Алтын Орда (1243 ж.-ХҮ ғ. ортасы)
Шыңғыс ханның жаулаушылық соғыстары. ХШ ғасырдың бас кезінде Моңғол империясының құрылуы Орталық жəне Орта Азия, Қазақстан мен Шығыс Еуропа халықтары мен мемлекеттерінің тарихи тағдырына орасан зор ықпал жасады. Моңғол жаулаушылығы Еуразия аймағын мекен еткен халықтар мен тайпалардың қалыптасқан қарым-қатынасымен өзара байланысын бұзды жəне олардың этникалық-саяси, шаруашылық-мəдени дамуының үрдісін өзгертіп жіберді. XII ғ. орта шенінде монғол тайпалары Монғол Алтайы мен Ертістің жоғарғы жағынан наймандар мен қыпшақтарды ығыстырып, түрік тілді топтарға сіңісіп, түріктерден материалдық медениетінің көптеген элементтерін, шаруашылық пен тұрмыстың түрлерін, көшпеліліктің əдет- ғұрпын, мал тұқымдарын ала отырып, Орхон мен Керулен бойларынан батысқа қарай жылжыды. Сол уақыттан бастап түріктер мен монғолдардың кейінгі уақытқа дейін сақталған қоныстарының шекарасы анықталып қалыптасты. Монғолдар жайлаған аумақ солтүстікте Байкалдан, Ертіс пен Енисейдің жоғарғы бойынан Оңтүстік Гоби шөліне дейін кең көсіліп жатады. Егер ескі дүниенің картасына көз салсақ, онда өркениеттің екі полюсінің - Шығыстағы Қытай мен Үндістанның жəне батыстағы грек-роман əлемі арасында байланыстырушы болып ұзын лента теріздес түрік-моңғол халықтары жатқанын көруге болады. Осы халықтарды біріктіріп, біртұтас мемлекет құрса, ол шығыс пен батыс арасындағы өркениет көпіріне айланар еді. Осы үлкен мақсатты орындауға кірісу жəне "темір мен оттың" көмегімен аяғына дейін жеткізу ХШ ғасырда Шыңғыс ханның үлесіне тиді. ХП ғасырдың аяғы - ХШ ғасырдың басындағы Орталық Азия мен Қазақстан далаларында билік етуші тайпалар арасындағы күрес асқынып кетті. Күрес барысында моңғол тайпалары көсемдерінің бірі Тимучиннің (Шыңғыс хан) мерейі үстем болып, ол Орта Азия тайпаларының басын қосқан құдіретті билеушіге айналды. Тимучин, яғни болашақ, Шыңғыс хан 1155 жылы ақпанда (кейбір деректе 1162 жылы) Онон өзенінің жағасында, Дели-Чюн-Болдок шатқалында дүниеге келді. Оның əкесі белгілі моңғол билеушісі ноян Есугей-бахадүр текті əулеттен шыққан, халық арасында белгілі кісі болатын. Отбасының тұңғышы Тимучин дуниеге келуі жөнінде монғол-қытай жазбасы ("Юань-ши") былай дейді: «Есугей батыр татар тайпаларына қарсы жорықта жеңіске жетіп, олардың басшысы Тимучинді қолға түсіреді. Осы кезде батырдың əйелі императорды (Шыңғысты) босанады. Оның қолында ұйып қалған қан болыпты-мыс. Жеңістің құрметіне оған қолға түскен татар батыры - Тимучиннің атын қояды». Тимучин мəртебесін көтеруге оның керейттер ұлысының билеушісі Тоорип Ван-ханмен ынтымақтасуы маңызды болды. Керейттердің наймандармен, моңғол тілдес татарлармен жəне меркіттермен соғысында Тимучин Ван-ханның вассалы ретінде соғысып, құрметті атақтарға қолы жетті. 1185 жылы Ван-хан, Тимучин жəне моңғол тайпасы жаджираттан шыққан Жамуха Селенга өзенін сағалаған меркіт ұлысын талқандайды. Жеңіс Тимучинннің күшін арттырып, оны басқа да белгілі билеушілердің қатарына қосты. Тимучинге жалайыр, барлас, т. б. рулар қосылды. 1199 жылы Тимучин мен Ван-хан найман хандарының бірі Буюрикке шабуыл жасап, талқандап жеңді. 1200 жылы Тимучин мен Ван-хан меркіттерді жеңді. 1202 жылы Жамуха найман, меркіт, ойрат, т.б. тайпалардан күш жиып, Тимучин мен Ван-ханға қарсы шығып, жеңіліс тапты. 