Маржан Арапбаева: Армандар орындалады
Бүгін қазақ эстрадасының танымал әншісі Маржан Арапбаева "Жұлдыз FМ" радиосында қонақта болып, Маssaget.kz сайтына да ат басын бұрған болатын. Назарларыңызға әншінің өмірі, алдағы шығармашылық жұмыстары жайында өткен сұхбатымызды ұсынамыз.
− Маржан, қош келдіңіз! Қызыңыздың бауы берік болсын! Қызыңыздың есімі кім деп қойдыңыздар?
− Қызымыздың есімі – Айлин. Әкесі екеуміз қойдық. «Айлин» - қазақша ай ханшайымы деген мағынаны білдіреді. Мұны көпшілігі түріктің есімі ғой деп жатады. Алайда бұл мұсылман елдеріне тән есім. Сондықтан қазақ, түрік, араб, татар елдерінде бар есім. Тек түрік халқында бұл есім көп қойылады.
− Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтартар бар?
− Басты жаңалығым 4 жаңа әнім жарыққа шықты. Оның бірі кішкентай балаларға арналған «Туған күн» әні, екіншісі – туыс-бауыр, жақын жандарың бар кезде биік шыңдарға жетесін деген мағынадағы «Жасасын Өмір» әні, үшіншісі - «Айтқан сөзің» деген сезім, махаббат жайындағы ән, төртіншісі - «Сүйемін» әні. Бұл махаббат жайында емес, өмірді сүю, иөмірге деген құлшыныс жайындағы ән. Тағы бір жаңалығым, музыкалық продюсері болып жүрген «Z» тобында жаңа тағы екі ән жазылды. Әннің авторы өзім. Әндер «Биле», «Базар жоқ» деп аталады. Кеше ғана Алишер Каримовтың концертінде тұсаукесері өтті.
− Жаңа бейнебаяныңызды қашан көре аламыз?
− Алда бұйыртса қаңтар айында бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмыз. Келісіп те қойдық. Алайда нақты қай ән екенін айта алмаймын. Бірақ халық қабылдап, ұнатқан әнінің біріне түсіремін.
− Шығармашылық кешіңізді қашан бересіз?
− Жеке ән кешімді келер жылы өткізуді жоспарлап отырмын. Алайда Астана қаласында тұратындықтан, ең бірінші Астана қаласында өткізсем деген ой бар. Концерттің бір ерекшелігі әндерім жанды дауыспен айтылатын болады.
− Ал Алматы қаласына концертіңізбен қашан келесіз?
− Әрине, Алматы қаласында да шығармашылық кешімді беру ойда бар. Алайда бұл алдағы жоспарлардың бірі болғандықтан, нақты қазір шешім айту қиын.
− Дайындап жүрген шәкіртіңіз бар ма?
− Шәкірт дайындаймын деп айта алмаймын. Алайда келіп көмек сұраған жастарға көмектесіп, өз кеңесімді беремін.
− Әндерімнің 90%-ға жуығының әнін өзім жазғанмын дедіңіз. Ән қоржыныңызда өзге сазгерлердің де әндері бар ма? Ал әннің мәтінін кімге жаздырасыз?
− Мен бәрін емес, көпшілігін ғана өзім жазғанмын. Сондықтан өзге сазгерлердің де әндері бар. Ән мәтінін көбінесе Әбдірахман Асылбеков, Мирас Әбіл, Ринат Зайытов, Қанат Жүнісов, Айнұр Тұрсынбаева секілді ақындарымыз жазған.
− Отбасыңыз жайында айтсаңыз?
