Тіл-жарыспа дегеніміз не?
Тіл-жарыспа – ұлттық тілдің немесе диалектінің аумағынан шыққан аймақтық түрі. Мыс, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Жаңа Зеландияда, Канадада, Үндістанда ағылшын тілінің тіл-жарыспасы; Канадада, Монакода, Бельгияда, Люксембург Ұлы Герцогтығында, Швейцарияда – француз тілінің тіл-жарыспасы; Испанияда және Латын Америкасының көптеген елдерінде – испан тілінің, Португалия мен Бразилияда – португал тілінің тіл-жарыспалары бар. Тіл-жарыспаларының ұлттық және басқа әралуан сипаттарын нақтылау үшін кейде көпұлттық тіл түсінігі пайдаланылады, ол ұлттық тіл мен тіл-жарыспаларының арақатынасын жаңаша түсінуге мүмкіндік береді. Бұл ретте тіл-жарыспалары бір-біріне қарым-қатысы тұрғысынан әлеуметтік, мәдени, саяси және лингвистикалық жағынан теңбе-тең деп бағаланады. Социолектілер де тіл-жарыспадлар болып есептеледі. Социолект – әлеуметтік диалект. Қандай да бір әлеуметтік топқатән тілдік ерекшеліктердің жиынтығы. Социолект коммуникацияның дербес, әрі толыққанды жүйесі болып саналмайды, оған тек нақты лексикалық морфологиялық және синтаксистік ерекшеліктер тән. Социолектіге жаргон, арго, сленг, жастар тілі жатады.