Қазақ-орыс тілдік қатынасы және қазақ тілінің басқа да тілде
1982 жылы М.М.Копыленко мен С.Т.Саинның «Функционирование русского языка в Казахстане» атты кітабы жарық көрді. Аталмыш еңбекте қазақтардың әртүрлі коммуникативтік актідегі тілдік қатынастарына әлеуметтік-лингвистикалық аспектіден талдау жасалды. Зерттеу жұмысына Қаз ССР-нің төрт облысы бойынша әртүрлі демографиялық, кәсіби, әлеуметтік топқа жататын 4,5 мыңнан аса қос тілді қазақтар (билингвтер) тартылды. Зерттеу нәтижесінде алынған тілдік фактілер ЭЕМ жадына салынып, әртүрлі кестелер мен сызбаларға түсірілді. Соның негізінде осы мәселе бойынша көптеген ғылыми тұжырымдар мен қорытындылар жасалды, көптеген әлеуметтік факторлардың қазақ-орыс қостілділігіне тигізетін әсері айқындалды. Әртүрлі демографиялық, кәсіби және әртүрлі жастағы қазақ топтарының орыс тілін қолдану ерекшеліктері анықталды; қазақтардың аймақтық тұрақ-жайына, біліміне байланысты орыс тілін қолдану ерекшеліктері, мақсаты, орыс тіліне жақындығы айқындалды. Жұмыста қостілділіктің көрінісі болып табылатын қазақ көркем мәтіндеріндегі орыс кірме сөздерінің қолданылу сипатына ерекше назар аударылды. Монография коммуникацияға қатысушылары қазақ тілін ана тілі деп есептейтін және барлығы орыс мектебінде оқыған гомогендік ұлттық ортадағы орыс тілінің қолданысын (қызметін) қарастыруымен ерекшеленеді.Осы орайда «Орыс тілі және әлеуметтік лингвистика» бөлімінде қызмет істейтін ұжымның барлық ғылыми еңбектері үлкен маңызға ие болды. Бұл еңбектерде көтерілген мәселелер мен қолданылған әдіс-тәсілдер сол кездері қазақстандық ғана емес, советтік тіл білімі үшін де үлкен жаңалық еді. «Орыс тілі мен әлеуметтік лингвистика» бөлімінің еңбектері жарық көргеннен кейін осы мәселе бойынша диссертациялық жұмыстар жазыла бастады. Бұл жұмыстарда «Орыс тілі және әлеуметік лингвистика» бөлімінің ұжымы көтерген мәселелер жалғасын тапты. Осы мәселе бойынша 1995 жылы Г.С.Сүйінованың «Речевое поведения казахов-билингвов» атты кандидаттық диссертациясы қорғалды. Бұл жұмыста сөйлеу актісіне қатысушы қазақтардың дайындықсыз сөйлеу актісіндегі аудиотаспаға жазылған материалдары бойынша бір коммуникативтік жағдаяттағы бір тілден екінші тілге ауысу үдерістеріне талдау жасалған. 1999 жылы Г.Д.Алдабергенованың «Исследование влияния билингвизма на развитие личности детей»тақырыбында кандидаттық диссертациясы қорғалды. Бұл жұмыста ерте қалыптасқан қостілділіктің (билингвизмнің) балалардың логикалық, интеллектуалдылық жағынан дамуына әсер ету мәселелеріне эксперименттік әдіспен талдау жасалған. 1999 ж. Ж.Е.Кенжебаеваның «Казахские вкрапления-кальки в русских переводах казахской художественной прозы» тақырыбында қорғалған кандидаттық диссертациясында М.М.Копыленко мен С.Т.Саинаның монографиясының бір тараушасында қарастырылған мәселелер әрі қарай дамытылып, жалғасын тапты.2006 жылы Д.Д.Шайбакова «Функционирование неорганического языка в полиэтническом государстве» (Ғылыми кеңесшісі – А.Е.Карлинский) тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Бұл жұмыста Қазақстандағы орыс тілінің жағдайы туралы М.М.Копыленко және бөлім қызметкерлері жасаған эксперимент нәтижелері мен 25 жыл өткеннен кейінгі жағдайы салыстырылған. Қазақ лингвистикасындағы тілдік қатынас пен қатысым әдісн зерттеу баспадан шыққан әдістемелік еңбектерге шолу жасауды қажет етеді. Қазақ тілінің әдістемесіне байланысты жарық көрген оқулықтар, еңбектер тіл білімінің барлық салаларын қамтып келіп, қазақ тілі ғылымында елеулі орын алады.Бірақ анықтап айтуға тиісті бір жағдай: ертеректе шыққан оқулықтардан бастап, осы соңғы кезеңдегі еңбектерге дейін тілдік қатынас мәселесін бірде-бір ғалым тікелей сөз етпейді. Бұған қарап, қазақ тіл білімінде қатысымдық процесс жоқ екен деп есептеуге болмайды.Баспадан шыққан еңбектерде тілдік қатынас, қатысым әдісі туралы ғылыми-теормялық пікір қалыптаспай, бұл мәселелерге байланысты терминдер бірізге түспегеніне қарамастан, тілді оқыту, тіл білімінің жеке салаларын оқыту мәселесі ертеден қолға алынған.Қазақ тілінің оқыту әдістемесінің тарихи қалыптасу жолында XX ғасырдың бас кезі, әсіресе осы кезеңнің алғашкы онжылдық уақыты, ерекше атап өтуді қажет етеді. Себебі, бұл жылдары көрнекті ғалым-ұстаздардың, қоғам қайраткерлерінің, жазушылардың ұлттық тілдің ерекшелігіне, оның қоғамдағы орны мен әлеуметтік мәніне көңіл аударып, қалам тартпағаны кемде-кем.Әлеуметтік тұрғыдан тілді зерттеуші белгілі ғалым Б.Хасанов шетелдерде шоғырланған қазақтардың тілін, өмірін зерттеу қазақ тіл білімі үшін ғана емес, дүниежүзі әлеуметтік лингвистикасы үшін мені зор екенін атай келе, былай дейді: "Жер жаһанның 40 елінде қоныс тепкен қазақтың "қазақ" болып қалуынын бірден-бір куәсі - оның сақталған тілі. Бұған дәлел сол — оның ана тілінің көптеген елдерде қазақ өмірінің төрт негізгі саласында, атап айтқанда, тұрмыста, қоғамдық өмір мен көркем шығармашылық, ауыз әдебиеті саласында тиянақты қолданылуы". Белгілі бір тарихи себептерге байланысты елден бөлініп, жырақтап қалған осы бір саны бүгінгі күнде милионнан асқан қандастарымыздың тілі қандай дәрежеде, қандай сипатта екенін зерттеу, оны жалпы халықтық мемлекеттік қазақ тілі деңгейінің аясында қарастыру — тіл білімінің бүгінгі таңдағы басты мақсаттарының бірі екені даусыз