Қазақстанда жасалған өнімдер.

Қазақстанда шығарылған баспа өнімдері.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының баспа жүйесінде Ұлттық мемлекеттік Кітап Палатасында тіркелген 322 баспа және баспа ісімен айналысатын ұйым бар.
Қазақстанның қазіргі кездегі баспа жүйесінің дамуында Алматы және Астана қалаларынің баспа ісіндегі белсенділігі анық байқалады. Баспа өндірісінің басым бөлігі Алматы қаласында шоғырланған – 218. Басқа аймақтардағы баспа және баспа ұйымдарының санына келсек: Астанада – 29, Қарағандыда – 13, Шымкентте – 7 және Қазақстанның өзге ірі қалаларындағы баспалар мен баспа ұйымдарының саны 2 мен 5 аралығында.
Түрлеріне қарай баспалар: дәстүрлі (150-ден жоғары), ЖОО баспалары (57), ғылыми-зерттеу мекемелерінің баспалары (23), қоғамдық ұйымдар мен қорлардың баспалары (12), діни әдебиет шығаратын баспалар (8) және т.б. болып бөлінеді.
Баспалар жүйесінің құрылымында мынадай өзгеріс болды: 2010 жылы кітап шығарған 33 баспа 2011 жылы әдебиет шығаруын тоқтатса, керісінше, 2010 жылы кітап шығармаған 57 баспа 2011 жылы кітап шығарған. Сонымен қатар, баспа өнімдерін шығаратын ұйымдардың негізгі бөлігінің аз кітап шығарғандығын атап өту керек: 176 баспа – 5 кітаптан төмен, 84 баспа бір кітаптан басып шығарған (4-кесте).
Республиканың баспа жүйесінде автормен жұмыстан бастап кітапты оқырманына жеткізуге дейінгі қызметтердің өндірістік тізбегін жүзеге асыратын ірі баспа ұйымдары ерекше орынға ие. Олар баспаның да, полиграфияның және кітап саудасы ұйымдарының да қызметін қатар атқарады. Мысалы, «Атамұра» корпорациясы, «Алматыкітап баспасы» ЖШС-ны атауға болады. Бұл баспалардың республика бойынша дербес кітап тарату жүйесі бар.
Егер кітап шығару көлемін 2010 жылмен салыстыра қарастыратын болсақ, онда көбею үрдісін де, шығарылған кітаптар таралымының өскендігін де байқаймыз. Мәселен, 2010 жылы кітап атаулары 4364 болса, 2011 жылы ол 5234-ке жеткен. Өсім 19,94% көрсетіп отыр. Кітаптардың жалпы таралымы өткен жылғы 15756,41 мыңнан 2011 жылы 16300,57 мыңға дейін көбейген, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 103,45% құрап отыр. Көрсеткіштер шығарылған кітап өнімдерінің аталымымен қатар таралымының да едәуір артқанын көрсетеді.
Республикада шығатын басылымдардың таралымына келсек, кітаптардың негізгі бөлігі аз таралыммен басылады. 2011 жылы барлық шыққан кітаптар санынан 1000 данаға дейін – 49% кітап, 1000-нан 10000-ға дейін – 34%, ал 17% кітап 10000 данадан асқан, 6 кітап – 100 000 данадан шығарылған, ол шығарылған кітаптардың жалпы санының 1,2% құрайды (3-кесте, диаграмма).
Кітап Палатасына түскен барлық баспа өнімдерінің саны 2011 жылы – 64745 басылымды, оның ішінде 5234 кітап пен кітапша, 884 журнал, (6574 нөмір), 1206 газет атауы (49223 нөмір) және басылымдардың өзге түрлерін құрайды.
Маңыздылығы жағынан мемлекеттік тапсырыс бойынша шыққан әдебиеттер ерекше орынға ие. 2011 жылы мемлекеттік тапсырыспен әдебиеттер «Мәдени мұра», «Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту», «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламалары бойынша шығарылған (6-кесте). Кітап Палатасының деректері бойынша 2011 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша шығарылатын әдебиеттерге республикалық бюджеттен 4 миллиард теңге, оның ішінде Мәдениет министрлігінен 1 млрд. 500 млн. теңге, Ақпарат және байланыс министрлігінен 1 млрд. 264 млн. 399 мың теңге бөлінген.
2011 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында көркем әдебиет туындыларының басымдығымен 67 аталыммен кітап басылып шыққан. Бұл басылымда қазақ классиктерінің (С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, С.Сейфуллин және т.б.), әлем әдебиеті классиктерінің қазақ тіліне аудармасы (Д.Бокаччо, Д.Дефо және т.б.) қазақ жазушылары мен ақындарының шығармалары (Ш.Бейсенова, О.Бөкей және т.б.) жарық көрді. Сонымен қатар, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ғылыми еңбектер, анықтамалық басылымдар, деректі туындылар да қайта басылып шықты.
Ақпарат және байланыс министрлігінің бюджеттік әкімшілігімен табылатын «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2011 жылы 508 аталыммен кітап шығарылған.
Кітаптардың тақырыбы мен сипаты әртүрлі: ресми-деректі дереккөз туындылары, оқулықтар, діни, саяси, оның ішінде басылымдардың басым көпшілігін көркем әдебиет құрайды.
«Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту» бағдарламасы бойынша 203 кітап шыққан, оның ішінде «Әлем балалар әдебиетінің інжу-маржандары», «Мен оқығанды ұнатамын!», «Балаларға арналған танымдық энциклопедия» және т.б. сериялар бойынша шыққан балаларға арналған 159 кітап бар.
