19 ғ. 2-ші жартысындағы қазақ поэзиясы тілі қалай дамыды? Ос
Сөз болып отырған кезеңде қазақ әдебиетінің жанрлары көбейіп, түрлене түскеніне, соған орай жазба тілдің жаңа стильдері пайда болғанына қарамастан, әдебиеттің поэзия жанры қазақ тілінің даму барысында басым сала болып қала берді. Бұған бір жағынан, сан ғасыр бойы күшті дамып келген бұрынғы қазақ поэзиясы дәстүрінің әрі қалай ұласа бергендігі негіз болса, екінші жағынан, осы кезеңде жаңа реалистік әдебиет туып, оның да негізгі жанры болып поэзия, яғни ұлы Абай творчествосы тұрғандығы себепкер болды. Шортанбай, Мұрат, Жанақ, Марабайлардан бастап, Сүйінбай, Мұсабай, Орынбай, Шөже, Кемпірбай, Ақтан, Бала Ораз, Арыстан, Сары , Базар, Біржан, Жаяу Мұса, Майлықожа, Мәделіқожа сияқты байырғы дәстүрді әрі қарай жалғастырған, туындыларын көбінесе ауызша таратқан ақындар мен жырау-жыршы типіндегі сөзгерлерден басқа байырғы поэзия дәстүрін жазба әдебиетке жалғастырған Ыбырай Алтынсарин, Шәңгерей Бөкеев, Әбубәкір Кердері, Нұржан Наушабаев, Ақан сері Қорамсаұлы, Ақылбай, Мағауия Құнанбаевтар сияқты ақындар да болды. Сондай-ақ аттары аса алысқа жайылмағанмен, әлеуметтік үндері болған Нысанбай, Досқожа, Қашқымбай, Досжан, Қашаған, Құлмамбет, Қубала,Күдері т.б. тәрізді ақындар да сөз өнерінде, көркем тіл әлемінде орын алды. Ақындық ауқымдары әр дәрежеде болғанмен, бұлардың баршасы қазақтың ауызша дамып келген әдеби тіл үлгісін әрі қарай дамытушылар болды. Бірақ бұл дәуірде қазақтың бұрынғы поэтикалық мектебі өзгеріссіз қалмады. Ақындар шығармашылығының тақырып аясы да, мазмұны да, жырлау стильдері де өзгеріске ұшырады. Ең алдымен, ендігі ақындарда шындық суреті, нақтылық басым. Бұл кезеңде портреттер мен өлеңдер, енді-енді көріне бастаған пейзаждық өлеңдер молынан орын алады. Мысалы, осы кезең ақындары “жақсы қатын”, “жаман қатын” туралы өз бағасын өлеңмен білдіргенде, сол қатын айналысатын қазан-ошақ, үй ішінің нақты суреттерін береді. Ақан серінің осы тақырыптас өлеңдерінде “құман жатыр күл болып домаланып”, “күлде жатқан қалашты жеңмен сүртіп”, “ жаулығы желкесіне қашар кетіп”, “тұзы жоқ көжесінің төгіп-шашып” сияқты жолдаркездеседі. Бұл - әдеби тілдің сөздік қазынасына көптеген лексикалық топтардың молынан ене бастауы деген сөз.Екіншіден, аталған ақындардың біразы жеке туындылармен қатар , айтыс өлеңдерінің иелері. Ал бұл кездегі айтыс – тұрмыс-салттық тақырып шеңберінен шығып, әлеуметтік мотивтерге де барған жанр. Демек, бұл – айтыстардың сөз байлығы да, көркемдеуіш құралдары да, тіпті көлемі де өзгерді деген сөз.Үшіншіден, бұл кезеңдегі ақындардың бірқатары әралуан эпикалық шығармаларды тудырушылар және таратушылар. Мысалы, Сүйінбайдың қырғыздың “Манасын ”, шығыстың “Шахнама”, “Тотының тоқсан тарауы”, “Көрұғлы” сияқты жырларын ел арасына таратуда еңбегі зор болған. Жанақ пен Шөжелер “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының өз варианттарын ұсынған. Төртіншіден, тағы бір сипатты белгілердің бірі – бұл кездегі қазақ ақындарының дені мұсылманша, кейбіреулері әрәі орысша сауатты болады. Шортанбай, Мұрат, Базар, Майлықожа, Мәделіқожа, Қашағандар мұсылманша жақсы