Көне қыпшақтық элементтер қандай шығармаларда кездеседі, мыс

Түркі халықтары тіршілігі мен мәдениетінің көне (V-VIII ғ.) дәуірінен кейінгі ортағасырлық кезеңінде, оның ішінде X-XII ғасырларда Қараханидтер мемлекеті өмір сүрді. Қараханидтер династиясы кезінде Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі халықтардың ана тілі мен әдебиеті өркендеді. Бұл кезде қыпшақ, оғыз, қарлұқ және ұйғыр халықтарының тілдері негізінде араб графикасындағы түркі жазуы қалыптасты, ескерткіштер дүниеге келді. Ол ескерткіштер: «Құдадғу білік» (XI), Махмұд Қашқаридың «Диван лұғат ит-түрік» (XI) атты еңбегі, Иүгінекидің «һибатул хакайик» атты шығармасы. Осылармен қоса XII-XVI ғасырлардағы Рабғузидің «Қысас ул-анбие», Абу Хаййаның «Китаб ал-идрак ли-лисан ал-атрак» шығармасы, Құтбтың «Хосрау уа Шырыны», Хорезмидің «Мухаббатнаме» атты поэмалары жатады. Бұлардың бәрі араб әрпімен жазылып сақталған жәдігерлер. Солардың бірі «Оғызнаме» эпосын қазақ зерттеушілері, оның ішінде Қ. Өмірәлиев жан-жақты зерттеп, қазақ тіліне аударып, жан-жақты (жанрлық, стильдік жағынан, бастау формуласынан) талдай келіп, түрік тіліне телімейді. Н. Келімбетов те оғыз-қыпшақ диалектілерінің басым екендігін айтады. 13 мың жолдан тұратын «Құдатғу білік» туралы да әр ғалым түрліше пікір айтады. Дастан – түркі жазба әдеби тілінде жазылған тұңғыш көркем шығарма. Соның ішінде шығарманы тұңғыш қазақ тіліне аударушы, әдебиеттанушы ғалым А. Егеубаевтың пікірі құнды болып табылады. Махмұд Қашқаридың «диван лұғат ат-түрік» атты еңбегінен, Ахмед Игүнекидің «һибат ул-хақайық» («Ақиқат сыйы»), Қожа Ахмет Иассауидің «Хикметінен» де қыпшақтық элементтер кездеседі деп есептейтін ғалымдар бар. Дүрбектің «Жүсіп-Зылихасы», Сәйф Сараидың «Гүлстаны», «Мухаббатнамасын» нағыз қыпшақтық элементтерден құрлаған деген пікірлер жиі айтылады. Бұл шығармаларда авара қыл (әуре қыл), ат қоймақ (ат қою), күні тоғды (күн туды), бойнын үзді (өлтірді), йаман ат (жаманат), қадғу йұтты (қайғы жұтты), сүччік тілліг (тәтті тілді) чічәктек солду (гүлдей солды) деген тіркестер жиі ұшырасады. Әр ғалым, әр зерттеуші өзінше пікір айтқанымен де аталған шығармалар жалпы түркі халықтарына ортақ мұра екендігі даусыз. Ал анық нәтижені болашақтан күтеміз.