ХҮ – ХҮІ ғғ. Қазақ хандығы.

Қазақ хандығының негізін салушылар Ақ Орда билеушісі Ұрұс ханның ұрпақтары Керей мен Жəнібек еді. Қазақстан рулары мен тайпаларының едəуір бөлігі сонау XV ғ. 40-50-жылдарының өзінде Қазақстанның оңтүстігіндегі жерлерде - Қаратау баурайларында, Сырдарияның төменгі ағысында, Түркістанның солтүстік бөлігінде Керей мен Жəнібектің төңірегіне топтасқан еді. Əбілқайыр хан өз билігін нығайту жолындағы күреспен, көптеген Жошы ұрпақтарының жəне рулар мен тайпалардың бағынбаған басшыларының қарсыласын басумен əлек болып жүргенде, Ақ Орда хандарының мұрагерлері бұл аумақта тұрақты билігін қамтамасыз етіп алды. Тарихи əдебиетте Ұрұс хан, ал сол арқылы Барақ хан жəне Жəнібек пен Керей де Орда Еженнің (Жошының үлкен ұлы деп айтылады) ұрпақтары деп саналатын болған, дегенмен бұл туралы деректемелерде нақты мəліметтер жоқ Авторы белгісіз "Таварих-и гузида-йи нусрат наме" мен Махмуд бен Əмір Уəлидің "Бахр-əл асрар фи манакиб əл-ахийары" қазақ хандарының генеалогиясын Жошының 13-ұлы Тоқа-Темірге апарып тірейді: Жошы-Тоқа- Темір - Үз-Темір – Қожа - Бəдік - Ұрұс хан - Қаруджақ (Құйыршық) – Барақ - Жəнібек хан, оны Бу Са"ид деп атаған. Қадырғали Жалаири де Ұрұс ханды Жошының 13-ұлы Тоқа Темірдің ұрпағы деп атайды ("Жамиғ-ат тауарих"). Ұрус хан мен оның ұрпақтарының Жошы тармағындағы Тоқа-Темірден тарайтындығының немесе олардың тегі Орда-Еженмен байланысты болуының принципті маңызы жоқ. Олардың екеуі де дəстүр бойынша Ақ Орданың дəрежесі тең билеушілері деп саналған. Тоқа Темірдің ұрпақтары XIII ғасырдың өзінде-ақ Орда-Ежен ұлысына жатады деп саналған. Бірақ ХІҮ-ХV ғасырлар шебінде Алтын Орданың ыңырауы кезеңінде олардың көбі оның Сарайдағы тағына үміткер болды. "Таварих-и ғузида-йи нұсрат намеде" берілген шежіреге сəйкес, Қазақ хандығының негізін қалаушылар Жəнібек пен Керей немере ағайын болған, яғни өте жақын туыс болмаған. Керей ханның шежіресі: Ұрұс хан – Тоқтақия – Полад - Керей хан. Жəнібек ханның шежіресі: Ұрұс хан – Кұйыршық – Барақ хан - Жəнібек хан. Осы қосарласып билік еткен қазақ хандарының XV ғасырдың 60-70-жылдарындағы іс-қимылдары туралы баяндайтын деректемелерде екі ханның қайсысы басты хан болғаны дəл түсіндірілмейді, олардың есімдері қатар жазылады жəне бірақ қатаң ретпен жазылмайды. Жəнібек хан өз əкесі Барақ ханның тура мұрагері жəне мирасқоры болатын, оның атасы Құйыршық та хан болған. Керей ханның Жəнібектен жасы үлкен болған жəне ол Ұрұс ханның үлкен ұлы жəне мирасқоры Тоқтақияның немересі еді, ал Жəнібек Ұрұс ханның төртінші ұлы Құйыршықтың немересі болатын. Демек Жəнібек сұлтан сияқты хан атағына Керей сұлтан да үміт ете алатын. 