1202 жылы Тимучин татар ұлысын түпкілікті талқандайды. Бірақ Тимучиннің жаңа қарсыласы меркіттер мен наймандардың біріккен күштері басында Буюрук хан тұрды. Уақытты ұттырғысы келмеген Тимучин 1204 жылы 45 мың атты əскермен наймандарға жорығын бастайды. Бұл шайқас Нагу тауы етегінде басталады. Əйтсе де наймандардың бір бөлігін бастап Даян ханның баласы Күшлік құтылып кетеді. 1206 жылы монғолдар найман ханы Буюрукті талқандайды. Енді Тимучин Орталық Азия даласындағы жалғыз билеуші болып шыға келді. 1206 жылдың көктемінде Онон өзені сағасында Тимучинді жақтаушы көшпелі билеушілер бас қосып, қасиетті ақ туды көтерді, құрылтай шақырып, Тимучинді ұлы хан деп жариялап, оған Шыңғыс хан атағын берді. 1208 жылы Шыңғыс ханның əскері қашқан наймандар мен меркіттерді қуалай отырып, оларды Ертіс жағалауында екінші рет талқандайды. Ал жеңіліс тапқан наймандар мен керейттер Күшлік ханның бастауымен Жетісуға келіп паналайды, ал меркіттер болса, Орталық Қазақстан даласына қашты. Осы тұста Жетісуда да аласапыран мезгіл туған еді. Оған себепкерлер Шығыс Түркістандағы ұйғырлар, қарақытайға бағынышты жетісулық, қарлұқтар мен қаңлылар еді. 1211 жылы Жетісуда алғашқы моңғол əскерлері пайда болады. Көп кешікпей оларды Шыңғыс хан солтүстік Қытайдағы Цзинь империясымен соғысқа шақырып алады. Шыңғыс хан əскері 1211-1215 жж. Қытайға жасаған жорығынан кейін моңғол армиясында Қытайдың əскери техникасы - қабырға құлатқыш, тас атқыш жəне от атқыш қарулары пайда болды. 1216 жылы Солтүстік Қытайдағы бұл науқан сəтімен аяқталған соң моңғолдар батысқа жылжуын қайта жалғастырды. 1218-1219 жж. моңғолдар көптеген көрші халықтарды бағындырды. Енисей қырғыздары мен буряттар жері жаулап алынды. Ұйғыр, Тұрпан князьдіктері моңғолдар билігін ерікті түрде қабылдады. Цзинь империясының армиясын талқандағаннан кейін монғолдар солтүстік Қытайды басып алды. Шыңғыс ханның ендігі ойы батыс елдерін - Орта Азия мен Иранды, Таяу Шығыс пен Кавказ сырты, Шығыс Еуропаны жаулап алу болды. Əлі жаулап алынбаған Ертістің, Арал теңізі мен Əмударияның батысындағы жерді үлкен ұлы Жошы мен оның ұрпақтарының ұлысы етіп берді. Шыңғыс хан үлкен ұлы Жошыға қьпшақтарды паналаған меркіттерді талқандауға, сүйікті қолбасшысы Жебе ноянға Күшлік ханды бағындыруды табыстады. Жетісуда билік басында отырған Күшлік хан 1218 жылы моңғолдардан тағы да жеңіліс тауып, Бодахшанда қолға түсіп басы шабылады. Қазақстан мен Орта Азияға жорықты Жетісу арқылы жүргізбекші болған Шыңғыс хан Жетісуды аса көп қарсылықсыз-ақ басып алды. Жебе ноян жарлық беріп, бейбіт халықтың мал-мүлкіне тиісуге тыйым салды, ал мұсылмандарға кұдайға құлшылық, етуге рұқсат берді. Моңғолдар үшін Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алу Ескі дүниені тұтастай жаулап алу стратегиясының құрамдас бөлігі деп қараған жөн. Шыңғыс хан ат тұяғы жеткен жердің бəрін өзіне қаратуды алға қойды. Орта Азия мен Қазақстанды қарату оған Шығыс Еуропаға жəне Алдыңғы Азияға апаратын жолды ашты. Осы себепті бұл жорыққа Шыңғыс хан мұқият даярланды. Моңғолдарға қызмет еткен мұсылман көпестер мен қашқындар Қарақытай мемлекеті, кейінде Хорезмшах жайлы мəліметтер тасумен болды. Шығыс Түркістан мен Жетісудың моңғол қолына өтуі Оңтүстік Қазақстанда, Орта Азияда дүрбелең туғызды. Хорезмшах пен Шыңғыс хан қайта-қайта елшіліктер алмасумен болды. Жетісуды бағындырғаннан кейін Шыңғыс ханның Мауреннахрға, сол кезде бүкіл Орта Азияны билеп отырған Хорезм мемлекетіне қарсы жорығына жол ашылды. Орта Азияны бағындыру үшін Шыңғысхан сауда керуенін