Республиканың саяси, әлеуметтік және өзге салаларындағы маңызды оқиғалар Қазақстанда шыққан кітап өнімдерінің тақырыптық бағыттарына, көлемі мен сапасына әсер етті. 2011 жылы «Қазақстан тәуелсіздігіне – 20 жыл» сериясы бойынша әдебиеттер белсенді түрде шығарылды. Бұл серия бойынша Кітап Палатасына шыққан 120 аталым бойынша кітап келіп түскен. Басылымдардың айтарлықтай бөлігін ғылыми еңбектер (монографиялар, ғылыми конференция материалдары, ғылыми еңбектер жинағы) – 54, жалпы санның 45% құрайды. Сонымен қатар, ғылыми-көпшілік әдебиеттер, оқулықтар мен анықтамалық басылымдар шығарылған (7-кесте).
Қазақстанның баспа жүйесінің аймақтық ерекшеліктерін назарға алатын болсақ, кітап нарығының құрылымын астаналық және аймақтық деп қарастыруға болады. Кітаптардың негізгі бөлігі Алматы қаласы мен Алматы облысына сәйкес келеді, олардың жалпы саны 3683 (70,4%) құраса, Астана қаласы мен Ақмола облысында бойынша 544 аталыммен (10,4%) шыққан (12-кесте, диаграмма).
2011 жылы ҚР Кітап Палатасына Мәскеуде шығарылған бірқатар кітап алғашқы рет тіркелді: олар – тақырыбы біздің республикамызға қатысты қазақстандық ғалымдардың Ресейде қорғаған кандидаттық диссертациялардың авторефераттары (3 аталым), «Махаон» мәскеулік баспасынан қазақ тілінде балаларға арналып (63 аталым бойынша) шығарылған кітаптары (аудармасын «Балалар әдебиетін қазақ тіліне аудару бойынша қызмет көрсету» тендерін ұтып алған «Кітап ұйық» ЖШС жасаған). «Махаон» баспасы шығарған «Мен оқығанды ұнатамын!» топтамасы бойынша шығарылған кітаптар жас ерекшелігі әртүрлі 4 топтағы оқырмандарға арналған.
Мақсатты бағыттары бойынша шығарылған кітаптар мен кітапшалардың аталымына келетін болсақ, 2010 және 2011 жылдары ғылыми-көпшілік және өндірістік басылымдар санының біршама төмендегені байқалған. Мақсатты бағыттары бойынша шығарылған басылымдардың біраз бөлігін – 46,8% оқулық әдебиеттер құрайды (9-кесте, гистограмма).
Мемлекеттік ұлттық саясат бойынша республикамызда әдебиеттер
14 тілде жарық көреді. Статистикалық сараптама негізіне сүйенсек, 2011 жылы қазақ тілінде шыққан кітаптар мен кітапшалар саны 48,76%, орыс тілінде – 34,20% және елімізде тұратын халықтар тіліндегі кітаптар – 17,04 % құраған (4-кесте).
Ірілендірілген тақырыптық бөлімдер бойынша 2011 жылы шығарылған кітаптардың 2010 жылмен салыстырмалы жіктемесі (8-кесте). Аталған мерзімде экономика, филология ғылымдары бойынша шығарылған кітаптар шығарылымы (аталымдары) көбейген. Басылымдардың саны бойынша шығарылған әдебиет түрлері арасында білім беру бойынша шығарылған әдебиеттер (23,8%), көркем әдебиет (19%) негізгі орынға ие. Бірақ 2010 жылмен салыстырғанда заң ғылымы саласы, денсаулық сақтау мәселелері жөнінде шыққан басылымдар саны азайған.
2010 және 2011 жылы шыққан баспа өнімдерінің санын сараптай келе 2011 жылы бейнелеу өнері бойынша шығарылған басылымдар (30% дейін) және ғылыми дәрежесін бекіту жүйесін қайта құруға байланысты Мәскеуде қорғалған тақырыбы Қазақстанмен байланысты 3 диссертацияны айтпағанда, диссертация авторефераттарының келіп түспегенін атап өту керек.
Мерзімді және жалғаспалы басылымдар аталымы санының артуына келсек, 2010 жылмен салыстырғанда (14-16-кестелер, диаграммалар) өзгеріс аз. Мерзімді және жалғаспалы басылымдардың мақсатты бағытына тоқталсақ, аталымы бойынша саны жағынан басым басылымдардан бұқаралық және ғылыми басылымдардың шығарылымы сәйкесінше 18,4% және 19,5% (17-кесте, диаграмма).
Жаңа ақпараттық технологиялардың дамуы баспа өнімдерінің жаңа түрлерінің пайда болуына ықпал етуде. Қазақстанда аудио және электронды кітап басылымдары дамып келеді. 2011 жылы Кітап Палатасына баспа өнімдерінің қалыптасқан түрлерімен (кітаптар, кітапшалар, ноталық басылымдар және т.б.) қатар 24 аудиокітап, оның ішінде 12 аталым балаларға арналған ертегі, 4 оқулық, 8 көркем әдебиет және 42 электронды кітап, оның ішінде 29 мерзімді басылым, 13 оқу әдебиеті келіп түскен.
Қазақстандағы баспа ісінің жалпы алғандағы жағымды үрдісін атай отырып, жекелеген баспалардың «Басылым. Шығу мәліметтері» ГОСТ 7.4-95 сақтамайтындығын мойындау қажет. Оның салдарынан баспа өнімдерін шығару қорытындысы бойынша жүйеленетін статистикалық деректер толыққанды болмайды. Мысалы, 407 кітаптың (ҚР Кітап Палатасына келіп түскен кітаптардың 8%) көрсетілмеген, 596 кітаптың титул бетінде (ҚР Кітап Палатасына келіп түскен барлық кітаптың 11,2%) шығарған баспалары көрсетілмеген.