50-жылдардың аяғында Əбілқайыр қалмақтардан (ойраттардан) жеңілгеннен кейін, ол ойрандалған ұлыстарда қатаң шаралар қолданып тəртіп орнатуға кіріскен кезде, Керей мен Жəнібекке бағынған көшпелі рулар мен тайпалардың жағдайы бұрынғыдан да қысымшылыққа ұшырады, Əбілғазы Шыңғыс ұрпақтарының арасында "ханның қысымына ұшырамаған не оның садағының оғы дарымаған бірде-бір адам қалмады" деп жазады. Əбілқайырдың көрші елдердің ішкі істеріне үнемі дерлік араласып отыруы, үздіксіз жүргізген соғыстары мен шапқыпшылықтары мемлекетті құлдырауға жеткізді. Осының бəрі өзбек жəне қазақ тайпаларының ара жігінің ажырауына жəне соңғыларының ұлыстың оңтүстік-шығыс аумағына көшіп кетуіне алып келді. Моғолстан ханының Жетісу халқын ойраттардың шапқыншылығынан корғай алмауы сияқты, Əбілқайырдың іс-əрекеттері де бүкіл аймақтың соғыстар мен талас-тартыстар күйзелткен халық бұқарасының бұрынғыдан да зор наразылығын туғызды. Халық өзінің ауыр жағдайы үшін орта ғасырлардағы көшпелі қоғамға тəн қарсылық түрі - Шығыс Дешті Қыпшақта да, Жетісуда да билеушілерінің қол астынан көшіп кетумен жауап қайырды. 50-жылдардың аяғында осындай көшіп кетуді Жəнібек пен Керей басқарды. XV ғасырдың 50-жылдарының соңынан бастап, 70-жылдардың басына дейін Шығыс Дешті Қыпшақтан, Сырдария бойындағы алқаптар мен Қаратау бөктерлерінен Батыс Жетісуға екі мыңға дейінгі адам, негізінен қыпшақ рулары мен тайпалары көшіп кеткен. Тұрғын халықтың жаппай көшуін Жəнібек пен Керей бастады. 1458-1459 жылдары Əбілқайыр хандығынан тысқары, Моғолстанға, Батыс Жетісу жерлеріне ертіп кетті. Көшіп кету əсіресе 1468 ж. Əбілқайыр өлген соң, мемлекет ыдыраған кезде тым күшейіп кетеді. Жəнібек пен Керей хандар бастаған қазақтардың қалың бұқарасының Оңтүстік жəне Орталық Қазақстаннан Жетісуға, Шу, Талас алқабына қарай ойысуы тегін емес. Бұған Ақ Орданың Моғолстанмен, ең бастысы оның Жетісудың солтүстік бөлігінің иелерімен ертеден бергі достық қатынастары; Жəнібек пен Керейге қарасты өлкенің басым бөлігін мекендейтін тұрғындарының этникалық жақындығы; ең соңында, феодалдық-бытыраңқы Моғолстанның, оның билеушісінің Жетісудағы үкімет билігін өз қолында ұстап тұра алмайтын əлсіздігі себеп болды. Жəнібек хан мен Керей ханның көшіп келуін Моғолстан ханы Есен-Бұға құрметтпен жəне ықыласпен қарсы алған. Моғолстан ханы көшіп келген Қазақ басшыларының көмегімен өзінің ішкі жəне сыртқы дұшпандарын əлсіретіп алмақ болған. Ол уақытша болса да інісі Жүніс ханның бақталастық бəсекесін тойтара алды. Есен-Бұға хан қазақтарды ойраттарға тойтарыс беру үшін де нақты əскери күш ретінде пайдалануға тырысқан. Ал өз кезегінде Керей мен Жəнібек хандар Əбілқайыр хандығы мен Моғолстанның толық құлдырау сəтін тиімді пайдаланып, өздерінің саяси дербестігін нығайтты. Шығыс Дешті Қыпшақта Ақ Орда хандары əулетінің билігін қалпына келтіру жолында Шайбани əулетіне қарсы күресе отырып, олар халық бұқарасының наразылығын пайдалана білді. Зерттеуші-тарихшылар Қазақ хандығы тарихын есептеу үшін қабылдаған бірнеше уақыттар немесе оқиғалар бар. Хандықтың құрылуы мен Шығыс Дешті Қыпшақта Қазақ хандары билігінің таралу уақытын Мырза Мұхамед Хайдар Дұғлаттың "Та'рих-и Рашидидегі" мағлұматтарына сүйеніп, В.