісігі орын алады. Сонымен қатар ұйқысыздық, ұйқының қанбауы, дұрыс тамақтанбау, шаршау, күйзеліс, бүйрек ауруы, жүктілік кезінде де таңертең көздің ісіп тұруы ғажап емес. Кейде құрғақтықтан да көз астында қапшықтар пайда болып жатады. Сондықтан адам күніне 1,5-2 л таза су ішуге қалыптасу қажет. Алайда кеш ішілген жай судың өзі көз астында қапшық болып бірден байқалады. Сол себепті түнге қарай су ішудің қажеті шамалы.
Таңертең ұйқыңыздан тұрсаңыз, көзіңіз ісіп кеткен, ал сізде бүгін кездесу болмақ... Не істеу керек? Алдымен 15 рет отырып-тұрып денеңізді шынықтырып алыңыз. Артынша душқа кіріп контрасты душ қабылдаңыз. Біресе жылы, біресе салқын суда жуыныңыз. Осылайша сіз қанайналымның жұмысын жеделдетіп, ондағы судың қозғалысқа түсуіне ықпал етесіз. Қан мен лимфалар қозғалыста болған сайын теріден су тез шыға түседі. Бет-аузыңызды тыржитып жаттығулар жасап, бет бұлшық еттерін қимылдатуға тырысыңыз. Көздеріңізді де қозғалтуды ұмытпаңыз. Ол үшін 2 секундтай көзіңізді жұмып тұрып, кейін бақырайтып ашыңыз. Көзіңізді тезірек жыпылықтатып, қарашығын айналдырыңыз. Бұл сонымен қатар көңіл-күйіңізді де көтеріп қоймақ.
Мұздың ісік кетірудегі пайдасы ертеден белгілі. Көзіңіз жиі ісіп тұратын болса, алдын ала мұз қатырып қойыңыз. Минералды суды мұздатып қойсаңыз тіпті жақсы. Өйткені ондағы көпіршіктер микромассаж жасайды, әрі құрамындағы тұздар мен минералдар теріні қоректендіреді.
Сонымен қатар көзіңіздің астындағы ісікті тезірек кетіретін әдіс – түймедақтың, таниннің тұнбасынан компресс. Көз іскенде салқын қияр мен пакеттегі қолданылған шайдың да пайдасы мол. «Суық» суды өзіне тартып алуға көмектессе, ал қияр теріні сергітіп, шаршағанын басады. Шай болса теріні тартып, орнына келтіруде өзіндік көмек көрсетеді.
Аталмыш процедуралардан кейін көзіңіздің ісігі кетуі керек. Ұсынған кеңестер пайдаңызға жарар деген үміттеміз! Іске сәт!