Басылым түрлері

Басылым түрлері - кейбір белгілері сипаттарының бірегейлігімен ерекшеленетін (мақсаттық бағыты және сипаты, материалдық құрылысы, мерзімділігі, құрылымы, таңбалы ақпараттық табиғаты) басылымды ажыратуға мүмкіндік беретін категория
ГОСТ 7.60-2003 стандарты бойынша мақсатты басылымдардың төмендегідей негізгі түрлері белгіленеді:
• ресми басылым – мелекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар атынан жарияланатын, нормативті немесе директивалық сипаттағы басылымдар;
• ғылыми басылымдар – теориялық немесе эксперименталдық зерттеулер нәтижелері, сонымен бірге, жариялауға дайындалған мәдени мұраға қатысты және тарихи құжаттар;
• ғылыми-көпшілік басылымдар – арнайы маман емес оқырманға түсінікті тілмен жазылған, мәдениет және техника ғылымдары саласындағы теориялық және эксперименталдық зерттеулер туралы мәліметтер;
• өндірістік-практикалық басылым – әртүрлі деңгейдегі мамандарға арналған, технология, техника және өндірісті ұйымдастыру бойынша, сонымен бірге, қоғамдық практика саласы бойынша басқа да мәліметтер келтірілген басылымдар;
• нормативті өндірістік-практикалық басылым – өндірістің әртүрлі қызметтер саласы бойынша ережелер мен талап мөлшерлері көрсетілген, ресми басылым;
• оқу басылымдары – әртүрлі жастағы және оқу сатысының әртүрлі деңгейіндегі оқушылар үшін, оқып үйрену және сабақ беру үшін ыңғайлы түрде жазылған, ғылыми немесе қолданбалы сипаттағы, бір жүйеге келтірілген мәліметтер басылымы;
• көпшілік-саяси басылым – көпшілік оқырмандарға арналған, қоғамдық-саяси және үгіт-насихат сипаттағы шығармалар басылған басылымдар;
• рухани-ағарту басылымдары – бүкіл әлемдік ақиқатты түсіндіретін, жоғарғы күш – Құдайдың бар екендігіне және құдыретіне сенім негізінде жазылған, діни мазмұндағы басылымдар;
• анықтама басылымдар – пайдалануға және тез тауып алуға ыңғайлы түрде берілген, тұтас оқуға арналмаған, ғылыми немесе қолданбалы сипаттағы мәліметтер басылған басылым;
• ақпараттық басылым– ғылыми-ақпараттық қызметпен айналысатын мекемелер шығарған алғашқы ақпарат көздеріндегі (жарияланған, жарияланбаған) құжаттардың жүйеленген мәліметтері келтірілген басылым;
• бос уақытқа арналған басылым – тұрмысты ұйымдастыруға, әртүрлі шығармашылық өнердің түрлерімен айналысатындар үшін жалпыға бірдей мәліметтер келтірілген басылымдар;
• жарнамалық басылым – тұтыну бұйымдарына, қызмет көрсету түрлеріне, іс-шаралар туралы мәліметтерді, оларға сұранысты арттыру мақсатында тартымды етіп көрсетілген басылымдар;
• көркем әдебиеттер басылымы – көркем-әдеби шығарма (шығармалар) басылымы.
Басылымның түрі көрсетілген соң серияның тақырыбы және шығарылым нөмері (егер басылым серия түрінде шығатын болса) көрсетіледі.