В. Вильяминов-Зернов əлдеқашан-ақ хижраның 870 жылы, XV ғасырдың 60-жылдарының ортасы деп есептеуді ұсынған. Осы мағлұматты толық келтірейік. "Сол уақытта Дешті Қыпшақты Əбілқайыр хан биледі. Ол Жошы əулетінен шыққан сұлтандарды көп мазалады. Жəнібек хан мен Керей хан одан Моғолстанға қашып кетті. Есен- Бұға хан оларды шын ықыласымен қарсы алып, Моғолстанның батыс шебін құрайтын Шу жəне Қозыбасы округын берді. Олар бұл жақта жақсы жайғасып алған кезде, Əбілқайыр өлген соң, өзбек ұлысы бұзылып сала берді: онда үлкен-үлкен шатақтар басталды. Оның қол астындағылардың үлкен бөлігі Керей хан мен Жəнібек ханға көшіп кетті, сөйтіп олардың төңірегіне жиналғандардың саны екі жүз мың адамға жетті. Олар енді өзбектер-қазақтар (өзбек-қазақ) деп аталатын болды. Қазақ сұлтандарының билігі сегіз жүз жетпісінші жылдан басталады, бəрін де бір Алла біледі." Осы уақыт хижраның 870 жылы - біздің жыл санауымыздың 1465-1466 жылдар бес томдық "Қазақ ССР-ның көне заманнан бүгінге дейінгі тарихында" Қазақ хандығының құрылған уақыты ретінде алынған. Бұл оқиға Жетісудың батыс беллігіндегі аумағымен байланысты деп көрсетілген. Қазақ тайпалары мен руларының бір бөлігі Шығыс Дешті Қыпшақтан ондаған жылдар бойы тап осында ауысып келген. Моғолстанның жоғарыда аталған ханы Есен-Бұға 1462 ж. өлгеннен кейін Жетісуда Қазақ билеушілеріне қарсы тура алатын нақты күш болған жоқ. Оның інісі Жүніс хан ол кезде Ташкентте жүрген. Осындай жағдайда бұл аумақта жаңа саяси құрылым - Қазақ хандығының дербес шығуы толық жүзеге асатын құбылыс еді. Оның пайда болуы жəне Қазақ басшыларынын дербес шығуы үшін 1468 жылғы Əбілқайыр өліміне байланысты Дештідегі оқиғалардың барысын күтудің қажеті жоқ болатын. XV ғасырдың 60-жылдарының аяғы мен 70- жылдарының басында жəне одан кейінгі жылдары Қазақ хандарының билігі Қазақ хандығының құрамына енгізілген басқа жерлері мен оны мекендеген халықтары, Түркістан жəне Шығыс Дешті Қыпшақтағы ұлан-ғайыр жазық далаларда бірте-бірте кең тарай бастады. "Та'рих-и Рашидиден" жоғарыда келтірілген үзіндіде Əбілқайыр өлгеннен кейін "оның кол астындағылардың үлкен бөлігі Керей хан мен Жəнібек ханға көшіп кетті" делінген. Хандарға дейді. Олар бұл уақытта хан болған. Бұл сөздер Əбілқайырдың өлімінен (хижраның 874 жылы-1468/69 жылдар немесе тышқан жылы - 1468 жылдың күзі) бұрын іске асқан оқиғаны білдіреді. XVI ғасырлардың 40-жылдарында Жетісуда Қазақ хандығының құрылуы туралы еңбегін жазған Мұхамед Хайдар мағлұматы жалғыз жəне ең ертедегі дерек деуге болмайды. Шығыс Дешті Қыпшақ пен Түркістандағы өкімет билігі жолындағы күресте қазақ хандарының қарсыласы Əбілқайырдың немересі Мұхамед Шайбани ханның құзырымен жазылып, тікелей бақылауынан өткен Шайбани əулеті ортасының деректемелері деп аталатын топтама Қазақ хандығының алғашқы кезеңі тарихына байланысты жағдайларды бағалау үшін қажетті көптеген материалдар береді. XVI ғасырлардың басындағы бұл деректемелерде де (Камал ад-дин Əли- Бинаидың "Таварих-и гузида-йи нусрат-наме", "Шайбани-наме", Шадидің "Фатх-наме", Рузбихан Исфаханидің "Михман-наме-йи Бухара", Мас'уд бен Усман Кухистанидің " Та'рихи Абу-л-Хаир-хани" жəне басқалары) Жəнібек пен Керей хандар аталады. ХV-ХVІ ғасырлар деректемелеріндегі