Шешендік сөздер
АСУСЫЗ ТАУҒА КЕЗ БОЛДЫМ
Байдалы көп жасап қартайып, көз жанары кеміп жүруден қалған кезінде Қарқаралыға билік айтып жүрген Мерке деген адам болады. Көпті көрген, атағы шыққан, ескі адам деп естіп Байдалы сәлем айтып, бір кісі жібереді. Сәлемінде: «Аты аталған адамды білерлік адам деп естимін. Мен төрт түрлі дертке ұшырап қалдым, бұған ем тауып берері бар ма екен, айтып келші»,— депті. Жіберген адам барса, Мерке алқа-қотан жиналған топтың ортасында отыр екен, Тапсырған жұмысын айтқаннан кейін, Мерке отырып «Есіл, Байдекем-ай! Өлшеуден асқан жасы құрғырдың керегі жоқ екен-ау, бұл кісі де мұндай күйпе ұшырап қалған екен!»—деп ренжиді. Отырған көп: «Бұл қалай, Байдекең төрт ауыз жұмбақ айтқан сияқты, біз түсінгеніміз жоқ. Өзіңіз түсініп ренжіген боларсыз. Көпшіліктің естуі лайық емес пе!» — депті. Сонда Мерке отырып:
— Байдекеңнің айтып отырғаны аса қиын сөз емес, өзінің басындағы халі екен. Айтып жіберген сөздері мынау: «Асусыз тауға кез болдым, өткелсіз суға кез болдым, жоқты жаяу көп қарай беретін болдым, аяусыз жаудың қолына кез болдым»,— дейді. Мұның үшеуі — асусыз тауға кез болғаны — тізесі сарбуын болып, аяғы жүруге келмейді екен. Өткелсіз суға кез болғаны көзін жас болдым дегені — тәрбиелеп, қасында отыратын бәйбішесі жоқ, шақшасын қарбалақтап көп іздеп, зорға тауып алып отырады екен. Аяусыз жаудың қолына кез болдым дегені — келін баланың қолында отыр екен.— Мен дертінің біреуіне ғана дауа айтам. Басқасын өлшеуден асқан жасынан көрсін. Қалта істетіп алса, жоқты жаяу қарай беруден құтылады,— депті.
Әлтеке Жидебай батыр әрі шешен болған екен. Жидебай көп жасап, көпті көріпті. 95 жасқа дейін өмір сүріп, нәсілі өсіп, немерелі-шөберелі болыпты.
Бертін қартайған кезінде жастық шағының жолдасы Қараменде би есіне түсіп, өткен жастық уағындағы істерін, қартайып қажығандағы өзгерістерін айтып пікір алыспақшы болуды ойланады. Ол кезде ел арасындағы қатынас тек атпен ғана болғандықтан өзі бара алмайды да, ел танып, сөз мәнісін білетін бір жас жігітті шақыртып:
— Шырағым, Тобықтыда Қараменде деген досым бар еді. Көрмегелі көп жылдар болды, сағындым. Өзім іздеп баруға шамам жоқ, о да қартайды, іздеп келе алмайды. Соған айтатын бір сәлемдерім бар еді, соны жеткізіп келші,— дейді.
Жігіт келіскен соң Жидебайдың айтқаны: «Бес ауыз бір сөзім бар, алты ауыз бір сөзім бар. Осыларды бірімен бірін шатыстырмай анықтап ұғып ал»,— деп тапсырады.
Ол кезде көпшілік хат танымайды. Жидебайдың айтқан сөзін жігіт жаттап алады.
Бес ауыз бір сөзім:
Төрт нәрседе үміт бар,
Бір-нәрседе үміт жоқ,—
Осыны айт дейді.
Алты ауыз бір сөзім:
Мұсылман жаудың қолында қалдым.
Бес атаның малын іздеп әуре болдым.
Алпыс ат үйір бермейді.
Жетпіс торғай шырылдайды.
Сексен балапан ұя басып жатыр.
Тоқсан жұмыртқа қашан жарылары белгісіз,— дейді. Жаздың күні, жайлауға қонған қалың елді аралап бірнеше күн жол жүріп, бағанағы жігіт Тобықтыға жетіп, Қараменде биді іздеп табады.
