Қазақ халқының құралуы. «Қазақ» этнонимі. Қазақ жүздері.
Қазақ халқының қалыптасуы. Ғылыми əдебиетте этнос (яғни халық- тайпа, жұрт, ұлт) ұғымы жалпыға ортақ сыртқы кескін-кейпі ғана емес, едəуір тұрақтанған ерекше мəдениеті (тілін қоса) мен мінез-құлқы бар, сол сияқты өзінің біріңғай екенін жəне басқа этникалық топтардан бөлектігін түсінетін сана-сезімі бар, оның бұл қасиеті өз атымен (этноним, мысалы "қазақ") бекітілген, адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты бір тұтастығын білдіреді. Этностың құралуын жəне оның тұтастығын бұдан былай да сақтап қала беруі үшін ол жайлаған территорияның біріңғай тұтастығы жəне қажет. Адамдарды өзге этностардан бөліп ерекше етіп керсететін жалпыға ортақ кескін-кейпі пайда болуы үшін олар ұзақ уақыт бойы бір-бірімен ұдайы аралас-құралас тұруға тиіс, ал мұндай жағдай олар тек біріңғай тұрақты бір территория шебінде қоныстанғанда ғана болуы мүмкін, бұл əсіресе этностың құрылуы, бас қосып бірігуі кезеңінде өте-мөте қажет болады. XV-XVI ғғ. қазақ халқы мен оның этникалық аумығының құрылып, қалыптасуының сан ғасырлық процесі негізінен аяқталады. Қазақ халқының құрылуына себеп болған этникалық процесстердің бастау көзі мүлде ежелгі уақыттан - алғашқы қауым қоғамының ыдырау дəуірінен барып шығады да өз дамуында оның бірнеше кезеңі айрықша көзге түседі. Антропологиялық мəліметтерге қарасақ этникалық даму барысында ұзақ замандар бойына халықтың еуропатекті түрі тұрақтанып сақталып қалады да , кейінірек жүре келе азды көпті моңғолтекті түрге қарай өзгере бастайды. Тілдік хал-ахуал да өзгермей тұрмайды, ежелгі тайпалардың иран тілі бірте-бірте сатылап, осынау территорияның кейінгі қоныстанушыларының тілі түрік тіліне орын береді. Қола дəуірінде мал өсірумен, егіншілікпен шұғылданған, бет-бейнесі еуропатектес болып келетін андроновтық үнді-иран тайпаларының орнын ерте темір кезеңінде оңтүстік пен шығыс облыстарда - скифтерге туыс, көшпелі малшаруашылықты сақ тайпалары, солтүстік пен батыс облыстарда - савромат тайпалары басады. Қазақстандағы жəне күллі Евразия территориясының далалық аймақтарындағы этникалық процесстің шешуші кезені б.з. 1-мың жылдығының орта кезінде Солтүстік Моңғолиядан Амударияға дейін - Жетісуды қосқанда - оңтүстік жəне оңтүстік-батысқа қарай созылып жатқан орасан зор территорияға біртіндеп түрік тайпалары тарап, мекендей бастады. VI ғ. көне түрік мемлекеті - Түрік қағанатының, содан кейін Батыс Түрік қағанатының ұйымдасуы түрік тілді тайпалардың батыс жеріне тасқындап келуіне, сөйтіп Қазақстанның жергілікті халқын түріктендіруге, антропологиялық түрдің бірте-бірте моңғолдануына, түрік тайпаларының белгілі бір территорияда тұрақтап қалуына себепші болды, Бірқатар түрік мемлекеттері пайда болған дəуірде Қазақстан жеріндегі этникалық процесстерде бірігу əрекеті күшейе түседі. Қазақстанның оңтүстік- шығысындағы Түркеш қағанаты VII- VIII ғғ. Шу мен Іле арасындағы аумақты территорияның тайпаларын біріктірді. Жетісу жеріне Батыс-Алтай мен