Параллель формалардың кездесуі мен –сіз жалғаулы етістіктің

ХІХ ғасыр қазақ әдеби тілі грамматикасында байқалатын, нормаға түсіп ботлмаған көріністің бірі – қиысуда байқалады. Ең алдымен, осы кезеңнен бастап қазақ поэзиясында етістіктің сыпайы түрде –ңыз, -ңіз, -сыз, -сіз жалғауымен жіктеліп қолданылуы активтене бастайды. Бұл тұлғамен тек сыпайылық емес, көбінесе сыпайы көлшелік ұғымды білдірген. Сыпайы, көпше тұлғадағы етістікпен есімдіктің формалық қиысуы әрдайым орын алмайды. Мысалы, Шортанбай: Жалғанда досым сіз едің, аяй көрме ақылды-дейді. Мұнда есімдік сыпайы түрде келсе, соған қатысты етістік анайы (-ңыз аффиксін жалғамай) түрде берілген: сіз едіңіз, көрмеңіз деудің орнына сіз едің, көрме. Алмажанда да солай: асықпай тұр тоғыз би, Сізге де келер бір кезек. Мұндағы сіз есімдігі көпшелікті ғана білдіру үшін алынған, егер қазіргі нормамен берсек, сіздер асықпай тұрыңыздар болар еді. Жалғыз есімдік емес, контекст бойынша бір тұлғада қиысып келуге тиісті өзге сөздер мен етістіктің арасында тұлғалық жағынан қиыспаушылық бары байқалады. Мысалы, Сіз біл деген бала (Сіз біліңіз деудің орнына), Аузыңа харам салмаңыз (Шортанбай), бұл сөйлемнің қиыстырылған түрі: аузыңызға харам салмаңыз н/е Аузыңы харам салма болуы керек еді. Осы кезеңнен бастап ІІ жақтағы жіктеулі етістіктерге көптік жалғауын қосып қолдану фактісі орын ала бастаған: Қызмет етіп жүріңдер (Алмажан). Аузыңа харам салмаңдар (Шортанбай). Бірақ бұл өте сирек. Көпше мағына көбінесе сыпайы –ңыз/-ңіз, -сыз/-сіз аффикстері арқылы берілген. Мысалы, Шортанбай: Жақсы қылып күтіңіз дегенін бір адамға емес, көпке қарата айтып тұр. Сол сияқты: Қызықпаңыз бес күнге десе де, қызықпаңыз сөзін жекеше сыпайы мәннен гөрі, көпше мәнде жұмсап тұрғаны сезіледі. Алдыңғы дәуірлерге қарағанда, ІІ жақ бұйрық райдағы етістіктің сыпайы түрін қолдану активтеу. Мысалы, Бұхар жырау бірнеше толғауында тілеңіз, демеңіз, көнбеңіз деп келеді. Сірә, бұл тұлға сыпайылықпен қатар, көптік мәнді де қамтитын болу керек. Бұдан грамматикалық бір мағынаны белгілі бір тұлғамен білдіру нормасы жүйелі қалыпқа әлі түспегені байқалады.