жіберді. Онда 450 адам, 500 түйе бар еді. 1218 жылдың жазында керуен Отырарға жетеді. Отырар билеушісі Қайырхан Иналшық көпестердің тыңшы екенін байқаған соң керуенді кұртып жіберуге бұйрық береді. Енді Шыңғыс хан Хорезмшах алдына Қайырханды қолыма бер деген талап қояды. Бірақ осы талапты айтуға келген елшілер де өлтіріледі. Осылайша Шыңғыс ханның Хорезмге қарсы жорығы басталады. Жорық 1219 жылдың қыркүйек айында Ертіс жағалауынан басталады. Шамамен 150 мың əскер жинаған Шыңғыс хан Ертістен Сырдарияға жетті, əрі бұл жорық Жетісу арқылы жүріп өтті. Моңғол əскері Отырарға таяп келгенде Шыңғыс ханның ұлдары Шағатай мен Үгедей бастаған бірнеше түменді қаланы қоршау үшін қалдырып, əскерлердің Жошы бастаған басқа бір шоғырын Сыр бойымен Жент жəне Жаңакент қалаларына жіберді. Үшінші шоғырға Сырдарияның жоғарғы ағысы бойындағы қалаларды бағындыру міндетін жүктеді. Шыңғысхан ұлы Төлеймен əскердің негізгі күштерімен Бұқараға беттеді. 1219 жылдың күзінде Шыңғысхан орасан зор əскерді бастап, Жетісу арқылы Мауереннахрға аттанды. Ол алғашқы соққыны Сырдария бойындағы қалаларға бағыттады. Моңғолдардың қарамағында бұл тұста көптеген жергілікті феодалдар мен көпестер бар еді. Олар Шыңғыс ханды қажетті мəліметтермен жабдықтап отырды. Жетісуда Шыңғыс ханға өз əскерлерімен Бесбалық қаласының билеушісі мен Алмалықтың ірі феодалы - Сугнак тегін келіп қосылды. Шыңғыс хан нөкерлері ішінде Қойлық қаласынын əмірі де болды. 1219 жылы қыркүйекте Шыңғыс хан əскерлері Отырар қаласына келіп, оны қоршауға алды. Қалада 80 мыңдай əскер бар еді. Отырар қорғанысы Қазақстан мен Орта Азияның халық бұқарасының монғол басқыншыларына қарсы жүргізген ерлік күресінің айқын көрінісі болды. Қаланы қоршау 5 айға жуық уақытқа созылды. Қаланың құлауына опасыздық себеп болды. Хорезмдік əскербасы-Қараджа хаджиб түн жамыла қаланың Софыхан қақпасынан шығып, моңғолдарға өтіп кетті. Қаланы қоршап тұрған монғол əскерлері осы қақпа арқылы қалаға лап беріп, басып кірді. Монғолдар оны əбден тонады, халқын қырғынға ұшыратты. Осыған қарамастан əскердің бір бөлігі мен қала халқы оның ішкі қамалына кіріп алып, бір ай бойы қайыспай қарсылық көрсетіп, бір адамы қалғанша соғысты. Əбден титықтап барып алған қамалдағы жаралы, ауру адамдарды моңғолдар қырып салды. Сөйтіп, Отырар қамалын жермен-жексен етіп, Шағатай мен Үгедей бастаған моңғол шоғырлары Шыңғысханға келіп қосылды. Бұл кезде Шыңғысхан Бұқара мен Самарқанд арасындағы жолда болатын. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы Сыр бойындағы қыпшақтар астанасы Сығанақты 7 күн жəне 7 түн қоршады. Ақыры басып алған соң тұрғындарын тегіс қырып жіберді. Сырдың бойымен төмен жүріп отырып Өзгент жəне Баршынлықкент қалаларын қарсылықсыз алды. Ашнас қаласын қорғаған керейлер қатты қарсылық көрсетті. Бірақ күш тең емес еді. Қала халқының көбі қырылып кетті. Бұдан кейін Жент пен Янгикент қалалары кұлады. Осының бəрі 1219-1220 жылдың қысы мен көктемінде болған оқиғалар еді. 1220 жылды Жошы хан Жент қаласында өткізді. Ал 1221 жылы Гургендж (Үргеніш) қаласының тұрғындары қаланы бірнеше ай бойы ерлікпен қорғады. Сондықтан бұл қалаға Жошы, Шағатай жəне Шыңғыс хан əскерлерін əкелуге мəжбүр болды. Қала алдырмады. Оны тура шабуылмен ала алмағаннан кейін, моңғолдар Əмудария өзенінің бөгетін бұзып, қаланы суға толтырып барып басып алды. Монғол басқыншыларына Орта Азияның ең ірі қалалары Бұқара мен Самарқанд қалаларының