АҚИҚАТ СЫЙЫ КІТАБЫНЫҢ АУДАРЫЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
«Ақиқат сыйының» түпнұсқасының фотокөшірмесі, транскрипциясы қазақ тіліне жолма-жол түрінде 1985 ж., ал кейінірек көркем түрде аударылды. Оның өлеңдерінің мақсаты – адам, оның ішкі сырын ашу, сол арқылы әлем құпиясына үңілу, Хақты тану болып табылады. Ахмед Иүгінеки (Ахмед Мұхмұдұлы Жүйнеки) – XII ғасырдың бас кезінде өмір сүрген аса көрнекті ақын, есімі кезінде бүкіл ұлан ғайыр Қарахан мемлекеті түркілеріне мәшһүр ғұлама ғалым болған.
Ахмед Иүгінекидің өмірі мен ақындық қызметі жайында мәлімет жоққа тән. Әйтсе де ақын дастанда өзі туралы кейбір деректер берген.
“Ақиқат сыйы” дастанының көне қолжазбасы табылғаны жөніндегі алғашқы мәліметті түрік ғалымы Нәжіп Асим 1906 жылы хабарлады. Қазір бізге бұл шығарманың бірнеше қолжазба нұсқасы мәлім. Солардың ішінде ең көнесі, әрі біршама толық сақталғаны Самарқан нұсқасы.
“Ақиқат сыйы” дастанын зерттеу ісіне В.В. Радлов, Т. Ковалевский, Ж. Дени сияқты шығыстанушы ғалымдар да белсене атсалысты. Өзбек ғалымы
К. Махмудов бұл дастан жөнінде аса құнды монографиялық еңбегін жариялайды. Бұл-Ахмед Иүгінеки дастаны жөніндегі ең толық, әрі сәтті шыққан зерттеу деуге болады. “Ақиқат сыйының” прозалық және поэтикалық аудармасы қазақ тілінде де жарық көрді.
“Ақиқат сыйы”- дидактикалық сарында жазылған шығарма. Дастан сюжетке құрылған емес.
“Ақиқат сыйы” дастаны өз заманының көкейтесті мәселелерін жырға арқау еткен, көркемдік дәрежесі биік, дидактикалық сарында жазылған, бүгінгі түркі тілдес халықтардың бәріне бірдей ортақ әдеби мұра болып табылады.