сауатты, араб, парсы, түркі тілдерінен хабарлары бар сөз шеберлері болса, Ыбырай, Шәңгерей, Ақандар мұнымен қатар орысша да сауатты болды. Бқл жайт аталған ақындардың шығармашылығына да, олардың тілдеріне де үлкен ықпалын тигізді. Өткен ғасырдың 2-ші жартысындағы қазақ ақындарының тілінде бұрынғы ақын-жырауларда да, халықтың сөйлеу тілінде де қолданылмаған бірсыпыра араб-парсы сөздері орын алған. Мысалы, Ақан серіде: натараккі, тағырып, сарби зат, кәстәран, мақбубт.б. Шәңгерейде: қилап, өршат, ғарапат, ықырам т.б. Тіпті бұрынғы қазақ көркем тілінің дәстүр-тәртіптерін берік ұстаған Шортанбай, Майлықожа сияқты ақындардың өзі бейтаныс арабизм-фарцизмдерді мол қолданбаса да, тілге ене бастағандарын актив пайдалану бағытын ұстаған. Мысалы, Майлықожа гаухар, жахан, пайым, насихат, мехнат сияқты сөздерді еркін және жиі қолданған. Орыс сөздерін, образдарын еркінірек, молынан қолдану Абайдың шәкірттері – Мағауия, Ақылбайларда айтарлықтай сезіледі. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде қисса аталатын көркем әдебиет жанры туып, дамыды. Б.Әбдіқасымов: “Қисса – алғашқы кезде шығыс әдебиетіндегі сюжеттерге құрылған, оқиғалы поэтикалық шығармалар аталса, кейін бұл термин баспа бетін көрген, өлеңмен жазылған дүниелердің бәріне телінген ” – деп дұрыс келтіреді. 19 ғасырдың екінші жартысында туған кқркем әдебиет жанры – қисса. өзге жанрлардан ерекшелігі, біріншіден, сюжетті, оқиғалы, көлемді шығарма болулары, екінші, тақырыбы мен сюжеті араб, парсы, түркі тілдерінде жарияланған үлгілерден алынғандықтары, үшіншіден, тілдерінде, әсіресе грамматикалық тұлға-тәсілдеріндешағатайлық, ескі қазақтық жазба дәстүр элементтерінің қатысуы болып табылады, төртінші белгісі ретінде, қисса жанрының жазба дүниелер екендігі. Қиссалардың “кітаби тілдік” белгілерін топтастырып талдағанда мынадай: 1. Лексика саласында. Қазақ тілінде баламасы бар сөздердің орнына араб, парсы, шағатай, яғни көне түркі, оғұз, қарлұқ сөздерін қолдану: нәма, құртқа, біту, нәмә біту, рауан болу, тармар қылу, баднама, ағлам қылу, шул деген сөз тұлғалары қазақша емес.2.Грамматика саласында. Қазақ тілі морфологтясына тән емес, көне-жаңа “түркілік” тұлғалар мен тәсілдерді қолдану:а)есімдіктердің септелу парадигмасы шағатайша: аның, аны, менім, менге, сенге, екісі;ә)етістік тұлғаларында: өткен шақ есімшенің –ған жұрнақты формасының орнына оғұздық –мыш аффиксті варианты келеді: бармыш, көрінміш; бұйрық рай: -ғыл\-қыл, -ың\-ің жұрнақтарымен де көрінеді;ауыспалы осы шақ –ғай\-гей жұрнағымен беріледі; етістіктің жіктелу парадигмасында қазақша емес тұлғалар кездеседі;б) мен, менен жалғау-шылауы формантының орнына бірлән\бірлә\білә\илә\илән тұлғалары жиі қолданады;керексе, йоғса тұлғалары да орын алады.3. Емле саласында. Қисса “түркіше ” емле тәртібін мейлінше сақтап жазуға тырысқан: сөз басында Ж дыбысы келетін орындарда көбіне й таңбасы жазылған, с-ш, ш-ч, п-м алмасулары жиі ұшырасад:тышқары, қаршылық, аспан көк, үчүн, чақлы. Ең үлкен орфограммалық ерекшелік сөздерге қосымшалар жалғанғанда қазақ тіліне тән үндестік заңдарын сақтамауда көзге түседі:бізлер, білгенімні, тынмай, келіплі т.б.