Топ жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін

31-бап. Топ жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін
қылмыстық жауаптылық

1. Егер қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға екi немесе одан да көп орындаушы алдын ала сөз байласпай бiрлесiп қатысса, ол адамдар тобы жасаған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
2. Егер қылмыстық құқық бұзушылыққа оны бiрлесiп жасау туралы күнi бұрын уағдаласқан адамдар қатысса, ол алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
3. Егер қылмысты ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, банда немесе заңсыз әскерилендірілген құралым жасаса, ол қылмыстық топ жасаған қылмыс деп танылады.
4. Қылмыстық топ құрған не оған басшылық еткен адам осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда қылмыстық топты ұйымдастырғаны және оған басшылық еткені үшін, сондай-ақ егер қылмыстар оның пиғылында болған болса, қылмыстық топ жасаған барлық қылмыстар үшiн қылмыстық жауаптылыққа жатады.
5. Қылмыстық топтың басқа қатысушылары осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда, оған қатысқаны үшiн, сондай-ақ өздерi дайындауға немесе жасауға қатысқан қылмыстар үшiн қылмыстық жауаптылықта болады.

32-бап. Қажеттi қорғаныс

1. Қорғанушының және басқа да адамдардың жеке басы мен құқықтарын, сондай-ақ қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан, оның ішінде қолсұғушы адамға зиян келтіру жолымен заңды түрде қорғау қажетті қорғаныс деп танылады.
Барлық адамдардың өздерінің кәсiптік немесе өзге де арнаулы даярлығына және қызмет бабына қарамастан, олардың тең дәрежеде қажеттi қорғануға құқығы бар. Қоғамға қауiптi қолсұғушылықтан құтылу не басқа адамдардың немесе мемлекеттiк органдардың көмегiне жүгiну мүмкiндiгiне қарамастан, бұл құқық адамға тиесiлi болып табылады.
2. Қажеттi қорғаныс жағдайында, яғни қорғанушының немесе өзге де адамдардың жеке басын, тұрғынжайын, меншiгiн, жер учаскесiн және басқа да құқықтарын, қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн қолсұғушыға зиян келтiру арқылы қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан қорғау кезiнде қолсұғушы адамға зиян келтiру, егер бұл ретте қажеттi қорғаныс шегінен шығуға жол берілмеген болса, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
3. Нәтижесiнде қолсұғушыға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін зиян келтiрiлетiн, қолсұғушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне қорғанудың анық сай келмеуi қажеттi қорғаныс шегiнен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығу қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Адамның өміріне қол сұғушы адамға не қорғанушының немесе басқа адамдардың өміріне қауіпті қарулы шабуылмен немесе зорлық-зомбылықпен не осындай зорлық-зомбылықтың тікелей қатерімен, не тұрғын үйге, үй-жайға басып кірумен ұштасқан өзге де қолсұғушылыққа тойтарыс беру кезінде адамға зиян келтіру, сондай-ақ егер қорғанушы қолсұғушылықтың кенеттен болуы салдарынан шабуыл қаупінің дәрежесі мен сипатын объективті бағалай алмаса, қажетті қорғаныс шегінен шығу болып табылмайды.

33-бап. Қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу кезiнде
зиян келтiру

1. Қылмыстық жазаланатын іс-әрекет жасаған адамды мемлекеттiк органдарға жеткiзу және оның жаңа қолсұғушылық жасау мүмкiндiгiн тыю үшiн ұстап алу кезiнде оған зиян келтiру, егер мұндай адамды өзге амалдармен ұстау мүмкiн болмаса және бұл ретте осы үшiн қажеттi шаралар шегінен шығуға жол берiлмеген болса, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Адамға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін қажетсіз зиян келтiрілген кезде, ұсталатын адам жасаған құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне және ұстап алудың мән-жайларына олардың анық сай келмеуі, қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу үшін қажетті шаралар шегінен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығу қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
3. Қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алуға бұған арнайы уәкiлеттiк берілген адамдармен бірге жәбiрленушiлер мен басқа азаматтардың да құқығы болады.

