Стандарттау. Баспа өнімдерінің стандарттары

Баспа өнімдерінің стандарттары дегеніміз- біздің күнделікті пайдаланып жүрген баспа өнімдері- кітап , газет, журнал сол сияқты басқа да ақпараттық басылымдардың шығарылым мағлұматтарын бір ізге түсіріп, реттейтін нормативті-техникалық құжат. Бүгінгі таңда ақпарат құралдары мен кітап басылымының түрлерінің көптігі соншалық, егер оны реттейтін осындай құжат болмаса, ол басылымдармен жұмыс атқаратын мекемелер мен оқырманның бірін-бірі «түсінуі» мүмкін емес. Стандарт - басылымдарын түрлеріне қарай бірыңғайластырылғандықтан оқырман кітаптың авторын, суретшісін, аудармашысын, жанрын, қандай оқырманға арналғандығын, сонымен бірге қысқаша мазмұнымен, басылған жері, тиражы, көлемі туралы бірден ақпарат ала алады. Сонымен бірге стандарттау библиография, статистика және кітап саудасы саласында басылым туралы ақпараттар жүйесін әмбебап етеді. Стандарттау әрине, баспа саласында шектеулер қоятыны шындық, бірақ баспа өнімдерімен жұмыс істейтін ақпарат, кітапхана және оқырман арасын бір деңгейде түсінікке келтіретін қажеттілік. Баспа ісін реттейтін стандарт «Ақпарат, кітапханатану және баспа ісі жөніндегі стандарттар жүйесінде» қаралады. (Система стандартов по информации, библиотечному и издательскому делу- СИБИД). Бұл стандарттарда барлық ақпарат, библиография және баспа ісіне байланысты басылымдардың шығарылым мағлұматтарын, басылымдардың библиографиялық жазбаларын, кітапханалық жүйеде орналастыру, электронды басылымдардың мағлұматтарын орналастыру қаралып, реттеледі. Стандарттар жүйесі мемлекетаралық деңгейде қолданылады, сондықтан ГОСТ –деп аталады. ТМД елдерінде біріңғай дәрежеде сақталуы керек. Ал негізі ISO- дан алынады. Қолданылуына қарай стандарттар мемлекеттік, республикалық және салалық болып бөлінеді. Біздің баспа ісінде қолданылатын стандарттарымыз мемлекеттік және республикалық болып келеді. Баспа ісінде мемлекеттік стандарттардың барлығы 7-санынан басталады да, одан соң реттік саны мен бекітілген жылы көрсетіледі. Баспа ісінде бір ғана республикалық яғни ұлттық стандарт бар ол- СТ РК 994-96 (ИСО 2108-) және соған сәйкес ереже ПР РК 50.1.23. – 96. Бұл Кітаптарды халықаралық стандартты нөмірлеу- деп аталады (ISBN). Ал баспа өнімдерінің шығарылым мағлұматтарын реттейтін мемлекетаралық ГОСТ 7.4-95 «Басылым. Шығарылым мағлұматтары» (ГОСТ 7.4—95 «Издания. Выходные сведения») стандартында баспагерлерге арналған қажетті ақпараттар жинақталған, шығарылым мағлұматтарына не беру және оларды қайда, қалай орналастыру керектігі көрсетілген, ақпарат, кітапханатану және баспа ісі жөніндегі мемлекетаралық стандарттар негізінде дайындалған. Бір айта кететін жағдай бұл стандарттардың барлығы жүйелі түрде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде Баспа ісі кафедрасында оқытылып, болашақ баспа мамандары толығымен меңгеріп шығады. Яғни студенттер еңбек жолдарын баспа, баспасөз саласында бастағанда олар нормативті-техникалық құжаттарды меңгеріп, маман болып барады.
Енді біздің сөз еткелі отырған стандарттар ол басылымдарға ISBN Кітаптарды халықаралық стандартты нөмірлеу республикалық стандарты мен мемлекетаралық стандарт ГОСТ 7.56-2002 - ISSN сериялық (мерзімді) басылымдарды халықаралық стандартты нөмірі және мемлекеттік стандарт ГОСТ Р7.0.6-2008 ISMN - музыкалық шығармаларды халықаралық стандартты нөмермен тіркеу стандарттары туралы болмақ.
