Тамақтан уланған жағдайда
"Ауру – астан, дау – қарындастан" дегендей, улану жағдайына да көбінесе тамақ әсер етеді, яғни азық-түліктен улану көп орын алады. Адам улануына себепкер болатын тағамдар тізімінің басына балық, ет өнімлері, қалбырдағы ет және балық, сүт өнімдері, шұжық енеді. Осы өнімдер дұрыс сақталмаса не әзірлену жолы қате болса, адам ағзасы кері әсер беріп, уланады. Бұл жай басқа мезгілдерге қарағанда, жаз, қыс мезгілдерінде жиі кездеседі.
Уланғанның алғашқы белгісі (дімкәстік, жүректің айнуы) сапасыз тағам тұтынған соң 2-4 сағаттан кейін байқалады. Көп ұзамай құсу, іштің толғақ тәрізді ауырсынуы, іш өту қосылады. Дене қызуы 38-40 градусқа көтеріледі. Аталған белгілер пайда болған жағдайда, тездетіп «жедел жәрдем» шақырту керек. Улануға себеп болуы ықтимал деген астың қалдықтарын сақтап қойып, дәрігерге көрсеткен жөн.
Дәрігер жеткенше асқазанды шаю қажет. 1,5-2 л жылы су ішіп, саусақты ауызға салып, құсып тастау керек. Осылай 2-3 рет қайталауға болады.
Іш өткізетін тұзды ерітінді (0,5 құты суға 25 г күкірт қышқылды магнезия қосу) немесе 30 мл кастор майын ішуге де болады.
Астан уланғанда сұйықтықты мол ішу керек. Дұрысы – қою, қантсыз, ыстық қара шай.
Осы ем-домнан кейін науқас қалтырауы мүмкін. Сондықтан жылы оранып жату, аяқ-қолға жылытқыш басу керек.
Ет немесе балықтан уланған жағдайда, уланудан кейін 1-2 тәулік бойы түк жемеген дұрыс.
Саңырауқұлақтан, әсіресе улы саңырақұлақтан, улану өте қауіпті. Бұл жағдайда аяқасты әлсіздік, сілекей шұбыру, лоқсу, құсу, іш пен бас ауыруы, бас айналу байқалады. Тырыспа, галлюцинация, сандырақтау, көз көру қабілеті нашарлау, іш өтуі мүмкін. Бұл белгілер байқалған бойда шұғыл «жедел жәрдем» шақыртып, асқазанды жылы сумен немесе марганцовканың ақшыл ерітіндісімен жуу керек.