АЛТЫН ОРДА ДӘУІРІНДЕГІ МӘДЕНИЕТ ПЕН ӘДЕБИЕТ
Алтын Орда дәуiрiнде (13 — 15 ғ.) Қыпшақ даласындағы түркi халықтарының әдебиетi мен мәдениетi мүлдем жаңа сапалық дәрежеге көтерiлдi. Бұл кезде мемлекет астанасы болған Сарайшық қаласына Батыс пен Шығыстың аса көрнектi ғалымдары, сәулетшiлерi, ақындары, өнер қайраткерлерi, т.б. жиналған едi.
Алтын Орда дәуiрi әдебиетi тұсында әл-Хорезмидiң «Мұхаббат-наме», Сайф Сараидiң «Гулистан бит-турки», («Түркi тiлiндегi Гүлiстан», Құтбтың «Хосрау — Шырын», Дүрбектiң «Жүсiп — Зылиха» дастандары ерекше мәшһүр болды. Сондай-ақ, Насреддин Рабғузидiң «Қиссасул әнбия» деп аталатын прозалық шығармасы да кең тараған болатын. Қыпшақ тiлiнiң сөздiгi — «Кодекс куманикус» атты кiтап та заман талабы бойынша өмiрге келген туынды едi.
Қазақ әдебиеті тарихының ежелгi дәуiрiн танып-бiлуде тарихи тақырыпқа жазылған көркем шежiрелер де ерекше маңызды рөл атқарады. Сан ғасырлар бойы атадан балаға ауызша да, жазбаша да рухани мұра болып келе жатқан мұндай шежiрелердi қазақтың зиялы ойшылдары, ақындары мен жыраулары жақсы бiлген. Қазақ халқының тарихы мен әдебиетiне тiкелей қатысты түркi тiлiндегi осындай жәдiгерлердiң iшiнен Әбiлғазы Баһадүр ханның «Шежiре-и Түрк» («Түрiк шежiресi»), Қадырғали Жалайыридiң «Жамиғ-ат тауарих»(«Шежiрелер жинағы»), Захир әд-Дин Мұхаммед Бабырдың «Бабыр-наме»,Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашидиi» ерекше орын алады. Бұлар ежелден-ақ қазақ оқырмандары арасында тарихи тақырыпқа жазылған көркем туындылар ретiнде қабылданды. Қадым замандардағы сақтар мен ғұндардың аңыз-әфсанаға айналып кеткен ерлiк тарихынан, көк түрiктердiң ежелгi қаһармандық шежiресiнен сыр шерткен жыр-дастандар бертiн келе, қазақтың батырлық жырларының идеялық және көркемдiк тұрғыдан қалыптасуына тiкелей ықпал еттi. Ал, ислам дiнi дәуiрiнде өмiрге келген этикалық-дидактикалық мазмұндағы дастандар мен сопылық сарындағы хикметтер, моральдiк-философиялық трактаттар, ғибрат сөздер, т.б. қазақ ақын-жырауларының толғау-жырларынан өзiнiң логикалық, тарихи, көркемдiк жалғастығын тапты