ISBN (International book sustem number) халықаралық орталығы Лондонда, ISSN (Internаtional standart serial numberinq) орталығы Парижде, ISMN (International Standard Music Number) орталығы Берлинде.
ISBN –халықаралық кітаптарды стандартты нөмермен тіркеу -кітапты өзіне тән ғана кодпен тіркеп, нөмірлеу. Бұл жүйені кітап басылымына енгізу осы ISBN агенттігіне енген мемлекеттерде кітаптар туралы информацияны автоматтандырудың, электрондық жүйелермен информация беруді іске асырудың бірден-бір тәсілі. 1965 жылы Ұлыбританияның үлкен кітап фирмасынан басталған жұмыс қазіргі уақытта 200-ге тарта елді қамтыған. 1972 жылы Берлинде мүше-мемлекеттер бірігіп, орталығын құрып, соған сәйкес Халықаралық стандарт ИСО 2108 "Кітаптарды халықаралық стандартты нөмірлеу" стандартының жобасы жасалған. Бұл орталыққа кірген мемлекеттер сол стандартқа сәйкес жұмыс істеп, орталық ISBN агенттіктің методикалық нұсқауларын, ережелерін, жаңалықтарын басшылыққа алып жұмыс жүргізеді. Республикалық деңгейде ISBN агенттігінің жұмысын реттеп, басшылыққа алып отыратын Басылым. Кітаптарды халықаралық стандартты нөмірлеу. Құрылымы, құрамы жазылуы. СТ РК 994-96 (ИСО 2108-) ұлттық стандартын және соған сәйкес ереже ПР РК 50.1.23. – 96 қабылданып, осы нормативті документтер бойынша жұмыс жүргізіледі және тексеріледі. ISBN кітаптарды халықаралық стандартты нөмермен тіркеу жүйесі баспагерлер арасында кеңінен қолдану тауып, Қазақстанда жақсы жолға қойылған. ISBN жүйесінің жұмысы жемісті болғаннан соң халықаралық деңгейде бұл бастаманы әрі қарай жетілдіру тоқтаған жоқ. Соның нәтижесінде ISBN цифрларын енді штрих-кодқа айналдыру мәселесі тұрды. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарда басталған бұл жұмыста өз нәтижесін беріп, үлкен мемлекеттер өз тәжірибелерін енгізе бастады. ISBN агенттігі Халықаралық товарларды нөмірлеу орталығымен келісе отырып (Ассоциация товарной нумерации ЕАN) дүниежүзінде кітап басылымдары товар ретінде 978 деген бірыңғай код алды. Әрі қарай кітаптардағы цифрлық санымен бірігіп машина оқи алатын штрих-код жасалады. Бұл жүйе біздің республикамызда да дүниежүзіндегідей өз нәтижесін беруде. Бұл жүйенің басты беретін нәтижесі кітап туралы информациялар электронды жүйелер арқылы таратыла алады, ISBN номері және штрих-код арқылы кітапқа тапсырыс беру, оперативтік бақылаулар, тиражының қаншасының сатылғаны, финанстық істерді жеңілдету, көптеген қағазбен жүретін құжаттарды жеңілдету саласын іске асырады, кітапханаларда кітаптарды іздеу, тапсырыс беру жұмыстарын жеңілдетеді. Бұның бәрін санап келгенде экономикалық тиімді жақтарын көрсетеді.
Стандарты бойынша ISBN номерлері қандай кітап басылымдарына беріледі?