халқы да табанды қарсылық көрсетті. Оңтүстік жəне Оңтүстік Қазақстан арқылы сапар шеккен Плано Карпини осынау жерден яғни Сырдарияның төменгі жағынан "қиратылған сансыз қалаларды, бұзылған бекіністерді, көптеген қаңырап қалған қыстақтарды көргендігін" айтады. Қалалармен қатар суару жүйелері бұзылып, егістіктер тапталады жəне сол маңайдағы егіншілік аймақтары құртылады. Сырдария бойындағы егінді мекендердің көптеген халқы қырылады, егіншілері тұтқынға алынады, үшіншілері басы ауған жаққа бытырап қашады. Тұтас бір аудандар, оның ішінде көшпелілері де бар, құлазып бос қалады. 1219 жылдан 1221 жылға дейін Шыңғыс хан əскерлері бүкіл Орта Азияға ойран салып өтті. Талай қалаларды талап, жойып жіберді. Хорезмшах Мұхамед Иранға қашып кетті. Ол кейін Каспий теңізі аралдарының бірінде өлді. 1220-1221 жылдарғы қысқы жорықтардың нəтижесінде моңғолдар Хорезм жерін тегіс жаулап, Орта Азиядағы соғыс қимылдарын аяқтады. 1221 жылдың көктемінен бастап соғыс Хорасан, Ауғанстан жəне Солтүстік Үндістан мемлекеттерінің жеріне ауысты. Жебе нойон мен Сүбедей нойон басқарған 30 мың əскер Солтүстік Иран арқылы 1222 жылы Кавказға баса көктеп кіріп, аландарды, қыпшақтарды (орыс жылнамаларында половецтер) жəне Калкада орыстарды талқандаған соң қазіргі Қазақстан даласы арқылы (Шығыс Дешті Қыпшақ) Ертістегі Шыңғыс хан ордасына 1224 жылы оралды. Осылайша 1219-1224 жж. моңғол шапқыншылығы нəтижесінде Қазақстан мен Орта Азия Шыңғыс хан империясының құрамына енді. Шыңғысханның жаулап алған байтақ жері түгелімен оның балаларына бөлініп берілді. Отпен өртеп, қылышпен қырып, орасан зор империя құрған Шыңғыс хан өзінің төрт ұлының əрқайсысына үлес бөліп берді: кіші ұлы Төлей Шыңғысханның негізгі жұртын - Моңғолияның өзін, сондай-ақ, моңғолдың тұрақты 129 мың адамдық армиясының 101 мыңын алды. Моңғолиядан батысқа қарай жаулап алынған ұлан-ғайыр аумақ, үлкен ұлдарына бөлінді, бұл орайда олардың əрқайсысына тұрақты əскерден 4 мың адамнан бөлініп берілді. Шыңғыс ханның үшінші ұлы Үгедейге Батыс Моңғолия мен ұлысының орталығы орналасқан Жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай аймағы қарайтын болды. Өзін ұлы хан деп жариялағаннан кейін (1228/29-1241) Үгедей, Орхонда, Қарақорымда тұрды. Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайдың иелігіндегі жерлер Оңтүстік Алтайдан Əмударияға дейінгі, ұйғырлар өлкесінің шекарасынан Самарқанд пен Бұқараға дейінгі жерлердің, яғни Шығыс Түркістанды, Жетісу мен Мауереннахрдың денін қамтыды. Жамал Қаршидің деректері бойынша, Шағатай иеліктерінің негізгі бөлігін құраған өлке Аларғу елі деп аталды; оның басты қаласы Алмалық болды. Шағатайдың жазғы ордасы Іле өзенінің, алқабындағы Кұяш деген жер болды. Оның мирасқорларының ордасы, Жувейни деректері бойынша, түрікше Ұлығ-Иф (Ив) деген атпен, яғни «Үлкен үй» деген атпен мəлім болған. Шағатай мен оның мирасқорлары иеліктерінің кұрамына Балх жəне Хорасан өлкелері де кірді. