Ауызша әдеби тілдің лексика-семантикалық сипаты .Ауыз әд

Қазақтың әдеби тілі қалыптасу және дамуы жағынан көптеген дәуірді бастан өткізді. Әдеби тіл әбден зерттеліп, тексеріліп, ғылыми жағынан айқындалып жете қойды деп айтуға болмайды. Әдеби тіл – бүкіл қазақ халқының мәдени мұрасы. Әдеби тілді жасауға бүкіл қазақ халқы, оның алдыңғы қатарлы мәдениет қайраткерлері көптен бері ат салысты. Өйткені әдеби тіл бүкіл қазақ халқын біріктіруші, ұйымдастырушы, іске, еңбекке, ерлікке жұмылдырушы, ілгері бастаушы ең өткір құралдың бірі. Олай дейтін себебіміз – әдеби тіл қазақ мәдениеті өсіп, өнуіне жетекші болған, өнерге ұмтылуына қажет болған құралдың бірі. «Әдеби тіл дегеніміз – белгілі тарихи жағдайларға байланысты, кезеңдерге байланысты жасалған жасанды нәрсе. Нақтылы әдеби тіл дегеніміз – көркем әдебиеттің тілі ғана емес, ол ғылымның барлық саласын қамтиды, халыққа өнер – білім беретін, тәлім – тәрбие үйрететін баспасөздің тілі. Көркем әдебиеттің тілі – сол кең мағынадағы әдеби тілдің саласы ғана. Р. Сыздықова өзінің «ХІІІ – ХІХ ғасыр қазақ әдеби тілінің тарихы» деп аталатын құнды еңбегінде әдеби тілдің барлық дәуірлерін сөз етпей, тек екі ғасырға, әдеби тіл тарихы үшін мәні де, маңызы да зор ХІІІ – ХІХ ғасырлардағы арнайы тоқталып, нақтылы материалдар негізінде әр дәуірдің әдеби тіліне тән сипатын, лексикалық, грамматикалық, стильдік ерекшеліктерін анықтауға көңіл бөледі. Автор ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталатын қазақтың төл жазба әдеби тіліне дейін оның ауызша тараған әдеби тіл болды деген пікірді ортаға салады. Р. Сыздықова «Ашып алар жайыттар көп» атты мақаласында мынадай қортындыға келеді: «Сөйтіп, қазақтың тілі: ауыз әдеби тілі, жазба алдындағы әдеби тілі, жазба әдеби тілі деген түрлерге бөлінеді». Ол ХІХ ғасырдың екінші жартысын жалпы қазақ әдеби тілінің емес, қазіргі әдеби тілдің басы деп есептейді. Сөйтіп, Р. Сыздықова әдеби тілді үш топқа бөліп қарайды:
1. Ауыз әдеби тілі;
2. Жазба алдындағы әдеби тіл;
3. Жазба әдеби тілі. Көп жылдар фольклор тілімен шұғылданып келе жатқан Е. Жұбанов халық ауыз әдебиеті шығармаларының тілін ауызекі әдеби тілге жатқызды. Қазіргі әдеби тіліміздің екі түрі бар екенін зерттеушілер мойындап жүр. Оның бірі жазба әдеби тілде, екіншісі әдеби тілдің ауызекі сөйлеу түрі. Бірақ олардың пайда болуы генезистік арналарына келгенде ғалымдардың пікірі түйіспейді. М.Балақаев әдеби тілдің ауызекі сөйлеу түрі тек жазба әдебиетімен байланысты пайда болды десе, «қазақ әдеби тілінің қалыптасуы тарихымен даму жолдары» деген еңбектегі беташар кіріспе мақаланы жазған редакция алқасының мүшелері: «әдеби тіл, бір қырынан алып қарағанда, жазба тілге тәуелді болса, екінші жағынан одан дербес бағытта қалыптасады, өз бетімен дамиды». Сондықтан қазақ әдеби тілінің тарихын тек қазақ баспасөзінің шығу тарихына келіп қараудың қажеті жоқ сияқты деп жазады.