Наймандар мен керейт ұлыстары (ХІІ ғ. басы – ХІІІ ғ.).
Наймандардың, керейттердің ертеректегі мемлекеттері Орталық Азияның шығыстан Қазақстанға шектесіп жатқан Монғолия аумағында пайда болса да, олардың тарихының Қазақстан тарихына тікелей қатынасы бар. Көшпелі мемлекеттіктің бастаулары Орталық Азияның нақ шығысында жатыр, ежелден Қазақстанның өз жерінде мекендеген халықтар мен тайпалардан басталатын дəстүрлермен қатар олар кейіннен қазақ мемлекеттілігіне тəн болды. Найман тайпалар одағы ҮІІІ ғасырдың орта шенінде Жоғарғы Ертіс пен Орхон аралығында сегіз-оғыз (яғни «сегіз тайпаның одағы») деген атаумен пайда болған. Сегіз-оғыздар Хангайдың батысынан Тарбағатайға дейінгі жерді, яғни өзіміз кейінен наймандар деп атайтын жерді алып жатты. Найман тайпалар одағы ХІІ ғасырдың бірінші жартысында Елюй Даши бастаған қидандардың Жетісу жеріне кетуіне байланысты аталады. Елюй Даши күштерін батысқа жинап, чжурчжендерді қуып шығып, қидандардың Ляо империясын қалпына келтірмекші болды. Елюй Дашиді ұйғыр идикуты қабылдаған кезде найман билеушілері оның əскерлерінің қажеттері үшін оған мал əкеліп берген. Х-ХІІ басында наймандар Ляо империясына вассалдық тəуелділікте болып, оның батыс шетінде, яғни Шығыс Қазақстан мен Батыс Монғолия жерінде тұрған. Жетісуда Қарақытайлар мемлекеті құрылғаннан кейін наймандардың жерлері солардың иеліктерімен көрші болды. Рашид ад-Дин наймандар жөнінде бір бөлігі «өте тау-тасты жерлерді», ал бір бөлігі жазира- жазықтары мекендеген көшпелілер дейді. Деректемелердің көрсеткеніндей, кеш дегенде ХІ ғасырда найман тайпалары Селенга мен Орхон өзендерінің сағасынан Алтай тауларының Шығыс сілімдеріне дейінгі шығыстан батысқа тараған аумақты алып жатқан. Керейіттер туралы алғашқы мəліметтер ХІ ғасырдың соңғы ширегіне жатады, олардың христиан дінін қабылдауына байланысты айтылады. Олар Тола өзенінің аңғарын, Орхон өзенінің орта ағысы ауданын жəне Онгын өзенінің аңғарын алып жатқан. Шыңғыс хан шапқыншылығы қарсаңында керейттер бүкіл қазіргі Монғолия мен Алтай аумағында үстемдік еткен, монғолдар да солардың қол астында болған. Наймандар мен керейіттердің ұлыстары «бастапқы үлгідегі мемлекеттер», яғни ертедегі феодалдық мемлекеттік құрылымдар болды. Монғолдар талқандағаннан кейін найман мен керейіт топтары, қалыптасып жатқан көптеген түрік халықтарының құрамына, атап айтқанда қазақ халқының құрамына біртіндеп сіңісе береді. Наймандар монғол дəуірінде қазақ даласына қоныс аударып, Сырдарияға дейін жетіп, қазақ халқының қалыптасуына белсене қатысқан. Керейіттерге келетін болсақ, олардың бір бөлігі батысқа, Еділ бойына дейін барып, онда өздерінің керейіт деген этонимін сақтап қалды жəне кейініректе осы атаумен өзбектер мен қырғыздардың құрамына, ал шағын тобы қазақтардың да құрамына кірді. Керейіт этнонимі Қара теңіз өңірі далаларының топономиясынан да кездеседі. Керейіттердің басқа бір бөлігі Солтүстік Қазақстанда қалды. Олар бұрынғы этнонимдегі –іт жалғауын жоғалтып, Керей (қара керей, абақ керей) деген атпен Орта жүз қазақтарына қосылды. Егер орта ғасырлардағы дала халқының монғол дəуірінде тұрақты түрде жəне алыстан қоныс аударуын ескерер болсақ, керейіттер мен корейлерді олар батыс керейіттердің шығысқа қарай кері көшіп немесе керейлердің жекелеген топтарының батысқа қарай одан əрі ілгерілеп қарым-қатынас жасау мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Орталық Азия халықтарының этникалық тарихынан жақсы біліп отырғанымыздай, мұндай араласу мейлінше дағдылы құбылыс болған.