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының үлесі Ертістен батысқа қарай жəне Қойлық пен Хорезм шекарасынан Саксин мен Бұлғардың татар аттарының тұяғы тиген жерлерге дейінгі ұшы-қиырсыз аймақты алып жатты, сөйтіп Жетісудың солтүстік бөлігін жəне Төменгі Еділ бойына дейінгі жерді қоса бүкіл Шығыс Дешті-Қыпшақты қамтыды. Рашид ад-Диннің деректеріне сəйкес, Жошының ордасы Ертісте болған, бірақ басқа деректемелер бойынша, ол Сарысуға жақын маңда, қыпшақтар елінде жерленген. Ертісте, Алакөл көлінің маңында, Плано Карпинидің дəлелдеуі бойынша, ХШ ғасырдың орта шенінде Жошының баласы Орда-Ежен тұрған. Алтын Орданың құрылуына байланысты Жошы ұлысының саяси өмірінің орталығы Төменгі Еділге ауысты. Сонымен Қазақстан аумағы моңғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен (далалық) бөлігі - Жошы ұлысының құрамына, Оңтүстік жəне Оңтүстік - Шығыс Қазақстан - Шағатай ұлысына, Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі - Үгедей ұлысына кірді. Шыңғыс ханның тірі кезінде ұлдарына бөліп берген жерлер олар үшін тек қана пайда көзі болды, бірақ империя басшысына бағынышты болып қала берді Ол өлгеннен кейін жағдай өзгерді. Моңғол державасының ұланғайыр кеңдігі, ұлыстардың иелері тұрған жерлердің Орхондағы жалпы империя орталығынан шалғайлығына байланысты жергілікті жерлердегі билік қана шын мəнінде билік болып қалды. Ұлыстық жүйенің əулеттік бастамасы, ұлыстардағы іс жүзіндегі биліктің Шыңғыс ханның ұлдары ұрпақтарына ауысуы ұлыс қарауында елеулі əскери күші бар Шыңғыс хан ұрпақтарын өз əулеттерін толығымен дербес етіп алуға, ал ұлыстарды тəуелсіз иеліктерге айналдыруға итермеледі. Ұлыс билеушілері қолына біртіндеп бүкіл билік толығымен көшіп, империя бірнеше дербес мемлекетке ыдырады. Оның ыдырауының негізгі себептері халық бұқарасының моңғол езгісіне қарсы күресі, көптеген елдер мен халықтарды қарудың күшімен өзіне қаратып алған империяның іргесінің берік еместігі, қырық құрау болып, үнемі жалғасқан өзара қырқыстар, экономикалық байланыстардың, медени-тарихи дəстүрлердің болмауы еді. Алтын Орда 1227 жылы Шыңғыс хан дүние салғаннан кейін, бұл ұмтылыс күшейе түседі де, империя бірнеше тəуелсіз мемлекетке бөлініп кетеді. Оның себебі Моңғол державасының ұлан-ғайыр кеңістігі, ұлыстардың иелері тұрған жерлердің Орхондағы жалпы империя орталығынан шалғайлығына байланысты іс жүзінде əрбір ұлыс теуелсіз бола бастады. Ұлыс басшыларының қолына біртіндеп бүкіл билік толығымен көшіп, империя бірнеше дербес мемлекетке ыдырады. Оның ыдырауының басты себептері мынада: 1) халық бұқарасының моңғолдық езгіге қарсы күресі; 2) көптеген елдер мен халықтарды қарудың күшімен қаратып алған империяның берік болмауында; 3) өзара үдіксіз жүргізілген соғыстарда; 4) экономикалық мəдени байланыстардың, тарихи дəстүрлердің болмауында. Шыңғыс хан қазаға ұшырағаннан кейін 1235 жылы Қарақорымда моңғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысы Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасауға шешім қабылдады. Моңғол əскерлерін Шыңғыс ханның немересі Жошының екінші ұлы Батый хан басқаратын болды. Батый əскері моңғол шоғырларына еріксіз енгізілген, əртектес тайпалардың жауынгерлерінен құралды. Ондағы басқару қызметтерінің бəрінде моңғол феодалдары болды. Батыйдың самсаған əскері 1236 жылы Камадағы Бұлғарияны, мордваларды талқандап, 1237-1240 жылдары орыс мекендеріне келіп шүйлікті. Орыс халқы монғол басқыншыларына ерлікпен қарсылық көрсетті. Рязань, Мəскеу, Владимир түбінде моңғол əскерлерімен кескілескен ұрыстар болды. Орыстардың шағын ғана қаласы Козельск тұрғындары жеті апта бойы монғолдарға жан аямай қарсылық көрсетті. Осы ұрыстарда мыңдаған моңғол қырылды. Бірақ сан жағынан əлдеқайда көп Батый əскерлері қаланы басып алып, оны жермен жексен етті. 1239 жылдың басында Батый əскерлері Еділ өзенінің ту сыртынан орыс жеріне екінші жорыққа аттанды. Қызу ұрыстар жүргізе отырып моңғолдар Переяславль қаласы, онан кейін Чернигов жеріндегі Глух қаласын алды. 1239 жылдың қазан айында олар Чернигов қаласын қоршауға алып, оны өртеп күлге айналдырды. 