Тарбағатай арасында жатқан облыстан ауып келген қарлық тайпалары федерациясына (ҮІІІ-Х ғғ.) қарлықтың өздерімен бірге, «қарлық» атымен тізе қосқан түріктілді тайпалар енеді. ІХ-ХІ ғғ. Оғыздар мемлекеті Оңтүстік Қазақстан территориясында Сырдария алқабы мен Арал-Каспий алқабының тайпалары мен этникалық топтарын сол сияқты Жетісудан жылжып барған көшпелі түрік тайпалары мен этникалық топтарының басын біріктірген еді. Қазақстанның солтүстік, шығыс жəне орталық аудандарында VIII-XI ғғ. өздерінің ерте феодалдық мемлекетін құған Қимақ саяси бірлестігінің құрамына көшпелі жəне жартылай көшпелі түрік тайпалары кіреді. Ең ірі тайпаларының бірі - қыпшақтар Қимақ мемлекетінің мұрагері болып қалады. Қазақстаннын оңтүстік жəне оңтүстік шығысындағы халықтар мен тайпалардың өзара шауашылық жəне мəдени əрекеттестігі мен этникалық- саяси жағынан біріге түсуіне Х-ХШ ғғ. Орта Азия мен Шығыс Түркістанда, Оңтүстік жəне Оңтүстік-шығыс Қазақстанның орасан зор аумағын алып жатқан Қарахандар əулеті мемлекетінің құрамында ұзақ уақыт болуы себебін тигізеді. Қыпшақ тайпаларының мемлекеттік бірлестігі (ХІ-ХП ғғ.) Ертістен Орал мен Еділге дейін, тіпті одан əрі Батысқа қарай ұшы-қиыры жоқ кең территорияда жайылып жатқан түрік тайпаларының этникалық-саяси жəне шаруашылық-мəдени байланыстарына қолайлы жағдай туғызады. XIII ғ. бас кезінде Шығыс жəне Оңтүстік Шығыс Қазақстанға Моңғолия мен Алтайдан, Шынғысхан қолының тегеурінді тепкісінен түрік тілді (басқа деректер бойынша моңғол тілді) наймандар мен керейттер жер ауып келеді, олардың этникалық қауымдастық деңгейіне жеткен мемлекеттік-саяси бірлестіктері бар еді. Моңғол жаулаушылығы тұтас алғанда Қазақстан территориясындағы этникалық процесс барысына қатты ықпал жасады. Халықтың дені қырылып- жойылып, құлдыққа алынып, ел-жұрт шебінен алысқа жер аударылып жіберілді. Қазақстандағы түрік тайпаларының қалған бөлігі жаңа саяси құрылымдар арасына - Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстарының арасына бөлшектеніп кетеді, бірақ территорияларды шектеп белгілерде бұрыннан қалыптасқан этникалық шекара есепке алынады. Қазақстан территориясындағы халықтар құрылуының бұрынғы эволюциялық жолы кесіліп тасталады. Халықтың этникалық құрамы, оның этникалық-əлеуметтік ұйымдасу түрлері, өмір тіршілігінің əлеуметтік-экономикалық жағдайы жəне басқалары қатты өзгереді. Дегенмен жүре келе моңғолдар қалың түрік арасына сіңіп, түріктеніп кетеді. Олардың тілі мен əдет-ғұрпын қабылдайды. Моңғол империясы құрылып, ұлыстар ұйымдасып біткеннен кейін тайпалар мен халықтардың бұрын осы жерді мекендегендері де, шығыстан келгендері де бар - бəр-бəрінің араласып тіл табысу, бірлесу процестері жеделдей түседі. Біртіндеп шаруашылық өмірі де қалпына келеді. Қазақстанның түскей бетіндегі қаладар қайта жаңарып, бұрынғы отырықшы мəдениет зоналарындағы егіншілік ошақтары жаңғыра бастайды, тауар айналымы кеңейіп, əртүрлі облыстар халықтарының шаруашылық саласында қарым- қатынас орнығады, бұл əрине тайпалар мен