ISBN номері берілетін басылым түрлері мынындай болып келеді: кітаптар мен кітапшалар, жылнамалар, ауыспалы қүнтізбелер, картографиялық басылымдар (атлас, карталар), аудиокітаптар, басылымның электронды түрлері, оқу, өндірістік-практикалық бағдарламалық өнімдер, мультимедиялық электронды басылымдар, микроформа түріндегі басылымдар, Брайля қаріпі тәсілімен басылған басылымдар. Сонымен бірге ISBN номерінің қойылуы да стандарт бойынша әр түрлі болады. Мысалы бір ғана кітап басылымының өзіне қалай қойылатынын атап көрсетсек: әрбір жаңа басылымға, әрбір қайта басылымға, факсимилді және репринтті басылымға, бір түрлі басылымның әр түрлі нұсқаларына, бір баспа бір шығарманы әр түрлі тілдерде шығарса, бір басылымның полиграфиялық өзгеріс, безендіру жағынын айырмашылығы болса, аударма басылымға, көп томдық басылымның тұтас томына, көп томдық шығарманың әр томына (бөлімдеріне), құрамдастырылған басылымдарға, бір кітап әр түрлі полиграфиялық өзгерістермен шықса жаңа ISBN номері беріліп отырады. Қарапайым тілмен айтқанда әрбір басылымда тек өзіне ғана тән ISBN номері болуы керек.
ISBN номері берілмейтін басылымдар: мәтіні жоқ изобасылымдардың кітап, журнал түрлері, ноталық басылымдар, диссертация авторефераттары.
Біз бұл жерде тек үлкен баслымдарды ғана атап өттік, ал жалпы стандартта олар нақтылы көрсетіліп берілген.
Енді осы номерлер баспа өнімдерінде қалай орналасады десек, онда:
Кітап басылымдарында, Брайля қаріпімен басылған басылымдарында басылымның бірінші (титул) бетінің сыртындағы сол жақ төменгі бұрышында, егер титул беті болмаса, соның қызыметін атқарушы элементке қойылады. Аудиокітаптарда, видеобасылымдарда ISBN номерін таратушы заттың басына (этикетка) немесе орауышына (упаковка) қойылады. (корапшасына, қабына). Электронды басылымдарда ISBN номерін титул экранына, таратушының (носитель) заттаңбасына, бірінші және екінші орауышына қойылады. Журнал типтес бейнелеу өнерінде, ауыспалы қүнтізбелерде ISBN номерін мұқабаның төртінші бетіне қойылады. Парақты картографиялық басылымдарда ISBN номері беттің төменгі жағында немесе беттің артында қойылады. Микроформалы басылымдарда ISBN номері шығарманың сыртқы титулді бетіне сәйкес келетін оралымына немесе кадрына қойылады. ISBN жүйесінің басқа жүйелерден айырмашылығы мұнда бірінші сандар мемлекеттің коды болып келеді. Мысалы Қазақстанның коды – 9956 және 601,осы сандар ISBN аббревиатурасынан екйін тұрса, онда ол Қазақстандақ басылым болып келеді.
Сериялық басылымдардың халықаралық стандартты нөмірі (ISSN) мемлекетаралық ГОСТ 7.56-2002 «Международная стандартная нумерация сериальных изданий» стандартына сәйкес беріледі.
ISSN  сериялық (мерзімді) басылымдарды халықаралық стандартты нөмермен тіркейтін автоматтандырылған жүйе. Бұл халықаралық код  барлық сериялық басылымдарды басылымның еліне, тіліне, әріпіне, шыққан, түскен уақытына қарамастан басылымды танып-білуге, іздеп табуға көмектесетін бірден-бір құрал болып табылады.
ISSN әмбебап идентификациялық белгісін (код) алу — Қазақстандағы мерзімді басылымдардың дамуына, халықаралық стандартқа сай дамыған елдердің баспа өнімдерімен бәсекеге түсе алатындай деңгейде болуына ат салысады.
ISSN нөмерімен тіркелген мерзімді басылымдар Париждегі ISSN халықаралық мерзімді басылымдарды тіркеу орталығы арқылы халықаралық жүйеге кіреді. Яғни сіздің мерзімді басылымыңызды әлемнің қай түкпірінен іздесе де, бірден тауып алады. Сіздің басылымыңыздың халықаралық деңгейде беделі көтеріледі, ғалымдар мен зерттеушілер кітапханалардан жеңіл табады, сонымен бірге сауда саласында тасымалдауда, қысқасын айтқанда, экономикалық жағынан да өте тиімді болады.
Қазақстан Республикасының № 1110 Қаулысымен Қазақстаннан шығатын барлық товар өнімдері штрих-кодқа өтуі сияқты, Қазақстанның баспа өнімдері де автоматтандырылған есепке алу мақсатында штрих-код жүйесіне өтіп жатыр. Мерзімді басылымдар да ISSN нөмері арқылы оңай штрих-кодқа ие болады.