Біраз күн жатып, тынығып ел жайы, ер амандығына қанысқасын жігіт қайтпақшы болады. Сонда Қараменде: «Жидекем тірі болса, маған басқа сәлем айтпады ма?»— деп сұрапты.
Сонда жігіт батырдың сәлемін айтыпты. Қараменде шарта жүгініп отырып көп толғанып ойланады. Біраздан кейін:
Төрт нәрседе үміт бар дегені: адам баласы төрт үмітпен жүріп өтеді екен-ау,— дейді:
Жас өсемін деп үмітті,
Жалғыз көбейем деп үмітті,
Жарлы байимын деп үмітті.
Ауру жазылам деп үмітті.
Бір нәрседе үміт жоқ дегені:
Шіркін, көктемі мен жазы өтіп жапырағы қуарған ағаштай, ұрты солып, жағы суалған кәріліктен ғана үміт жоқ екен,— дейді.
Алты ауыз бір сөзім дегені:
Мұсылман жаудың қолында қалдым дегені: «Бірге жасасып, тәтті өмір сүріскен, бір-біріне иістері сіңіскен жастық шақтың жұбайы қайтып, жесір болып, келін баласының қолына қарап қалған екен ғой. Екі елі аузына төрт елі қақпақ қойса балаға сонда ғана сыйымды болады»,— депті.
Бес атаның малын іздеп әуре болдым дегені: «Қайран батыр қартайып, көзі көр болған екен ғой. Жастан серік болған бес жолдасы: Мүсуақ, тәспіқ, орамал, бәкі, қамшы болар. Осылардың басын құрап жинау үшін жан-жағын сыйпалап іздеп тапқанша, түске дейінгі уақыты өтеді екен ғой. Жанына жан қалта, төсіне төс қалта салсын,— депті. (Ол уақыттағы қазақтың киімдеріне қалта салынбайды екен).
Алпыс ат үйір бермейді дегені: алпыс жас ағайынды жауға беріспейтін қайрат-күштің қайтпайтын кезі екен ғой;
Жетпіс торғай шырылдайды дегені — жетпісте торғай-дай ғана қуатым қалды дегені екен ғой.
Сексен балапан ұя басып жатыр дегені — сексенде ұяда жатқан балапандай төсек тартып жаттым дегені екен ғой.
Тоқсан жұмыртқа қашан жарыларын білмеймін дегені — тоқсаннан асқан жасым бар, бір аяғыммен қабырдамын, ақ дағдыр қашан жетеді деп күтудемін дегені екен ғой,— депті.
Байдалы қартайып үйден шықпай күндіз-түні төсекте жататын болды дегенді естіп Мұса мырза іздеп келіпті. Байдалы шешен қараша үйінің ішінде бөстекке оранып жатыр екен. Мұсаның қолын алып, жөнін сұрап амандасыпты да, кәріліктің жайын айта беріпті.
— Ой, кәрілік-ай, сөздің өзі бала, тербетсе оянады, тербетпесе оянбайды, заманым өтті ғой!—дей беріпті.
Мұса қонып, қонақасын жеп, таңертең жүрмек болады.
— Е, шырағым, еліңе не айтып барасың? — депті Байдалы.
— Мен не айтайын, ел ағасы болған Байдалы еді, енді кәрілік пен алысып жатыр екен деймін дағы,— депті Мұса.
— Шырағым, оның рас. Үш ауыз сөз сұрайын, соны шешіп беріп кетші!—дейді қарт. Мұса «айтыңыз» деп тыңдайды. Байдалы қарт сонда:
— Алыста не алыс?
Жақында не жақын?
Тәтті де не тәтті? — дейді.
Мұса ойланып отырып:
— Жер мен көктің арасы алыс,
Кісіге туыс жақын,
Бала тәтті, депті.
Сонда Байдалы қарт басын көтеріп:
— Балам, ақылың әлі алқымыңнан асқан жоқ екен. Білімді мен білімсіздің арасынан алыс жоқ, жаннан тәтті жоқ. Бала қанша жақсы болса да, жан шығарда адамның өз жанынан тәтті жоқ. Жақында — ажал жақын,— депті.
