Махамбет өлеңдеріндегі қырқарлану, қабырғасын сөгу, адырнасы
Махамбет сөздігінде қазірде мағыналары күңгірт н/е өзгеше болып келетін бір топ сөздердің қолданылғанын көрсетуге болады. Мысалы, қалықпан (құс атауы), ереуіл (тың ат), толағай, жетім (тұтқын), керіскен, қырқарлану (тізбектелу), зымыран, қарашы (кеңесші) және т.б. сөздер қазіргі тілімізде кемде-кем жұмсалатын, сирек келетін элементтер. Бұлардың Махамбет тіліндегі көрінісі ақынның сөз қазынасын поэтикалық талғамға салып сұрыптай білген суреткер екенін танытады. Махамбеттің сөз қолданысындағы және бір ерекшелік әдеби-көркемдеу тәсілдеріне қатысты. Мұнда ақынның өзі қосқан тың образдары қазақ поэзиясына қосқан үлесі деп айта кету керек. Бір ғана ел қамын жеген ердің, халқы үшін күрескен азаматтың образын білдіретін теңеулердің Махамбет бірнеше вариантын ұсынады. М: қалықпандай қомданып жаумен айқасу, ағыны қатты Жайықты тіземен бұзып өту, қырдан қиқу төгілу, адырнаны ала өгіздей мөңірету, темір қазық жастану, қу толағай бастану сияқты образдар соны. Бұлар Махамбет жаңалықтары.