34-бап. Аса қажеттiлiк

1. Осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге аса қажеттілік жағдайында, яғни осы адамның немесе өзге де адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделерiне, қоғамның немесе мемлекеттiң мүдделерiне тiкелей қатер төндiретiн қауiптi жою үшiн зиян келтiру, егер бұл қауiптi өзге амалдармен жою мүмкiн болмаса және бұл ретте аса қажеттiлiк шегiнен шығуға жол берiлмесе, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Төнген қауіптің сипаты мен дәрежесіне және қауіп жойылған жағдайға анық сәйкес келмейтін зиян келтіру, құқық қорғау мүдделеріне болдырмай тасталған зиянға тең немесе оған қарағанда неғұрлым елеулі зиян келтірілген жағдайда, аса қажеттілік шегінен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығу тек қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана жауаптылыққа әкеп соғады.

35-бап. Жедел-іздестіру іс-шараларын немесе жасырын
тергеу әрекеттерін жүзеге асыру

1. Уәкілетті мемлекеттік орган қызметкерінің не осындай органның тапсырмасы бойынша осы органмен ынтымақтасып жұмыс істейтін өзге адамның Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жедел-іздестіру іс-шараларын немесе жасырын тергеу әрекеттерін орындау кезінде жасаған, осы Кодексте қорғалатын мүдделерге зиян келтірген іс-әрекеті, егер бұл іс-әрекет адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы, қылмыстық топ жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтарды болғызбау, анықтау, ашу немесе тергеп-тексеру мақсатымен жасалса, сондай-ақ егер құқық қорғау мүдделеріне келтірілген зиян көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтар келтіретін зиянға қарағанда аздау болса және егер оларды болғызбауды, ашуды немесе тергеп-тексеруді, сол сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға кінәлі адамдарды әшкерелеуді өзге тәсілмен жүзеге асыру мүмкін болмаса, ол қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері адамның өміріне немесе денсаулығына қатер төндірумен, экологиялық апат, қоғамдық күйзеліс немесе өзге де ауыр зардаптар қатерімен ұштасқан іс-әрекет жасаған адамдарға қолданылмайды.

36-бап. Негізді тәуекел ету

1. Қоғамға пайдалы мақсатқа қол жеткiзу үшін негізді тәуекел ету кезінде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Егер көрсетілген мақсатқа тәуекелмен байланыссыз әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) қол жеткiзiлмейтiн болса және тәуекелге жол берген адам осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiрiлуiн болғызбау үшiн жеткiлiктi шаралар қолданған болса, тәуекел ету негізді деп танылады.
3. Егер тәуекел ету адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қатер төндірумен, экологиялық апат, қоғамдық кесапат немесе өзге де ауыр зардаптар қатерімен көрінеу ұштасқан болса, тәуекел ету негізді деп танылмайды.

37-бап. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу

1. Егер күштеп немесе психикалық мәжбүрлеудiң салдарынан адам өзiнiң әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) ие бола алмаса, мұндай мәжбүрлеудiң нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiрiлуінің салдарынан адам өзiнiң әрекеттерiне ие бола алу мүмкiндiгiн сақтаған болса, ол үшін қылмыстық жауаптылық туралы мәселе осы Кодекстiң 34-бабының ережелерi ескерiле отырып шешiледi.

38-бап. Бұйрықты немесе өкiмдi орындау

1. Өзi үшiн мiндеттi бұйрықты немесе өкiмдi орындау үшін әрекет жасаған адамның осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiруi қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды. Мұндай зиян келтiрiлгенi үшiн заңсыз бұйрық немесе өкiм берген адам қылмыстық жауаптылықта болады.
2. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындау үшiн қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам жалпы негiздерде қылмыстық жауаптылықта болады. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындамау қылмыстық жауаптылықты болдырмайды.

3-БӨЛІМ. ЖАЗА
39-бап. Жаза ұғымы мен оның мақсаттары

1. Жаза дегенiмiз - сот үкiмi бойынша тағайындалатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кiнәлi деп танылған адамға қолданылады және ол осы адамды құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодексте көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады.
2. Жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi.