Қиссас-үл әнбиядағы лұқпан хакім қиссасы
Лұқпан Хакім— шығыс халықтарының фольклорында кездесетін көркем бейне. Қазақ, өзбек, түрікмен, т.б. халықтар ертегілері мен хикаяттарында Лұқпан Хакім бейнесі жан-жақты сипатталған. Көп ізденіп, терең білім алған ол халқының қамқоршысы, әділетті, шындықты жақтап өткен жан ретінде айтылады. Лұқпан Хакім жайлы ел арасына тараған аңыздар Жиренше шешен мен Қарашаш жайлы аңыздарға өте ұқсас. Ел арасында “Лұқпан хакім мың жасапты” деген аңыз бар. Осыған орай Лұқпан Хакімнің берген жауабында: “Жақсы жандармен дидарласып, сұхбаттасқанда жасыма жас қосылады” депті. Гректің атақты мысалшысы Эзоптың Сирияда араб тіліне аударылған (12 ғ.) қырыққа жуық мысалы Лұқпан Хакім атына қатысты тараған. Түркі халықтарының ертедегі аңыздарында Лұқпан Хакім Ескендір Зұлқарнайынның кеңесшісі әрі дәрігері деп те айтылады. Шығыс аңыздарында Лұқпан Хакім бірде Йемен патшасы, кейде әулие деп аталса, енді бірде абиссиниялық құл деп айтылады. Орта ғасырдағы араб оқымыстылары Лұқпан Хакім тарихта болған адам деп жазады. Құран Кәрімнің 31-сүресі “Лұқман сүресі” деп аталған. Онда Лұқпан Хакімге шүкіршілік ету үшін даналық берілгендігі, оның пайғамбар емес дәрігер екендігі, сондай-ақ Лұқпан Хакімнің ұлына айтқан өсиеті баяндалған
Лұқпан хакім Аллаһтың әулие құлдарының бірі болумен қатар әдеппен сөйлейтін, парасат-пайымы жоғары кісі болған. Тіпті Құранда да оның мадақталған тұсы кездеседі. Дәуіт пайғамбардың тұсында өмір сүрген ол қара нәсілді құл болған екен. Алайда әдемі сөздерімен, ерекше білімдарлығымен басқалардан оқ бойы озық тұрған.
Осыны аңғарған біреу оған бір жолы:
- Мал баққан қойшы болсаң да, ел осы неліктен сенің сөзіңе құмар? - деп сұрағанда, ол:
- Өйткені мен көзімді харамға жұмдым, тым еркіне жібермей тілімді тістедім, аз тамақтандым, уәдемде тұрдым, маған қатысы жоқ нәрселерге көңіл аудармадым, - деп жауап берген екен.
Лұқпанның қожайыны бір қой сойып, соның ең жақсы жерінен кесіп әкелуін тапсырғанда, ол ойланып жатпастан сойған қойының тілі мен жүрегін кесіп әкелген екен. Қожайыны оған артынша тағы бір қой сойып, бұл жолы ең жаман екі жерін кесіп алып таста дегенде, ол тағы да ойланып жатпастан қойдың тілі мен жүрегін кесіп алып тастаған екен.
Бұған таңғалған қожайыны оның мәнісін сұрағанда, ол:
- Таза болса, тіл мен жүректен асқан жақсы нәрсе жоқ, ал арам болса, тағы да тіл мен жүректен асқан жаман нәрсе болмайды, - деп түсіндірген екен.
Одан бір күні:
- Адамдардың қайсысы білімдірек? - деп сұрағанда, ол:
- Басқалардың білімінен көбірек пайдалана отырып, өз білімін арттыра түскендер, - деп жауап берген.