тайпалар бірлестіктерінің, басқа да этникалық-саяси топтардың өзара байланысын, алыс-берісін қамтамасыз етеді. Бұл процестердің бəрі Ақ Орда, Əбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы мен Моғолстан мемлекеттерінің құрылып нығаюына байланысты болатын. Ақ Орданың, Əбілқайыр хандығы мен Ноғай Ордасы халықтарының этникалық құрамы бірдей еді. Оларда сол уақытттың жазба деректерінде жинақтауыш этно-саяси термин "өзбек" атымен белгілі болған түріктілді тайпалар мекендеді. Бұл тайпалардың көпшілігі қазақтың Орта жəне Кіші жүздерінің құрамынан белгілі. Оның басқа бөлігі ХҮ-ХҮІ ғасырлар шамасында Орта Азияға өздерімен бірге "өзбек" атын ала кетеді. Моғолстан құрамына кірген Жетісуды орта ғасырлар деректерінен жинақтауыш этно-саяси термин "моғолдар" атымен белгілі болған тайпалардың негізгі бөлігі қазақтардын басқа бұтағы - Ұлы жүз құрамына кіреді. Моғолдардың енді бір бөлігі Шығыс Түркістанға барып, ұйғырлар қатарын толықтырады, ал үшінші бөлігі - тəн-шəн өңіріне өтіп, қырғыздарға сіңісіп кетеді. Халықтың, бұрын моңғол ұлыстарында болғаны сияқты, ұзақ уақыт ХІҮ-ХҮ ғғ. жеке мемлекеттер құрамында болғаны жоғарыда айтылған факторлар əсерін күшейте түседі, соның нəтижесінде Қазақстан жерінде үш жүз түрінде бірнеше этникалық бірлестік торабы пайда болады. Қазақ жүздерінің əрқайсысының көшіп-қонатын жолдары мен жерлері, ілгеріде аталған мемлекеттер территориясының негізгі бөлігімен сəйкес келетін жалпыға ортақ этникалық территориясы болады. Ұлы жүз Сырдариядан бастап Жетісу жерін түгел жайлайды. Орта жүз Орталық Қазақстан аудандары мен Солтүстік- Шығыс Қазақстанның бір бөлігін қоныс етеді. Сырдарияның төменгі жағы, Арал теңізінің жағалауы, Каспий ойпатының теріскей бөлігі Кіші жүздің мекені саналатын. ХҮ ғ. екінші жартысы мен XVI ғ. қазақ халқының негізгі этникалық территориясын мемлекет етіп біріктіру (Қазақ хандығын құру жəне территориясын кеңейту) халықтың да қалыптасу процесінің аяқталуын тездетті. Қазақ хандығының Əбілқайыр хандығы мен Ақ Ордадан, сол сияқты Моғолстаннан бір айырмасы - оның аналардан гөрі кең, тиянақты этникалық негізгі қалыптасып біткен халқы болды. Моңғол жаулаушылығынан кейін тұңғыш рет Шығыс Дешті-Қыпшақтың Түркістан мен Жетісудың күллі түрік рулары мен тайпалары түгелге жуық бір мемлекетке біріктірілді. ХҮ ғ. екінші жартысынан бастап, осы бір қалыптасқан халық көршілері арасында да сол заман оқиғаларын көрсететін жазба деректерде де "қазақ" атымен белгілі болды. Деректерде бұл термин əуелгі кезде əлеуметтік мəнінде қолданылып, «өз мемлекетінен, тайпасы мен руынан оқшауланып шығып, шытырман оқиғалар іздеуге мəжбүр болған адам". (В.В.