Ұлттық қалыптасу дәуірінде қазақша ғылыми-көпшілік стильдің

Өткен ғасырдың ІІ жартысында қазақ тілінде көпшілікке арналып, жалпы ғылым-білімінен де, кейбір ғылым салаларынан да мәлімет беретін, баяндайтын, түсіндіретін, насихаттайтын сипаттағы әдебиет жанры пайда болды. Зерттеуші Б. Әбілқасымов мұндай әдебиеттің тұңғым үлгісі деп Н. И. Ильминскийдің «Самоучитель русской грамоты для киргизов» деген кітабының соңында берілген қазақша үлгілерді атайды. Ол текстер география, тарих, табиғаттану салаларынан мағлұмат береді. Бұл стиль үлгілерін шағын мақалалар түрінде сол кезеңдегі қазақша мерзімді баспасөз беттерінен табамыз. Медицина, ветеринария, шаруашылық мәселелеріне арналған жеке кітапшалар да жанры жағынан көрсетілген әдебиетке жатады. Бұл әдебиеттің алдында хат танитындар арқылы қалың көпшілікке білім-ғылымның әр саласынан хабар беру және соны сол кездегі жұрттың сауаттылығы, білім дәрежесімен санасып, түсінікті, жеңіл, «жалпақ» тілмен білдіру маұсаты тұрды. «Оқұмұстардың айтқан сөздері қандай анық, қандай түсүнүктү, көптүрмей, семдірмей, дұрұсұн түсүндүреді де қойады, оқұудың байдасы бұ» деп жанр авторларының бірі жазғанындай, өздері де ғылыми шындықты біршама дәл беруді және түсінікті етіп баяндауды көздейді. Қазақ тіліндегі алғашқы ғылыми көпшілік қолды әдебиеттің осы мақсаты оның тілі мен стиліне мейлінше әсер етті: мұнда баяндаумен қатар, түсіндіру сипаты кең орын алады. Мұны осы үлгідегі әдебиеттің стильдік белгісінің бірі деп тануға болады. Қазақ тіліндегі жартылай ғылыми-көпшілік әдебиет өзінің қалыптаса бастаған кезінен-ақ өзге жазба стильдерге қарағанда бірден «қазақы» сипат ала дамыды деуге болады, яғни оның лексика-грамматикалық құрылымы қазақ тіліне негізделді. Бұл стильдегі үлгілер қазақ түсінігіне бейтаныс ғылым-білім ұғымдарын атауда көбінесе қазақ сөздеріне жүгінеді немесе орысша түрін алады. Тіпті осы күнгі километр, поезд, фунт деп орысша түрінде атап жүрген есімдер қазақша шақырым, от арба, қадақ деп беріледі. Тек атаулар ғана емес, жалпы баяндау үстінде қолданылатын етсітік, үстеу, сын есім, тіпті шылауларға дейін қазақ тілі қорынан алынып жұмсалған. Осы стильде әсіресе қазақша шылауларды қолдану активтенген. Бірыңғай мүшелер мен құрмалас сөйлем компоненттерін бірақ, себебі, не үшін десеңіз, неге десеңіз деген жалғаулықтар арқылы байланыстыру едәуір жүйелі түрде іске асырылды. Сонымен қатар түркі жазба дәстүріне тән уа, уа һәм, лекин, жалғаулықтары да қолданылды. Бұлар көбіне баспасөз беттеріндегі текстер мен араб әрпімен шыққан кітапшалар тілінде кездеседі.