Бесік құпиясы
Кезінде бесік жайлы неше түрлі кертартпа әңгімелер де айтылды. Қазақ қыздарының аяғының қисық болуын, балалардың бойының тәпелтек болуын күні бойы бесікке бөленіп жатуынан деп даурыққандар да табылды. Мұның бәрі ұлттың өткенін өшіріп, тарихқа тас атуды көздегендердің тірлігі екені айқын. Соған қарамастан әлі күнге дейін бесік қолданыстан шыққан жоқ. Демек, керек. Аса қажет деген сөз.
Дегенмен кертартпа пікірлер әлі де бар. Бесікке таңып тастаудан баланың өсуі кешеуілдейді-міс. Әрі бөлеудің де машақатынан қашатындар баршылық көрінеді. Кержақ пікірге иек артқандар әлі де өз ұстанымдарынан айнығысы жоқ. Әрі көпшілікті де соған икемдеп, бесіктен безе қашуға үгіттеп әлек. Ал біз көшпелі өмір кешкен қазақ халқының аса қастерлеп ұстаған мүлкі — бесіктің қадір-қасиетін бағамдай алып жүрміз бе? Өмірге жаңа келген періште-сәбидің ақ отауы – бесіктің бүгінде халі нешік?
Шүкір, бүгінде бесік деген базарда самсап тұр. Жабуымен бе, жабусыз ба, қарағайдан жасалғаны ма, жоқ, талдан жасалғаны ма, шертіп жүріп таңдап алуға мүмкіндік мол. Әрі бағасы да аса қымбат емес. Қарапайым көпшіліктің қалтасына ауыр салмақ салмайды. Қалталылар тіпті хас шеберлерге тапсырыспен де жасатып жатыр. Елімізде бесік жасайтын зауыт жоқ. Дегенмен алтын қолды шеберлеріміз сұранысты қанағаттандырып келеді. Бір өкініштісі, бүгінде шетелдік арбалар бесігіміздің орнын баса ма деген қауіп басым. Осы теңіз асып, тау басып келген шетелдік аспа бесіктердің біршама артықшылықтарына да есі кететіндер баршылық. Бір тетігін басса, әуен ойнайды. Бірақ қазақша емес. Екінші тетігін басса, тербетіп береді. Бірақ қазақы бесік сияқты жанына қарай емес, басынан аяғына қарай тербетеді.
Дегенмен бесік сияқты баланы таза ұстайтын түбек, шүмек сияқты «памперсі», яғни артықшылығы жоқ. Осы жағынан алғанда, бесіктің алдына түсері табылмас, әрине.
Базардағы бесік саудалаушылардың айтқанынан ұққанымыз, сәбилердің ақ отауын Ташкенттен, Түркістаннан алып келеді екен. Жергілікті шеберлердікі де баршылық. Ташкенттен келетін бесіктер қызылды-жасылды бояуымен көз тартады. Ал түркістандықтардың бояуы жоқ, бірақ қазақы ою-өрнегі менмұндалап тұр. Қайсысын алып қарасаң да, кем-кетігі жоқ. Бірінен-бірі өтіп, жұтынып тұр. Бәрінен бұрын Тараздың тал бесігінің бәсі басым көрінеді. Еш уақытта да бесік саудасы тұралап көрген емес. Жылдың қай мезгілі болса да сұраныс мол. Оңтүстік өңірде қызы тұңғышын босанғанда артынан бесік жасаулап апаратын дәстүр әлі де өз мәнін жойған жоқ. «Бесік тойы» да заман ағымына қарай түрленіп, жаңа сипатқа еніп келеді. Бұл бесіктің түркі халықтарының, оның ішінде қазақ үшін ешқашан өз маңызын жоймайтындығын көрсетсе керек.
Ізәлі НАУРЫЗБАЕВ, шебер:
– Тұрмыс-тіршілігімізге байланысты бесік жасауда да көптеген жаңашылдық пайда болуда. Ата-бабаларымыз көшпенді дәуірде бесіктің екі жақтауын төртбұрышты етіп жасағаны белгілі. Бұл әлі де Шығыс, Орталық Қазақстан облыстарында сақталған. Түркі тілдес халықтардың ішінде түрікмендер, өзбектер иіп жасаған. Тербетпелі, аспа бесіктер де бар. Бұрынырақта шаңырақтың астына төрт ағашты қағып, аспа бесік жасаған. Бесіктің сылдырмақ ілетін ағашын қазір күміс, мелхиордан жасап жатырмыз. Күмістің балаға әсер ететін жаман энергияларды жоятын қасиеті бар. Осындай себептен әдейі күмістен жасауға тапсырыс беретіндер көбейді. Жуырда осындай бесікті Астанаға алып кетті. Оның бағасы 1000 АҚШ долларынан асып жығылады. Ұлттық нақыштағы неше түрлі оюлар саламыз. Сондай-ақ жабуын Қазақстанның туындай етіп тігеміз. Тартпаларына тудағы оюды саламыз. Мұндай бесіктерді тек тапсырыспен ғана жасаймыз.