меліметтер "Та'рих-и Рашидиде" кслтірілген Қазақ хандығының Шығыс Дешті Қыпшақта емес, Батыс Жетісуда (Шу мен Талас алқаптарында) іргесі қаланғаны туралы мағлұматты тікелей немесе жанама түрде растайды. Зайн ад-дин Васифи (XVI ғ) "Бадаи ал-вакай" атты шығармасында тап осы аймақты "Қазақстан" деп атауы көңіл аудартады. Қазақ билеушілерінің алдында олар мемлекет болып бөлініп шыққан бойдан-ақ жаңадан пайда болған мемлекетті нығайту, мемлекет құрамына қазақтар мекендейтін аумақтарды қосып алу мақсатымен оның шекарасын кеңейту міндеттері, сондай-ақ хандықты көрші мемлекеттердің жер жөніндегі талаптарынан қорғау міндеттері тұрды. XV ғасырдың соңғы үштен бірінде қазақ хандарының Шайбани ұрпақтарымен жəне Моғолстан билеушілерімен өзара қатынастарын сол міндеттер анықтады. 60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басында Əбілқайыр хан өлгеннен кейін Орталық жəне Оңтүстік Қазақстаннан қашып келген көшпелілер есебінен Жəнібек пен Керей едəуір күшейді. Жергілікті халық қолдаған Жəнібек хан мен Керей хан Шығыс Дешті Қыпшақ халқына билік ету үшін Жошыдан тарайтын көптеген сұлтандарға қарсы күреске шығуды кешіктірмеді. Олардың басты қарсыластары Əбілқайырдың мұрагерлері - оның ұлы Шаих-Хайдар хан жəне немерелері шайбандық сұлтандар - Мұхамед Шайбани мен Махмұд сұлтан болатын. Оларға қарсы күресте Қазақ билеушілері Жошыдан тарайтын Тоқа-Темірдің ұрпағы, Кіші-Мұхамед ханның ұлы Ахмет ханмен, Шайбани ұрпақтары Ибақ ханмен, Бұрыж оғланмен, Маңғыт əмірлерімен тізе коса отырып қимылдады. Бірнеше шайқас болып, Қамал ад-дин Əли Бинаидің айтуынша, "екі жақтан да көп адамдар қаза тапты". Шайқастардың бірінде Шайх-Хайдар ханды Үлкен орда ханы Ахметтің əскерімен келген Ибақ хан өлтірді. Мұхамед Шайбани інісімен бірге Қажы-Тарханның (Астраханның) билеушісі, Темір-Құтлық ханның (Тоқа-Темірдің) ұрпағы Қасым ханға барып паналады. Қаланы Ахмет хан, Ибақ хан жəне Ноғай ұлысының билеушісі Аббас бек қоршап алып, Мұхамед Шайбани інісімен бірге Түркістан уалаятына қашты, сөйтіп онда Темір ұрпактарының əкімі Мұхамед-Мазид тарханнан қолдау тауып, Əбілқайыр ханның бұрынғы əскербасылары арасынан өзін жақтаушыларды жинауға үміттенді. 1470 жылдың қысына қарай Қазақ əміршілері Түркістанда едəуір ілгері басты. Жəнібек ханның Үлкен ұлы Махмұд сұлтан Қаратау етегінде Созақты алды. Басқа бір ұлы Еренші сұлтан Сауранды иеленді, енді Керей ханның өзі Түркістанға жақындап келді. Қазақстанның оңтүстігінде қазақтардың іс- қимылының жандануы Мұхамед Шайбанидің Мауереннахрға Темір ұрпақтарының қол астына шұғыл түрде кетуге мəжбүр етті. Шайбанилік сұлтандарға Түркістаннан кетуге кеңес беріп, Мұхамед өз иеліктеріне қазақтардың шабуыл жасау қатерінің бетін бұрмақ болды. Екі жылдан кейін Темір ұрпақтарынан əскери көмек алған Мұхамед Шайбани Түркістанға келіп, бірқатар бекіністерді басып алды. Сырдарияның сол жағалауындағы Аркөкті, соған сүйене отырып Шығыс Дешті Қыпшақ шекарасына беттеп, Сығанақты басып алды. Сол кезге қарай Ноғай ұлысының басшысы Мұса мырза