Асанқайғының шын аты Қасенхан екен. Ол он екі жасар бала күнінде шүршіттің ханы Еженхан қазақтарға:
«Айғырын кісінетпесін!» — деп жарлық қылыпты.
— Егер, далада жүріп қазақтың айғыры кісінесе, менің қорадағы биелерім құлын тастайды. Айғыры кісінегеннің басы айдауда, малы талауда болады,— депті.
Жұрт мұны есітіп, уайымға түсіп, күйзеліпті. Он екі жасар Қасенхан халыққа:
— Бұл үшін уайым жемеңдер. Қырық жел мая тауып беріңдер. Ежен ханға барып, бұл жарлығын қойдырайын, сөйтіп кеңшілік алып келейін,— депті.
Ел болып жиылып баланың айтқанын дайындап беріпті. Бала қырық мергенді ертіп, жел мая мініп, Шүршіттің ханына жөнеліпті. Шаһардың шетіне кіргеннен-ақ «әу» деп үрген итті ата беріпті. Иттің иелері:
— Бұның қалай, жазықсыз итімізді неге атып қырып келесіңдер? — десе, «Біз Елібайдан келе жатқан елші, не арыздарың болса, хандарыңа барып айтыңдар. Жауабын ханың арқылы беремін»,— деп жүре беріпті. Ханы:
— Олар келсін, себебін сұрап біліп көрерміз,— деп, Хасенді кісі жіберіп, шақырыпты. Олар келіп ханға жолыққан соң, хан:
— Елші болғандарың қалай? Келе елімізді бөрліктіріп ойран салғандарың қалай? — дейді. Сонда Қасенхан бала:
— Тақсыр! Оның мәнісі бар. Кішкене күнімде әкем маған қой бақтырды. Далада жүргенімде қасқырлар келіп қамады. Сонда мен көмекке ойдың да итін шақырдым, қырдың да итін шақырдым, шәһәрдің де итін шақырдым. Бір ит келіп ара түспеді. Сонда ант ішіп едім: ойдың да итін атармын, қырдың да итін атармын, шәһәрдің де итін атармын,— деп. Сол сертіме жетейін деп ит біткенді қиратып атып келе жатқан жәйім бар! — депті.
Сонда хан:
— Тентек шіркін! Қазақтың мидай даласында жүріп сенің айқай салған дауысыңды біздің шаһардың иті қайдан естісін? — дейді. Сонда Қасенхан айтыпты:
— Айғыр дауысын қорадағы бие естіген жерден, кісі дауысын ит естімеуші ме еді?
— Қап, бала! Мені табандатып ұрдың-ау! Мен ұтылдым, қалағаныңды ал! — депті хан.
— Хан, олай болса, елімнің билігін өзіме берсең болады! — депті.
— Бар, бердім, қазақ деген жұртқа өзіңді хан сайладым!—депті Ежен. Содан былай Қасен «хан» атанып кетіпті.
Бір жолы қырғыз Қызылым қарт Жиреншеге кездесіп қалып:
- Шешен, сізден сұрайын деген бір жоғым бар еді. Он бес лақ, жиырма бес серке, отыз бес орақ, қырық бес қылыш, елу бес егеу, алпыс бес арқан, жетпіс бес шідер жоғалттым. Осыған құлағдар болыңызшы,— дейді.
-Жарайды,— дейді Жиренше шешен.— Жоғыңыздың жөнін айтып берейін, өзіңіз тауып алыңыз.
-Он бес жас құйын қуған желменен тең,
Жиырма бес дауыл ұрған перімен тең,
Отыз бес ағып жатқан селменен тең,
Қырық бес аю аспас белменен тең,
Жетпіс бесте көңілің жерменен тең,
Сексенде селкілдеген шал боларсың
Тоқсанда толық миың орта түсер,
Жүзде дүниеден күдеріңді үз,
Өлмесең де өліден кем боларсың,— дейді.
-Әттегене-ай. Өзіме жиырма бестегі жігіттей едім, көңілімнің жердей болғаның қарашы,—бекер-ақ сұраған екенмін, деп сонда қызылым қарт жантая кеткен екен.