Көлік. Қысқа дайындық
Көлік жүргізушілерінің басым бөлігі қысқа дайындық ретінде шина ауыстырумен және әйнек жуғыштың бөшкесіне антифриз (қатқызбайтын сұйқтық) құюмен ғана шектеледі, әрі кеткенде машинаның тұмсығына картон ілінеді. Алайда бұл дайындықтың аздығын көлік сынып, жолда қалып, көтенің бүрісіп, жаураған кезде бір-ақ түсінесің. Уақытында өткізілген дайындық қаражатты, уақытты үнемдеуге, денсаулықты, ал кейбір жағдайда, бетін аулақ қылсын, өмірді сақтауға себеп болады.
Сонымен, дайындыққа көшсек: автомобильдің барлық бөлігі қысқа дайындықты қажет етеді.
1. Тежегіш (тормоз) жүйесі
Тежегіш жүйесі автомобиль қауіпсіздігін, сіздің өміріңіздің, айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндіктен дайындықты аса қажет етеді. Егер машинаны қолдан жақында сатып алсаңыз, тежегіш қаптамасын (тормозная накладка), тежегіш сұйықтығын ауыстырыңыз, негізі тежегіш сұйықтығы екі жылда бір рет немесе 60 мың шақырымнан кейін ауыстырылуы қажет. Ал сұйықтықты ауыстырғанда, тежеу жүйесіндегі ауаны шығару керектігін ұытпаңыз. Тежегіш дисктерін мұқият қарап шығыңыз, олар әбден тозып, үйкелістен туындайтын қатты қызудан жарықшақтануы да мүмкін.
Егер көлігіңізде ABS (тежегіштің сіресіп қалмауын қамтамасыз ететін жүйе), DSC (бағыттық тұрақтылық жүйесі) болса жоғарыда көрсетілген қарапайым шаралармен құтылмайсыз, компьютер диагностикасы арқылы жоғарыда аталған жүйелер жадысында тіркелген қателерді қарап шығыңыз. Егер қателер жоқ болып шықса, АВС, ДСС жүйелерінің датчиктерінің контактілерінің тұтастығын, таза екенін, олар бекітлген механизмдердің таза екендігіне көз жеткізіңіз.
2. Автобмобильдің электр жүйесі
Бұл да көп назарды қажет етеді, ал қыс кезінде электр жүйесіне назарыңызды екі есе арттырыңыз. Бірінші кезекте, қыс кезінде аккумулятор батареясының жағдайын жақсартыңыз. Аккумулятордағы электролиттің тығыздығы 1,27-1,28 г/см3 кем болмауы керек. Аккумулятордың электр сыйымдылығын (ампер/сағат) тексертіңіз, егер номиналды көрсеткішінен 30 пайыз төмен болса, аккумуляторды ауыстырған жөн, жеңіл автокөліктерде негізінен 55-75 ампер/сағаттық аккумуляторлар қолданылады.
Аккумулятор клеммаларының тұтастығын, аккумулятормен байланысатын контактлердің тазалығын қадағалаңыз.
Қыс кезінде суық моторды жылдам от алдыру үшін стартердің жағдайын тексеріп, оның электр жүйесін қамтамасыз ететін сымдарының контактлерін таза ұстаған дұрыс.
Қысқасы, электр жүйесінің барлық жағынан тексерген жөн. Машина от алғаннан кейін көлікті электр тоғымен қамтамасыз ететін генератордың жағдайын тексеріңіз. Оның щеткаларын, подшипниктерін мұқият тексеріп, қажет болса майлаңыз, не ауыстырыңыз.
Қыс кезінде, қараңғылық ерте түсетінін ұмытпаңыз, машинаның жолды жарықтандыратын электр лампаларына көп күш түскендіктен күтпеген жерде істен шығуы мүмкін, сондықтан фаралардың артық лампалары машинада болған жөн.
3. Мотор
Қақаған қыс кезінде моторға байланысты басты мәселе – оның от алуы. Бұл мәселенің айналасында миын тырнайтындар – негізінен, карбюраторлы машиналардың иелері, бірақ, инжекторлы машиналар да қырсығып қалуы мүмкін. Бұндай жағдай неге байланысты деген, миды кернеген сұраққа мүмкін үш жауап бар: бензиннің нашар булануы, аккумулятордың өлімші халі (жоғарыда қарастырдық), майдың қоюлануы. Бензиннің нашар булануына келсек, ауа температурасының төмендігіне, сіз машинаңызға қандай жанармай құятыныңызға және бензинді от камерасына бүркетін құрылғының жағдайына байланысты. Егер машинаңызда карбюратор болса оның жұмысын реттеуші –слесарьға апарып көрсетіңіз, қажет болса, карбюратордың саңылауларын қысымды ауамен тазалатыңыз, және дүкендерден ремкомплект сатып алып, ауыстыратын бөліктерін жаңартқан дұрыс, ал инжектор болса жағдайын СТО-ларда тексертіп, қажет болса, тазалатыңыз. Майдың қоюлануы да ауа температурасына байланысты. Температура төмендеген сайын май қоюланады және оның тұтқырлығы төмендейді, мотордың бөліктерінің үйкелісі артқандықтан от алуға қажетті айналым қамтамасыз етілмейді.