1240 жылдың күзінде Батый əскерлері Киевті қоршады. Киев халқы ұзақ уақыт қаланың сыртында, тіпті монғолдар қала ішіне басып кіргеннен кейін де қарсылығын тоқтатпады. Олар түгелімен дерлік қырғынға ұшырады. Аса бай медениет ескеркіштері бар ертеден келе жатқан орыс қаласы тағылықпен талқандалды. Орыс халқының моңғолдардың күшін əлсіреткен, оларға қарсы жүргізген ерлік күшінің нəтижесінде ғана Батыс Еуропа монғол шапқыншылығынан аман қалды. Польшаны, Венгрияны, Дальмацияны шапты, Грузияны жеңіп, Кавказдың басқа да кейбір халықтарын бағындырды. Алтын Орда шекарасы Ертістен Днестрге дейін созылды. Шығыс Еуропада оған Еділ бұлғарларының жері, Дешті Қыпшақ, Қырым жəне Дербентке дейінгі Солтүстік Кавказ (кейде Бакуғе дейін), Орта Азияда Үргеніш қаласымен қоса Солтүстік Хорезм, Сырдарияның теменгі ағысына дейінгі аймақ түгел қарады. Тарихи əдебиетте бұл мемлекеттің Алтын Орда деген атауы орнықты. Алғашында Алтын Орда Моңғол империясына оның бір ұлысы ретінде енген еді, ал ХШ ғасырдың 60-жылдарынан кейін ол дербес хандық болып бөлінді. Алтын Орда астанасы алғашқы кезде Еділ сағасындағы Сарай-Бату қаласында (қазіргі Астрахань маңында) болды; көп кешікпей ол Азиядан Еуропаға баратын керуен жолындағы аса ірі сауда орталығына айналды. Кейінірек Сарай Беркеге (Еділ бойымен Сарай-Батудан жоғарырақ) көшірілді. "Алтын Орда" ұғымы біртекті емес; бір жағдайда Алтын Орда деп Батый мен оның мирасқорлары Беркенің жеке иелігіндегі жерлер, яғни Төменгі Еділ бойы мен Солтүстік Кавказ, ал енді бір орайда түгелдей Жошы ұлысы айтылады. Батый (1227-1255 жж.) зор беделге ие болды жəне іс жүзінде империяны өзінің қолдауымен таққа отырған ұлы хан Мөңкемен бірге биледі. Алайда Батый да, оның мирасқорлары да Алтын Орданың тағында біртұтас мемлекетті басқарушылар болмады. Батый хан Шығыс Еуропаға жасаған жеті жылдық (1236-1242) жорығынан кейін ата-бабадан келе жатқан əдет-ғұрыпқа бағып, өзінің басқа бауырларына да үлес берген. Інісі Орда Еженнің ұлысына Жетісудың солтүстік-шығыс белігіндегі жерлер, Ертіс бойындағы кең-байтақ аумақ Ұлытау мен Қаратауға дейінгі жерлер кірді. Ұлыстың аумағы біртіндеп кеңейе берді. ХІІІ ғ. екінші жартысында-ақ Орда Еженнің немересі Қонышанның тұрған жері, деректеме бойынша, Орта Сырдариядағы Жент пен Үзкент маңында болған, ұлыстың саяси орталығы осы жерге ауысқан еді. Іс жүзінде ХШ ғ. ортасынан бастап Орда Ежен ұлысы дербес мемлекет болып, шығыс деректемелерінде ол Ақ Орда деп аталған. Орда Ежен ұлысынан батысқа қарай Шайбани иелігіндегі жерлер жатты. Шайбани ұлысының бөлінуі туралы Махмұд ибн Уəли былай деп хабарлайды: "... Шыңғыс ханның ұлы Жошы ханның баласы Шайбани хан жеті жылдық жорықта астар, орыстар, черкестер жəне бұлғарлар елдерін жаулап алған кезде ептілік көрсетіп, ағасы Батыйдан сыйлық ретінде төрт омақ алды". Шайбани ұлысының аумағы туралы Əбілғазы былай деп хабарлайды: "Шайбани жазда Орал бөктеріндегі, Тобыл, Жайық, Ырғыз өзендерінің аралығындағы кең байтақ жерлерде, ал қыста Арал теңізі өңірінде, Шу, Сарысу өзендерін бойлап жəне Сырдарияның төменгі ағысында кешіп жүрген". ХШ ғ. екінші жартысындағы ХІV ғ. басындағы Алтын Орданың тарихы орыс князьдықтарымен, Иранның Хулагу əулетімен болған үздіксіз соғыстарға