XVIII ғ. Қазақ поэзиясы тіліндегі әдеби-көркемдеуіш тәсілдер

Қазақ поэзиясының ертеден келе жатқан толғау жанрына, негізінен жыраулар мектебінің үлгілеріне тән әдеби тәсілдердің бірі – параллелизм. Параллелизм, әдетте, көп сөзділікті қажет етеді. Негізгі айтпақ ойға жеткенше жүргізілетін параллельдер тақырыптан тыс әңгімеге орын береді. Әдебиеттің бұл белгісі XVIII ғ. үлгілерінің тіліне тән. Мысалы, Бұхар «уақытым кетті басымнан» деген ойды айту үшін, құбылып тұрған бәйшешектің солған соң қурай болатынын, екі қанаты талғанда бүркіттің төмендейтінін, қайраты кеміп, «уақыты толғанда» ханның қасынан қарашысының қашатынын – қысқасы, айтар идеяға параллель түсетін көп жайттардың басын шалады. Сондықтан бір шығарманың ішінде лексикалық мағынасы бір-бірінен қашық сөздер кездесетіндігі бұл кезеңнің әдбиетіне тән нәрсе. Бұл тәсіл қанша көпсөзділікке әкелгенмен, ол сөздер белгілі бір образдардың айналасында болғандықтан, толғаулардың сөз байлығы орасан мол деуге болмайды. Бұл образдар көбінесе айналадағы табиғат пен қоғам тіршілігінен алынған соң, сөз саны қанша көп болғанымен, олардың түрлілігі (әр алуан мағынадағы сөздер болып келуі) әлі де шағын. Бұл кезеңде образдардың дені айналаны қоршаған болмыстан, қоғамның өз тіршілігінен алынды. Метафораның да мазмұны өзгере бастады. Енді абстракт ұғымдар метафораланып, олардың қарсысында нақтылы заттар тұрды. XVIII ғасыр әдебиетінде өткен дәуірлермен салыстырғанда, жалпылықтан гөрі нақтылық басым, бұл әсіресе ақындар творчествосында көзге түседі. XVIII ғасыр қазақ поэзиясының негізгі-негізгі көркемдік тәсілдерді пайдалану жайы осындай, бұл белгілер сол тұстағы әдеби тілдің сипатын білдіруде белгілі рөл атқарды.