Түркістанға жақындап келіп, Мұхамед Шайбанимен одақтасуға ұмтылды. Бұған Бұрындық басқарған қазақ əскерлерінің Батыс Жетісудан Түркістан шекарасына асығыс келіп жетуі кедергі жасады. Əскербасыларының бірі қазақтың болашақтағы ханы Қасым сұлтан болатын. Осы оқиғалар туралы хабарлаған деректемелерде Бұрындық хан мен Мұхамед Шайбани арасындағы шайқас Қаратау тауының Соғұнлұқ асуында өтті. Шайқаста Жəнібек ханның ұлы, Созақ əміршісі Мұхамед Сұлтан қаза тапса да, Мұхамед Шайбани жеңіліске ұшыраған. Мұхамед Шайбани Түркістаннан Маңғыстауға кетуге мəжбүр болды. Бұрындық хан Сығанақты алды. Сонымен, Жəнібек пен Керей хандар, содан соң, соңғысының ұлы Бұрындық хан басқарған Қазақ хандығы XV ғасырдың 70-жылдарында Орталық Қазақстан даласында нақты саяси күшке айналды. 80-жылдарда жəне 90-жылдардың басында Мұхамед Шайбани тарапынан да, қазақтар тарапынан да жасалған соғыс қимылдары барынша табандылығымен жəне қаталдығымен ерекшеленді, олардың қатынастарына Темір ұрпақтарына қоса, моғол хандары да араласты. Қазақтар мен олардың одақтастарына қарсы толассыз жүргізілді деуге болатын үш жылдық күрестегі жеңістер Мұхамед Шайбаниді 1486 жылдары Түркістанды тастап шығып, Хорезмде соғыс сəттілігін іздестіруге мəжбур етті. 80-жылдардың аяғы - 90-жылдардың басында Ташкент пен Сауранда билік құрған моғол ханы Сұлтан Махмұдтың (онын əкесі Жүніс хан 1487 ж. Ташкентте өлген еді) қазақ хандары мен Шайбани ұрпақтарының Сыр бойындағы қалалар үшін күресіне араласып, бірде бір жағын, бірде екінші жағын қолдай отырып, өзінің Түркістандағы ықпалын кеңейтуге тырысуы сəтсіз болған жоқ. 1488 жылы ол Темір ұрпағының əкімі Мұхамед-Мазидті Отырардан қуып шықты. Сыр өңірінде қазақтарға қарсы өзге одақтас ету үшін Отырарға Мұхамед Шайбаниді шақырды. Моғол ханынан қолдау тауып жəне Отырарға сүйене отырып, Мұхамед Шайбани тағы да екі үлкен бекініс- қала Сауран мен Ясыны (Түркістанды) басып алды. Қазақ хандары мен Мұхамед Шайбани арасындағы соғыс қимылдары XV ғасырдың соңғы онжылдықтарында толассыз жүріп жатты жəне ғасыр аяғына қарай уақытша бітіммен аяқталды. Бұрындық хан өзінің екі қызын шайбанилік сұлтандарға ұзатты. Шайбани ұрпақтары Отырар, Ясы (Түркістан), Аркөк, Үзкент қалаларында өз жағдайларын табанды күреспен нығайтып, олардан Темір ұрпақтарының əкімдерін ығыстырып шығарды. Ташкент пен Сайранда моғол ханы Сұлтан Махмұд отырды. Түркістан аумағының орталығы Сығанақта, Сауранда, Қаратаудың Созақпен қоса алғандағы жапсарлас ауданы жəне онын теріскейі мен күнгейіндегі, Сырдарияның төменгі ағысындағы басқа да қоныстар, Арал өңірі Қазақ хандарының қолында қалды. XV ғасырдың аяғына қарай қазақ хандарының мемлекеті едəуір нығайды, оның алғашқы шекарасы кеңейе түсті. Оның құрамына Жетісудан басқа Оңтүстік Қазақстанның жоғарыда аталған қалалары мен алқаптар, төңірегіндегі далалық аумақтармен бірге, Қаратау өңірі, Сырдарияның төменгі ағыстары мен Солтүстік Арал жағалауы, Орталық Қазақстанның үлкен бөлігі енді, Жетісудағы иеліктері де кеңейді. Шайбани əулетіне қарсы