− Отбасым өте керемет, Аллаға шүкір! Ең әуелі күйеуіме өте ризамын. Екеуміздің бірге тұрғанымызға бес жыл болды. Алайда осы бес жылда маған бірде-бір рет дауыс көтеріп, мені ренжіткен емес. Менің өнерімді бағалап, түсінді. Енем де солай маған түсіністікпен қарады. Ол кісі қаншама жыл мектепте еңбек еткен адам. Халқымыз «келін енесінің топырағынан екен» деп жатады ғой, бізде де сондай. Бір-бірімізге іс-қимылымыз ғана емес, түр-әлпетіміз де қатты ұқсайды. Тіпті кейде тойларға барғанда туған анаң ба деп жатады. Анам өте белсенді жан. Оның қасында менікі жай нәрсе болып қалады.
− Жұбайыңыз туралы кеңінен тоқталасыз ба?
− Жұбайым Тараз қаласының тумасы. 1982 жылы туылған, менен 4 жас кішілігі бар. Бір үйдің жалғыз баласы. Қазір жеке кәсіппен айналысады. Әкесі қаншама жыл мектеп директоры болып қызмет еткен. Анасы ағылшын пәнінің мұғалімі. Жұбайымды қатты құрметтеймін. Оның бойында ер кісіге тән мінезі бар. Яғни өте салмақты, сабырлы, түсінігі мол жан. Бойындағы тағы бір ерекше қасиеті адамгершілігі мол және мені үнемі сабырлыққа шақырып отырады. Маған ешқашан өнерді таста, өлең айтпа деп тыйым салған емес. Бұл оның өнерді бағалап, құрметтегені деп білемін. Жалпы мен өз адамымды кезіктірдім. Жарымды мақтан тұтамын!
− Сахнамен қатар үй шаруаларына қалай үлгеріп жүрсіз?
− Бәріне бірдей үлгеру мүмкін емес. Сол себепті үйге қарайтын және кішкентай қызыма қарайтын күтушілер, қызметшілер бар. Алайда бос уақытта үй шаруасымен өзім айналысқанды жақсы көремін.
− Үлкен қызыңыз өсіп қалды. Жалпы неге бейімі бар? Өзіңіз секілді әнші боламын демей ме?
− Қызым өте талантты. Қазір 4-сыныпта оқиды. Сурет салғанды, ән айтқанды, билегенді, қолөнермен айналысқанды жақсы көреді. Жалпы өнерге жақын. Алайда мен қызымның өзі сүйген, ұнатқан мамандығының өз маманы болса екен деймін. Қызым бұл жолда қандай шешім қабылдаса, мен сонымен 100% келісемін. Осы жақында ғана қызым Еуропаға барып, математика пәнінен 3-орын алып бәрімізді бір қуантып қойды.
− Жаңадан бой түзеп келе жатқан бойжеткен қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?
− Жалпы қазақ қызы табиғатынан ұяң. Бір істі бастап істемек түгілі айтуға қысылады. Алайда қазіргі жағдайда мұндайды дұрыс деп санамаймын. Себебі заман талабы мүлде басқа. Сол себепті қыздардың пысық, еті тірі болғанын қалаймын. Бұл бәрін қойып елдің алдына түсу деген сөз емес әрине, бұл өз ісіне тиянақты, жауапты, өз жолын дұрыс таңдай білетін, ерінбей ізденісте болатын қыздар туралы. Адам нені көп ойласа, сол орындалады. Сол себепті үнемі жақсы ойлар ойлап, соны іштей орындалуын тілеп жүру керек. Ең бастысы армандар орындалатынына сенім арта білу керек.
− Алдымызда 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні мерекесі келе жатыр. Елге айтар тілегіңіз?
− Келе жатқан Тәуелсіздік күнімен барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын! Бұл мерекені құрметтеп, бағалай білейік! Қазақстан байлығы мол ел. Сол себепті әрбір қазақ азаматы мен жерге, туыс-бауырға баймын деп және өзіне үлкен сеніммен қарауы керек. Елде болып жатқан істің барлығын жақсылыққа жорамалдап, ешқашан еңселерін түсірмесін! Ешқашан еңбек етуден шаршамасын! Елімізде тыныштық болсын! Осы күніміздің өзін бағалай білейік!