XIX ғ. I жартысындағы жаңа әкімшілік атаулары мен сауда терм
Осы кезеңде Қазақ даласында тіл тәжірибесінің тағы бір түрі болды. Ол – қазақтың хан, сұлтан, старшындардың орыс империясының әкімшілік орындарына және бір-біріне жазысқан әр қилы сипаттғы қағаздары мен хаттарының тілі болды. Бұлар көбіне орысша прошение, уведомление, донесение деген ресми хаттар мен құжаттар. Ресми документтерді қазақтың сол тұстағы көркем әдебиеті үлгілерінен бөліп қарау керек. Өйткені, бұлар әдебиеттің өзге жанрына жатады және тілі мен стилі жағынан өзгеше. Қазақ жерінің Ресей империясына бағынуына байланысты көптеген жаңа ұғымдарды атау қажеттігі туды. Қазақтың билеуші топтарының патша патша үкіметі әкімшілік орындарымен жазысқан хат-қағаздары тілінің тағы бір ерекшелігі – оларда орыс сөздерінің едәуір қолданылғандығында. XVIII ғасырдағы қазақ көркем әдеби тілінде орыс сөздері мүлде жоққа тән болса, ресми жазба тілде ондай сөздерді кездестіреміз. Мысалы, генерал сөзі аударылмай бірде инерал, бірде жанарал, кейде гинерал деп келеді. Сондай-ақ қауалер, старшина, гаспадин, губірнатыр, палкауник, граф, пристап сөздері бар. Команда, линия, корпус, кірепіс, сиятелни сөздерін де кездестіруге болады. Сол кезде сирек қолданылған халық сөзі қазіргі қолданыстағы мағынаны білдірген. Билеуші топтың қарсы жағы ретінде қара халық деген тіркес қолданылған. Осы сияқты бірқыдыру терминделген сөздердің қатарына харакат – поведение, поступки, аскер – войско, саудагер – купец, мал – товар, елші – посланец, депутат, баж – налог, аманат – заложник деген сөздер де жатады.