Ауызша әдеби тілдің ауыз әдебиетімен ұсастықтары мен айырмаш
Айырмашылықтары:
1. Халық ауыз әдебиеті авторсыз дүние екені мәлім, ал ақын-жыраулар творчествосы иелері бар мұралар. Ең маңыздысы, әр автордың шығармалары өзінің құрылым бітімі, мазмұны, идеясы, кқркемдеу тәсілдері жағынан бір бірінен ажыратылып тұрады.
2. Халық ауыз әдебиеті тіліне, әсіресе оның эпос сияқты кесек шығармаларына көптеген дәстүрлі образдар, бір шығармадан екіншілеріне көшіп отыратын дайын қалыптар, жеке сөздер мен фразеологизмдер ортақ болып келеді, олар бірінен бірі ауысып та жүреді. Ал ақын-жыраулар тілінде мұндай ортақ элементтер фольклорға қарағанда кемдеу кездеседі, бірақ олар мұнда да бар. Бар болу себебі мынада: біріншіден, ақын-жыраулар тілінің негізгі көзі – ауыз әдебиеті тілі, соның лексикалық-образдық қазынасы. Екіншіден, авторлы әдебиеттің ауызша таралып, ауызша сақталуының нәтижесінде әр алуан қоспалардың болуы әбден ықтимал.
3. Ақын мен жырау поэзиясында уақыт пен мекенге қарай нақтылық, адамның ішкі дүниесін суреттеушілік, лиризм сарыны фольклорға қарағанда, күшейе түседі.
4. Әрбір ақын немесе жыраудың қабілетіне орай өлең-жыр шығарушылық ерекшелігі өлең техникасына шым-шымдап жаңалықтар, даралықтар қосады, яғни авторлы поэзия ұйқас таңдау, синтаксистік және ырғақтық топтарды пайдалану сияқты салаларда ауыз әдебиеті тілі шеңберінен шығып кетеді.
Ұқсастықтары:
1. Ең басты ортақ белгі – екеуінің де ауызша таралып, ауызша сақталуында.Осының салдарынан заман озған сайын олардың текстері біртіндеп . “редакцияланып” , там-тұмдап жаңғыртылып отыру фактісі бар.
2. Қазақ ақын-жыраулары тілінің қайнар көзі мен сөз мүсінін жасайтын қалыбы – ертеден келе жатқан ауыз әдебиеті тілі болғандықтан, кейбір суреттей құралдары жағынан бұлар ұқсас түседі. Оның үстіне ауыз әдебиетінің эпос сияқты қомақты дүниелерін тудырушылар немесе оларды сақтап таратушылар, бір жағынан, жыраулар болғандықтан, қазақ сөз өнерінің барша көркемдік қоймасы әрдайым олардың жадында сақталып, ауыздарына оралып тұратындығы да ақын-жыраулар туындылары мен фольклор тілдерін жақындастыратын себептердің бірінен табылады.
3. Айтыстарда кейбір тұрмыс-салт жырларында, жырау толғауларында орын алатын қолма-қол суырып салмалық тәсілі ақын-жыраулар тілін халық поэзиясы дәстүрімен берік байланыстырады, өйткені импровизация табиғаты табан аузында тауып айтуға дайын штамптарды қол көреді.
Осындай өзгешеліктері мен ұқсастықтарын есептей келе , қазақтың авторлы әдебиетін “халық ауыз әдебиеті” деп емес, профессионал әдебиет деп, ақын-жырауларды “өлеңшілер” деп емес, профессионал қаламгерлер деп тануымыз керек.