Біздің республикамыздағы мерзімді басылымдар туралы айта кететін болсақ, кейбір газет басылымдарында пайдаланып жүрген 487-ден басталатын санмен келетін штрих-код, ол әрине халықаралық деңгейде газет басылымы деген хабарлама бермейді. ISSN  сериялық (мерзімді) басылымдарды халықаралық стандартты нөмермен тіркейтін орталығында тіркелмеген. Ол тек Қазақстаннан шыққан товар деген белгіні береді. Өкінішке орай, ол тек біздің республикада ғана емес, басқа да ТМД елдерінде кездесіп келеді. Әрине, ол газет қызметкерлерінің ISSN- стандарты жүйесін түсінбегеннен туған қателік. Ешбір баспа, баспасөз басылымдарына Қазақстанның товар өнімдерінің коды- 487 санынан басталатын штрих-кодын қоюға болмайды. Жоғарыда айтып кеткендей дүние жүзінде баспа өнімдеріне берілген- 978, мерзімді басылымдарға берілген 977- халықаралық коды бар, сондықтан бар басылымдардың штрих-кодтары әлемде осы екі саннан басталады. Ал штрих-кодқа өту ISBN, ISSN, ISMN номерлері арқылы болады. Мұны әр баспагер білуі керек. ISBN , ISMN- номерлерінен ISSN -номерінің айырмашылығы ISSN сегіз санынан тұрады. ISSN 2121-3232 осылай беріледі.
Әрбір басылымға тіркелген ISSN нөмірі- құрылтайшысы, шығарушысы, мерзімі, тілі өзгергенімен тіркеу нөмірі өзгермейді, тек аты өзгерсе ғана жаңа номермен қайта тіркеледі. Бір рет берілген ISSN нөмірі екінші рет қайталанбайды.
Бүгінгі таңда әлемнің 160 елінде ISSN жүйесі қолданылады.
ГОСТ Р 7.0.6-2008 ISMN - музыкалық шығармаларды халықаралық стандартты нөмермен тіркеу. Бұл стандарт ГОСТ аббревиатурасынан кейін 0 тұрғандықтан Ресейдің стандарты болып есептеледі. Біздің республикалық стандартымыздың жобасы дайындалып жатқандықтан ол бекітілгенге дейін біз Ресейдің стандартын пайдаланып жүрміз. Бұл стандарт бойынша халықаралық тіркеуге жататын өнімдер, шығу түріне қарамастан, барлық музыкалық басылымдар. Музыкалық басылымдардың электрондық түрлері, аудио видеобасылымдар, компакт дискілер. Ноталық басылымдар.
Музыкалық өнімдерді тіркегенде бірден көңіл аударатын мәселе ISMN аббревиатурасынан кейін “М” әріпі қойылады, бұл яғни музыкалық басылым деген мағлұмат береді. Мысалы: ISMN М 803850-00-01 - Музыкальный Казахстан DVD. ISMN М - кейінгі үш цифрді таратып түсіндірсек: 803850 - баспагердің коды, яғни ТОО Kazakh cinema distribution , 00 - музыкалық шығарманың тіркеу номері ( Музыкальный Казахстан), 1 тексеру цифры.
Музыкалық басылым, өнімдерін де, ISMN тіркеу номерлері арқылы оңай штрих-кодқа да өтуге болады.
Әрбір баспа өнімімен жұмыс істейтін басшы өз өнімінде қандай номермен тіркелгендігін және оның мән-мазмұнымен де түсінігі болуы керек. Баспа өнімдеріне байланысты стандарттарды білу және оны сауатты түрде пайдалана білу басылымның мәдениеттілігін көрсетеді. Сауатты да салауатты басылым деңгейінде болса, сіздің басылымыңызбен жұмыс жасайтын библиографтар мен ақпаратты-автоматтандырылған жүйелердің жұмысын да жеңілдетенін ұмытпағаныңыз жөн. Ол сіздің беделіңіз және сіздің басылымыңыздың беделі.
Оқырманға түсінікті болу үшін бұл үш халықаралық орталықтың республикалық Агенттіктері Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасында екенін ескерте кетеміз.