Бартольд) мағынасында қолданылады. "Тарих-и Рашиди" мен өзге деректерде "қазақ" атауы Жəнібек пен Керей бастап Жетісуға көшіп кететін саяси топты білдіру үшін бастапқыда "өзбек-қазақ", сосын "қазақ" түрінде пайдаланылады. ХҮ ғ. "өзбек", "қазақ" терминдерінің этникалық мəні болмайды. Мысалы, Ибн Рузбихан XVI ғ. бас кезінде былай деп жазады: "Шыңғыс хан иеліктерінен шыққан, асыл текті үш тайпаны өзбектерге жатқызады. Қазір (олардың) біреуі - шайбанилер, ал оның мəртебелі ұлы ханы бірқатар ата-бабаларынан кейін солардың билеушісі болып келеді жəне болып отыр. Екінші тайпа - қазақтар, олар барша əлемге күш қайратымен, ержүрек батылдығымен əйгілі, үшінші тайпа - маңғыттар, олар патшалары астраханнан". Жəнібек пен Керей хандығы нығайғаннан кейін, олардың қамтуындағы халық түгелдей қазақтар деп атала бастады. Бірте-бірте "қазақ" атауы этникалық мəнге ие болады да, Шығыс Дешті-Қыпшақтың, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның əбден қалыптасқан түріктектес халқының этнонимі ретінде қолданыла бастайды. ХҮІІ ғ. жəне ХҮІІІ ғ. басындағы Қазақ хандығының саяси дамуы. Қазақстан аумағында мемлекеттілік дамуының тамырлары тереңде жатыр. Ол көне дəуірде жəне орта ғасырларда Қазақстан аумағын мекендеген көптеген тайпалар мен халықтардың тарихына байланысты. Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы мен дамуын тарихи əдебиетте Қазақ хандығының дəуірімен байланыстыру қабылданған. Дамудың маңызды кезеңдерінің бірі моңғолдардан кейінгі кезең ХІV-ХV ғасырлар болды. Сол кезде Шығыс Дешті Қыпшақтың (Қазақстанның далалық бөлігі), Жетісу мен Түркістанның (деректемелерде соңғы орта ғасырлардағы Оңтүстік Қазақстан аумағы осылай аталған) көшпелі, жартылай көшпелі жəне отырықшы-егінші халқын этникалық жəне саяси жағынан топтастыру аяқталды. Қазақстан тарихындағы бұл күрделі дəуірдің бастапқы кезеңі моңғол ұлыстарының - Дешті Қыпшақ пен Орта Азиядағы (Мауереннахрдағы) Шыңғыс ұрпақтары иеліктерінің ыдырауымен, соңғы кезеңі нақ Қазақ мемлекетінің, Қазақ хандығының құрылуымен сипатталады. Қазақ хандығының пайда болуы Шығыс Дешті Қыпшақтың, Жетісу мен Түркістанның кең байтақ, аумағындағы əлеуметтік-экономикалық процесстердің заңды қорытындысы болды. Көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік, қала шаруашылығы қалыптасқан аралас экономикалы өлкелердің табиғи тығыз байланысы негізінде ХІҮ-ХҮ ғасырларда тұтас экономикалық ауданның құрылуы аймақтың бүкіл жерінің бір саяси құрылымға бірігуіне қолайлы жағдай əзірледі. Аймақтың көшпелі жəне отырықшы халқының экономикалық мəдени, қоғамдық-саяси байланыстарының нығаюы Қазақ рулары мен тайпаларының этникалық жағынан бірігуіне, халықтың ұзаққа созылған қалыптасу процесінің іс жүзіндс аяқталуына себепші болды. Өз кезегінде Ақ Орда, Моғолстан, Əбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы шеңберінде жергілікті этникалық негізде мемлекеттіктің даму тəжірибесі қалыптасып жатқан біртұтас халықтың саяси жағынан бірігу қажет екенін түсінуіне жəрдемдесті. Этникалық қауымдастықты айқындайтын көптеген элементтерді - тіл, материалдық мəдениет, тұрмыс, тарихи зерде, халықтың ғұрпы, ойлау салты элементтерін қайта жаңғыртуда, оны дамыту мен этникалық аумағын қорғауда мемлекеттің жетекші рөл атқаратыны белгілі. Біртұтас мемлекет қана халықтың этникалық құралу процесіндегі ықпалдардың əсерін