Бұл жағдайдан шығудың қандай жолы бар? Біріншіден жағармайды аустыруды қыстың басына белгілеңіз. Жағармайдың жүрілген жолдың қашықтығына сәйкес ауыстырылатыны белгілі, әдетте 8-10 мың км-дан кейін аустырылады, ал осы ауыстырылымдарды қыс алдында өткізсе….. Енді майдың тұтқырлығына (вязкость) келсек…. Жағармайдың тұтқырлығы – мотордың айналмалы бөліктерінің бетінде қала алу мүмкіндігі, сонымен бірге өз ағымдылығын сақтай алуы, ал осы ағымдылық температураға тікелей байланысты. Автомобиль инженерлері қоғамы (SAE) классификациясына сәйкес, майдың жарамдылығы келесі көрсеткіштермен беріледі:
10W 40
10W=майдың қыс кезіндегі тұтқырлық көрсеткіші, сан тұтқырлық көрсеткіші,
W– (“winter”, яғни “кыс”);
40= майдың жаз кезіндегі тұтқырлық көрсеткіші;
Ал қыстың күні қандай майды қолдану керек? Біріншіден Сіз тұратын аймақтың ауа райы сипатына байланысты, егер шымкенттік болсаңыз, 10W 40 тұтқырлық көрсеткіші бар майды қолдана беруге болады, бұл жағармайдың түрі -30 градусқа дейін өзінің жұмыс қасиеттерін төмендетпейді, ал солтүстік, шығыс аймақтарды ауа температурасы одан да төмен түсіп кететін кездер болады, бұл жағдайда 5W 40, 0W 40 тұтқырлық көрсеткіші бар майды қолданған дұрыс. Жағармай құрамы жағынан синтетикалық, жартылай синтетикалық және минералды майларға бөлінеді, қыс кезінде синтетикалық майларды қолданған жөн, бірақ, әр мотордың жағдайына байланысты, ал минералды май ауа температурасының ауытқауын, сууын өте ұнатпайды.
Машинанның моторын ұшқынмен қамтамасыз ететін шамдарды (свеча), оның жоғары кернеулі сымдарының дұрыстығына көз жеткізіңіз, қажет болса ауыстырыңыз.
Машина моторын, қыс кезінде, қатты аяздарда қымтаған жөн, әсіресе Ресейдің тегенедей заманауи машиналары қымтағанды қатты ұнатады, қымтау мотордың сууына кедергі болады. Ал қақаған аязда машинаға от алдыру 800 км қашықтықты жүріп өткенмен тең-мыс деген қауесеттің жаны бар екенін ескерсек, және машина аз уақытқа болсын бір сәт тоқтайтынын, 3-4 сағат үй, не офис алдында тұратынын ескерсек, көлікті қайта-қайта жылытудың қаншалықты зиянды екені туралы ойға қаласың… Ал қымтау осыған сәл де болса, жауап дегенге келесің.
4. Шина
Біз қыстыкүні көшеде кеда немесе сандалик киіп сандалып жүргендерді көрсек, көңіліміз көтеріліп, немесе байғұстарды аяйтын кезіміз болады. Машиналардың шиналарына да сондай көзқарас қажет. Себебі тиісті шиналарды маусымына сай, және техниканы дұрыс қолдану талаптарын орындай отырып, машина дөңгелектеріне кигізу – қауіпсіздік шарттарын орындаудың бір түрі. Қыстыкүні қолданатын шиналардың түрлерін: M+S (Mud+Snow — «Лай+Қар»), Winter («Қыс») немесе W. белгілері бар шиналарды қолданған жөн. Бұл жазулар бұлт, немесе қар ұшқынының пиктограммасымен бірге көрсетілуі мүмкін. AS (All Seasons — «бүкіл маусымдар») или AW (Any Weather — «ауа райының кез келген жағдайы») маркалы бүкілмаусымдық (всесезонка) шиналарды оңтүстіктен басқа аймақтарда қолданбаған дұрыс, себебі олардың қыс кезіне қажетті қасиеттері тым төмен болып келеді. Жүргізушілердің қан майдан-қырқысын туғызатын сұрағы: қандай шина жақсы, тікенекті (шиповка) ме, әлдде жабысқақ (липучка) шина ма? Бұл шиналарды қолданудың ерекшеліктері бар, тікенекті шина қар және мұз үстінде жолды жақсы ұстайды, ал жабысқақ шиналар асфальтты ұнатады. Таза асфальтта тікенекті шиналарды тежелу қасиеті төмендейді, тежелу жолы ұзарып, дөңгелектің сіресу қаупі артады. Бір қызығы тікенекті шинаға соқыр сеніммен қаайтындар асфальт үстінде осындай шиналардан мұз бен қарға қажетті қасиетті күтеді. Қысқасы, қысқы шинаны таңдап алу машинаның қандай жол жағдайында жүретініне сай болуы керек.
Кейбір жағдайда кейбір жүргізушілер машинаның жетекші дөңгелектеріне тікенекті шина кигізіп, жетектегісінде жазғы шинаны қалдырады. Бұл өте қауіпті, әр түрлі шина болғандықтан олардың тежелу коэффиценттері де әр түрлі болады, бұл жолдан ұшып кету мүмкіндігін көп арттырады.