толы, бұлардан Берке (1257-1266) мен оның мирасқорлары Əзірбайжанға жəне Оңтүстік Каспий маңындағы басқа да жерлерді иелену құқығына таласты. Меңгу-Темір тұсында (1266-1280) Алтын Орда Монғол империясының орталығынан біржола оқшауланып, тұңғыш рет өз атынан теңге соға бастады, Орта Азия мен Жетісуда Шағатай ұрпақтарының билігін нығату үшін ұлы ханға қарсы күресінде Хайдуды қолдап отырды. Алтын Орда ХШ - XIV ғасырлар аралығында күшті мемлекет болып тұрды. Бұл тұста оның мемлекет ретінде беделі өсіп, көрші елдермен қарым- қатынасы нығайды, шаруашылығы, мəдениеті өркен жайды. Осы кезендерде Алтын Орданың қол астындағы жерлерде, əсіресе Батый сарайы, Берке сарайы, Керчь, Үргеніш, Хорезм, Сығанақ сияқты кенттерде қолөнер, ғылым, əдебиет салалары өсті. Оған біріншіден түрік текті ру-тайпалар мен халықтардың медениеті, əл-Фараби, Əбу Əли ибн Сина, Əл-Бируни, Ас- Сығанақи, ибн Исқақ, Фирдауси, Низами, Ахмет Иассауи, Сүлеймен Бақырғани тəрізді ғалымдар мен ақындардың мұраларын пайдалану мен ілгері дамыту оң əсерін тигізсе, екіншіден көрші елдер мəдениетін үйренудің ізгі ықпалы болды. Алтын Орда көп ұлтты мемлекеттік құрылым еді. Ол қоғамдық- экономикалық дамуының деңгейі жағынан бір-бірнен айырмашылығы үлкен, өзіндік мəдениеті мен əдет-ғұрыптары бар, əр алуан халықтар мен тайпалардан құралатын. Дешті Қыпшақ даласындағы көшпелілердің басым көпшілігі ең əуелі қыпшақтар содан кейін қаңлылар, қарлұқтар, наймандар, т.б. болатын. Алтын Орданың отырықшы облысында бұлғарлар мен мордва, орыстар мен гректер, шеркестер мен хорезмдіктер, т.б. тұратын. Монғолдардың өздері тіпті аз еді. ХШ-ХІV ғасырлардың шамасында, əсіресе XIV ғ. монғолдар іс жүзінде түріктеніп кеткен еді, ал Алтын Орданың халқы "татарлар" деп атала бастады. Алтын Орданың хандары Батый (1241-1256 жж.), Берке (1257-1266 жж.), Мөңке-Темір (1266-1280 жж), Туда-Мөңке (1280-1287жж.), Төле-Бұқа (1287- 1291 жж.), Тоқты (1291-1312 жж.), Өзбек (1312-1342 жж.), Жəнібек (1342- 1357 жж.) хандар тұсында Алтын Орданың қуаты арта түсіп, билігі мейлінше күшейді. Егер Жошы мен Батый Монғолиядағы ұлы ханға белгілі бір дəрежеде бас иген болса, Беркеден бастап Алтын Орда хандары өздерін толықтай тəуелсізбіз деп есептеді. Батыс Еуропа жəне Мысырмен, Кіші Азиямен, Үндістанмен, Қытаймен сауда-сатығы өркендеді, əртүрлі кəсіпшілік пен қолөнері дамыды. Берке тұсында Алтын Ордаға ислам діні ене бастап, Өзбек тұсында ол үстем дінге айналды. Өзбек ханның (1312-1342 жж.) жəне оның баласы Женібектің (1342-1357 жж.) тұсында Алтын Орданың күш-қуаты барынша кемел кезіне жетті. Өзбек хан Орда-Ежен ұрпақтарының бұрынғы вассалдық тəуелділігін қайтаруға тырысып, Сығанақта өзінің баласы Тыныбекті хан тағына отырғызды; алайда ол көп кешікпей өлтіріліп, билік Орда-Еженнің ұрпақтарына қайта көшті. Саяси өмірдің ерекше маңызды кезеңдерінде билеуші əулеттің өкілдері бастаған əскери-феодалдық алпауыт-бектердің құрылтайы шақырылып тұрды. Алтын Орданың мемлекеттік құрылымы тұтас алғанда Шыныс хан енгізген үлгінің ізімен жүрді. Мемлекет Жошы ұрпағынан шыққан хандардың меншігі саналды. Аса маңызды мемлекеттік мəселелерді шешу үшін билеуші əулет мүшелері бастаған ақсүйектердің, жалпы жиналысы - құрылтай шақырылатын болған, Əлеуметтік қызметерді атқаруға билеуші топтың өз адамдары – оғландар, əмірлер, даруға бектер қойылды. Мемлекеттік мекемелердің басында атақты билер мен олардың көмекшілері - бақауыл, тұқауыл, жасауыл, қази, муфти, дуан бітікшілері, талғамшылар отырды. Қалалар мен бағынышты аймақтарды басқару үшін губернаторлар - жаруғашылар, басқақтар тағайындалды. Олардың негізгі міндеті жергілікті халықты бұғауда ұстау əскердің күшімен алым-салық жинау еді. Алтын Орда халқының қоғамдық жəне мəдени даму дəрежесі əркелкі болды. Көшпелі халықтарда (қыпшақ, моңғол, татар тайпалары) жартылай патриархтық, жартылай феодалдық қатынастар үстемдік етті. Шаруалардың жағдайы мейлінше ауыр болды, олар екі жақтан бірдей қаналды: ханға да, жергілікті ірі алпауыттарға да алым-салық төледі. Кейіннен Алтын Орда хандары жергілікті билеушілерге тархандық жарлық үлестіруді кеңінен қолданды. Мұның өзі феодалдардың бағынышты халықты шексіз билеуіне жəне салықты өз қалауынша жинауына ерік берді. Егінші шаруалар өңделген жерден заттай алынатын салық төледі. Серіктес шаруалар феодалдарға еріксіз жұмыс істеп салықтарын өтеді. Жекеменшікті қорғау үшін мемлекеттік заң жəне мемлекеттік идеология қалыптасты. Ол туралы Лев Гумилев "Мені Евразиялық деп атайды" атты еңбегінде: "Жошы ұлысына қарайтын бүкіл елге - Еділдегі Алтын Ордадан, Тюменьдегі Көк Орда мен Ертістегі Ақ Ордаға дейін ислам дінін қабылдауға мəжбүр етілді" – дейді. Феодалық қатынастар дамыған сайын Алтын Орданы билеушілер арасында талас күшейіп, феодалдардың өзара күресі мемлекетті жегідей жеді. Мұның үстіне жаулап алынған тəуелді халықтардың күресі етек алды. Моңғол езгісіндегі тайпалар мен халықтар құлдық бұғауынан құтылуға тырысты. 1238 жылы Бұқарада қолөнерші Махмұд-Тараби бастаған көтеріліс болды. Көтерілісшілер қаланы басып алғанмен моңғол əскерлері көтерілісті аса қаталдықпен басып жаныштады. Бұқарада болған көтеріліс моңғолдарға қарсы азаттық күресінің өрістеуіне мықты ықпал жасады. Қыпшақтар, половсылар, чуваштар, мордвалар, марийлер жəне басқалары бас көтерді. 1240-1241 жж., сондай-ақ 1270 жылы кама бұлғарлары моңғолдарға қарсы көтеріліс жасады. Мұның өзі Алтын Орданы əлсірете берді. 1259 жылы Новгородта, 1262 жылы Растовта, Суздальда, Ярославльде болған көтерілістен Алтын Орданың іргесі шайқалды. 50-жж. орта шенінде Жəнібек ханды оның үлкен ұлы Бердібек өлтіргеннен кейін, "ұлы алапат" (1359-1379 жж.) деген атпен мəлім болған жиырма жылдық өзара қырқыс басталды. Алтын Орданың батыс бөлігі бірнеше иеліктерге бөлінді. Еділ бойында, Астраханда, Қырымда, Сарайшықта жергілікті əмірлер, Қара теңіз өңірінде түменбасы Мамай орнықты. 1380 жылы Алтын Орданың нағыз билеушісі мыңбасы Мамай Куликово даласында Дмитрий Донской бастаған орыс əскерінен тас-талқан болып жеңілді. Жошының ұрпағы Тоқтамыс Мамайдың күйрегенін пайдаланып, Алтын Орданың билігін тартып алады. Өз өкіметін əскери жеңістермен нығайту үшін 1382 жылы Мəскеуді өртейді, Мəуреннахр мен Кавказдың ар жағына бірқатар жорықтар жасайды. Ал Мауереннахр билеушісі Əмір Темір өз тарапынан Алтын Ордаға бірнеше рет қанды жорық жасап оны ойрандап кетеді. Осы соққыдан ол оңала алмайды. Жошы ұрпақтарынан тараған жекелеген хандар мен ірі тайпалардың жетекшіліктері оларды уақытша біріктіргенімен де, XV ғ. өзінде-ақ бұл иеліктер тəуелсіз Қазан, Астрахан, Қырым, Үлкен Орда хандықтарына айналды. Қазақстан мен Түркістанның далалық аумағында жергілікті билік нығайды, сөйтіп, Алтын Орданың күні өтіп шаруасы бітеді. Əлгі ұлыстар ішіндегі ең ірісі Еділ мен Дон арасынан құрылған Үлкен Орда (XV ғасырдың 30 жылдары) болады.