ұзаққа созылған күресте олардың үкіметіне қайта қалпына келуіне кедергі жасады. Мұхамед Шайбани 1500 ж. қол астындағы көшпелі өзбектердің бір бөлігін ертіп, Мауереннахрға кетті де, Түркістанның Оңтүстік бөлігінде өзі басып алған қалалардың көмегіне сүйеніп, басқыншылық мақсатпен Темір əулеті мемлекетіне ұмтылды. XV ғасырдың екінші жартысында Моғолстанда қалыптасқан ішкі жағдай, сондай-ақ аймақтағы əскери-саяси оқиғалар моғол хандарының Оңтүстік-Шығыс Қазақстандағы ықпалының біртіндеп əлсіреуіне, ал сонан соң, XVI ғасырдың басында толық жойылуына жəне бұл өлкенің қазақ тайпаларының олардың билігінен шығуына негіз жасады. Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның қазақтары біртіндеп Моғолстан хандарының билігінен шығып, басқа аудандардың қазақтарымен бір мемлекетке - Қазақ хандығына бірікті. Оңтүстік-Шығыс Қазақстан халқының кейіннен бір əулет хандарының (Моғолстандағы Шағатай ұрпактарының) билігінен шығып, басқа əулет хандарының (Жошы ұрпақтарының - Ақ Орда хандары ұрпақтарының) билігіне көшуі неліктен көп шиеленіс туғызбағанын этникалық тегінің, тарихи тағдырларының ортақтығымен, достық қатынастарының дəстүрлігімен түсіндіруге болады. XVI жəне XVII ғасырлар қазақ халқының тарихында айырықша орын алады. Осы ғасырларда қазақ хандары бұрын əр мемлекеттің құрамында болып келген қазақ руларын біріктіре отырып, бүгінгі теуелсіз Қазақстан Республикасының территориясын қалыптастырды жəне қорғады. Бұрындық хан басқарған жылдары (1480-1511) стратегиялық жəне экономикалық маңызы бар, Сыр бойындағы Сауран, Сығанақ, Созақ, Түркістан қалалары үшін Əбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани басқарған өзбектер мен қазақтар арасында 30 жылға жуық күрес жүрді. Қазақтардан ығысқан Мұхаммед Шайбани 1500 жылы Мауереннахр жеріне басып кіріп, ондағы билікті Əмір Темір əулетінен тартып алады. Аз уақыттың ішінде күшейіп алғаннан кейін ол Сыр бойындағы қалаларды басып алу үшін бірнеше жорықтар жасады. 1510 жылы Көк Кесене шайқасында Қасым сұлтан басқарған қазақтар Мұхаммед Шайбани əскеріне қарсы ұрыста ірі жеңіске жетіп Сыр бойындағы қалаларға берік орнықты. XVI ғасырдың басында Моғолстан ханы Жүністің ұрпақтары арасындағы үкімет билігі не таласқан алауыздықтың салдарынан Моғолстан мемлекеті ыдырады. Моғолстанның орталық өңірі - Жетісу жерінің көбі жəне оны мекендеген қазақ тайпалары Қазақ хандығына қосылды. Қасым хан басқарқан жылдары (1511-1518) қазақ халқының саны 1 миллионға жетіп, қуатты мемлекетке айналды. Қазақ халқы дербес халық ретінде Батыс Еуропаға əйгілі болды. Қасым хан Мəскеу князі III Василиймен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Əмір Темірдің ұрпағы, Үндістандағы Ұлы Моғол империясының негізін салған ұлы жазушы Бабыр өзінің атақты "Бабырнама" кітабында: "Қазақ халқының бұрынғы-соңғы хан-сұлтандарының ішінде Қасым хандай құдіретті əмірші болған емес. Оның үш жүз мың əскері бар еді" деп жазған. Сонымен бірге тарихшы Мұхамед Хайдар Дұғлат "Тарихи Рашиди" деген еңбегінде: "Шыңғыстың ұлы