Мандарин торты
Қыс мезгілін мандаринсіз елестету қиын. Әсіресе жаңа жыл десе, манты және оливье салатымен бірге мандарин еске түседі. Ал мандарин жемісін жақсы көрмейтін адам кемде-кем шығар. Мандарин сүйгіштерді бұл ерекше торт бейжай қалдырмайды деген ойдамыз.
Мандарин қосып пісірілетін тортты әзірлеу үшін қажетті азық-түліктер:
Қамырын әзірлеу үшін
- 2 жұмыртқа;
- 1,5 стақан секер;
- 150 гр маргарин;
- 4 мандарин;
- 1 стақан грек жағағы;
- 1,5 стақан ұн;
Крем дайындау үшін
- 300 гр маргарин;
- 1 қойылтылған сүт;
- 3 мандарин;
- 1 стақан грек жаңғағы.
Мандаринді қабығымен бірге және грек жаңғағын ет тартқыштан өткіземіз. (Үккіштен өткізуге не турап, блендерге салып майдалауға болады.
Жұмыртқаға секер қосып, миксермен араластырамыз.
Оның үстіне маргарин қосып, тағы да миксерлейміз.
Жұмыртқа езбесі мен маргарин қоспасына майдаланған мандарин мен грек жаңғағын қосамыз.
Үстіне ұн саламыз.
Араластырып, дайын қамырды үш бөлікке бөлеміз.
Үш бөлік қамырды табаға салып, пеште жеке-жеке пісіреміз.
Енді кремін дайындау үшін қойылтылған сүт (сгущенка) пен маргаринді араластырамыз.
Ет тартқыштан өткізілген мандарин мен грек жаңғағын да кремге қосамыз.
Жақсылап араластырамыз.
Үш бөлік піскен қамыры ортасына крем жағып, бетін, айналасын қалауыңыз бойынша сәндеңіз.
Мандарин қосылған тортымыз дайын!