БҰҚАРДЫҢ БӨГЕНБАЙ,АБЫЛАЙ,Т.Б. ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР ЕРЛІГІ БЕЙНЕЛЕ
Бұқар тұлғалаған адамдардың ішінде ерекше дәріпеле бейнеленетін хан Абылай. Ол ел тұтқас,халық қамқоры, жоқ жітіктің жоқшысы. Ол хан Абылайды жеті жасар бала шағынан, батыр болып қамал бұзып, хан тағына отырған кездерін сатылап баяндайды. Одан кейін қазақ елін басқарып, дегеніне жеткенін, елге сіңірген айтулы еңбектерін дәріптейді.
Хан Абылай атандың,
Дүниеден шықпай мініңіз,
Алтын тақтың үстінде,
Үш жүздің басын құрадың.
Жетім менен жесірге,
Ешбір жаман қылмадың
Бұқардың өлеңдерінің көбі арнау. Біраз өлеңін сол Абылайға арнайды. Абылай өлгенде ол:
Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай.
Қалыңсыз қатын құштырған ханым-ай,
... Үш жүздің басын қосқан Абылай
деп жоқтау айтып, асыра дәріптейді. Бұл арнау жыр ақынның сыртқы жауға қарсы үш жүзден құралған қолды Абылайдың басқарғандығын айтқан мадақ сөздерге толы. Оның Абылайға айтылған сөздерінде кейбір батыл сын да жоқ емес. Ол «Ей, Абылай!» атты арнауында ханның хан болғанға дейін жалшылықта жүрген, сабалақ бала кезін есіне салады. Асқан көңілін басады. Жыраудың Абылайға арнаған толғаулары: «Ханға жауап айтпасам», «Ей, Абылай, сен он бір жасында», «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым –ай», «Ал, тілімді алмасаң» және т.б.
Сонымен қатар Бұқар Бөгенбайдың өлімін хан Абылайға естіртуші жыраудың бірі. Ол батырдың тарихи рөлін жете танып, оған деген халықтың қайғысын хан қайғысына ұштастыра жырлаған. Қазақтың даңқты батырларының қатарында алып, оны даралай да білген:
Абылай ханым бұл қалай
Құлағанға ұқсайды,
Қазақтың қамал қорғаны.
Айтпасыма болмады –
Батырың өтті Бөгенбай!
Бұқар Абылай ханды да, Бөгенбай батырды да өз ортасында, басқа батырлармен бірге суреттейді. Олар бірінен бірі асып түсетін қайтпас ерлер. Солардың ішінде Бөгенбайдың тұлғасы ерекше. Бұқар жыраудың толғаулары ең мәнді де сәнді шығармалар. Оның шығармаларында Абылай хан мен оның ең сенімді батырларының бірлік бейнелері сомдап соғылған. Әр дәуір адамдары үшін қымбат, ерлік үлгілері боларлық өшпес тұлғалар.Жаяу Мұса Байжанов Бұқар жыраудың қалмаққа қарсы күресте аты шыққан Жасыбай батырдың ерліктерін толғап келгенін ескертеді. 160 жолдық бұл жырда Бұқар жырау батырдың өлімі туралы былай деп толғайды:
Кешегі өткен Жасыбай,
Көкше шақпақ тасындай.
Сууы қатты сом болат.
Өмірі өтті жасымай.
Бұқар Жасыбай туралы толғауында қазақ елінің өткені, ерлік істері, жер-мекені, ел бастаған батырлары туралы терең толғанады.