Жошы ханнан соңғы жерде бұл жұртта Қасымнан асқан кұдіретті хан болған жоқ" деп жазды. Қасым хан алғашқы қазақ заңы "Қасқа жолды" жарыққа шығарды. Бұл заң қазақтар арасында бұрыннан қалыптасқан əдет-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Бұл заңның сол кездегі мұсылман елдердегі жаппай қолданылып, жүрген ислам дінінің заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді етіп жасалды. Халық арасында бұл заң "Қасым ханның қасқа жолы" деп аталды. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының территориясы қазіргі территориямыздың негізгі аймақтарын біріктірді. Хандықтың шекарасы батыста Жайыққа, Оңтүстік-батыста Сырдың оң жағалауы, Аралдан Маңғыстауға дейінгі жерлерді алып жатты, солтүстікте Ұлытауға дейігі жерлер, оңтүстік-шығыста Жетісудың көп бөлігі қарады. Қасым ханнан кейінгі Қазақ хандығын басқарған Мамаш (1518-1523), Тахир (1523-1533), Буйдаш (1533-151557), Тоғым (1533/34-1537/38) хандардың кезінде өзара ішкі таластың салдарынан біршама əлсіреп, өзбектермен жəне моғолдармен күресте, Қасым ханның кезінде ие болған жерлердің біразынан айырылып қалды. Қазақ хандығы Қасым ханның баласы Хақназар ханның басқарған жылдары бұрынғы күш-қуатына ие болды. Хақназар Қазақ хандығын 42 жыл (1538-1580) биледі. Ол дарынды қолбасшы, қажырлы қайраткер, сонымен бірге сыртқы саясатта дипломат екенін керсетті. Хақназар хан басқарған жылдары Қазақ хандығының батыстағы шекарасында ірі өзгерістер болды. Бұл кезде батыста күшейе түскен орыс мемлекеті шығысқа қарай жылжып 1552 жылы Қазақ хандығын, 1556 жылы Астрахан хандығын басып алды. Осы жағдайға байланысты, Еділ мен Жайық арасындағы ұлан-байтақ территорияны мекендеген Ноғай Ордасы ыдырай бастады. Ноғай ордасындағы қазақ тайпалары Қазақ хандығына келіп қосылды. Ноғай ордасының əлсірегенін пайдаланып Хақназар Ноғай ордасының көп бөлігін өзіне қосып алды. Соған байланысты Хакназарды "қазақтар мен ноғайлардың ханы" деп атаған. Ноғай Ордасы 1569 жылы өзінің мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатты. Сонымен бірге Хақназар Моғолстан мемлекетінің Жетісуға жасаған бірнеше жорықтарына тойтарыс берді. Орта Азиядағы күшейіп келе жатқан Бұқар ханы II Абдаллахпен өзара көмектесу жөнінде шарт жасасты. XVI ғ. 60-70 жылдары соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады. Қазақтардың Орта Азия халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы одан əрі өрістеді. Хақназар II Абдаллахпен бірлесіп, Ташкент билеушісі Баба Сұлтанға қарсы күресті, сөйтіп, бұрын өзбектер басып алған Түркістан аймағындағы бірнеше қалаларды қайтарып алды. 1580-1582 жж. Шығай ханнан кейін Қазақ хандығын басқарған Тəуекел ханның тұсында (1582-1598) Қазақ хандығының территориясы одан əрі кеңейе түсті. Теуекел ханның тұсында қалмақтардыц біраз бөліп қазақтарға қарады. Соған байланысты Тəуекелді "Қазақ пен қалмақтың ханы" деп атады. Қазақ хандығы күшейіп алғаннан кейін 1598 жылы Тəуекелдің басшылығына Орта Азияға басып кіріп, Ташкент, Əндіжан, Самарқант қалаларын басып алды.