жойып, оның этнос ретіндегі мəдени-шаруашылық дамуын қамтамасыз етеді. Бірқатар зерттеушілер көшпелілердің мемлекеттілігі егінші өңір мен қалаларды жаулап алуы арқылы қалыптасады деген пікір ұстанатынын атап өткен жөн. Бірақ тарихи шындыққа қарағанда арғы ата-бабалары сияқты қазақтар таза көшпелі мал шаруашылығымен айналыспаған, олар отырықшы, жартылай отырықшы болған, егіншілік те, қала мəдениетін де білген. Шынына келгенде, қазақ мемлекеттігі Ақ Орданың өзінде-ақ қалыптасқан. Халықтың шаруашылық үлгісінің, ортақтығы, бірдей материалдық мəдениеті мен тұрмысы, Қазақстан аумағында түрік тілдес тайпалардың тіл жөнінен жақындығы орын алған. Ақ Орда мен Əбілқайыр хандығында да, Қазақ хандығында да халықтың ортақ қоныстану аумағы болды. XV ғасырда Ақ Орда əлсіреп, феодалдық талас-тартыстар жағдайында жəне Барақ ханның қаза табуына байланысты Қазақстан даласының көп бөлігінде биліктің Шайбани ұрпағы Əбілқайырдың қолына көшуі - нақ сол Жошы ұрпақтары əулеттерінің алмасуы ғана болып табылады. Ал халық өзгермей, нақ сол аумақ шеңберінде қалды, оны шаруашылықтың материалдық мəдениет пен тұрмыстың ортақ түрлері біріктірді. Əбілқайыр хандығы ыдырағаннан кейін нақ сол қалыптасқан халықта, нақ сол этникалық аумақта, нақ сол шаруашылық-экономикалық жағдайларда билеуші əулет қана алмасып, Жошы ұрпақтарының бұрынғы тармағының (Ақ Орда хандарының ұрпақтары) билігі қалпына келтірілді. Билеуші əулеттердің алмасуы, саясат саласындағы езгерістер қоғамның экономикалық негізде əсер еткен жоқ. Қазақ халқының негізін қалаған Ақ Орда хандарының ұрпақтары Жəнібек пен Керей "қазақтарының" Əбілқайыр "өзбектерінен" этникалық құрамы жөнінен де, əлеуметтік-мəдени дамуы, кəсібінің тегі, материалдық тұрмысы, шаруашылығы жөнінен де еш айырмашылығы болмады. Қазақ хандығы Ақ Орда, Əбілқайыр хандығы мемлекеттігінің тікелей жалғасы болды. Ақ Орда мемлекеттін, Əбілқайыр хандығын, Моғолстанның солтүстік бөлігін (Жетісуды) жəне Ноғай Ордасын қазақ халқының ірі-ірі этникалық топтары мекендеді. Осы мемлекеттерде мемлекеттік даму, шаруашылық, мəдениет саласында моңғолдар жаулап алуының теріс зардаптарын біртіндеп жоюмен бірге XIV-XV ғасырларда қазақ халқынын одан əрі бірігу, топтасу процесі жүріп жатты. Моңғолдар жаулап алуының зардаптарын жоюдың бүкіл кезеңі бойында, Қазақстан аумағында Ақ Орда, Əбілқайыр хандығы, Моғолстан, Ноғай Ордасы өмір сүрген кезең бойында нақ қазақ мемлекеттігін нығайту міндеті алда тұрды. Этникалық жағынан жақын топтардың саяси бытыраңқылығын жою, саяси жəне шаруашылық байланыстардың үзілуіне əкеп соққан үздіксіз соғыстары мен талас- тартыстарды жою, сол үшін сол кезде-ақ іс жүзінде халық болып қалыптасқан қазақ тайпалары мен руларын мемлекет етіп біріктіру міндеті барынша қажет болды. Оны нақты шешуге біртұтас мемлекет құру жəрдемдесе алатын еді. Ол кейінгі ғасырларда қазақ халқынын топтасуын, оның этникалық аумағының тұтастығын халықтың сан ғасырлық мəдениетінің дамуын қамтамасыз еткен Қазақ хандығы болуға тиіс еді.