Қылмыстық құқық бұзушылықтан өз еркiмен бас тарту

26-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтан өз еркiмен бас тарту

1. Адамның дайындалу әрекеттерiн тоқтатуы не осы іс-әрекетті жасауға тiкелей бағытталған әрекеттердi (әрекетсiздiктi) тоқтатуы, егер адам оны ақырына дейiн жеткiзу мүмкiндiгiн ұғынған болса, қылмыстық құқық бұзушылықтан өз еркiмен бас тарту деп танылады. Егер адам осы іс-әрекетті ақырына дейiн жеткiзуден өз еркiмен және біржолата бас тартса, ол осы қылмыстық құқық бұзушылық үшiн қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
2. Қылмыстық құқық бұзушылықты ақырына дейiн жеткiзуден өз еркiмен бас тартқан адам, егер оның іс жүзінде жасаған іс-әрекетiнде өзге қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болған жағдайда ғана, қылмыстық жауаптылыққа жатады.
3. Егер қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастырушы және оған айдап салушы мемлекеттiк органдарға хабарлауымен немесе өзге де қолданылған шараларымен орындаушының осы құқық бұзушылықты ақырына дейiн жеткiзуiне жол бермесе, бұл адамдар қылмыстық жауаптылыққа жатпайды. Егер орындаушы қылмыстық құқық бұзушылықты аяқтағанға дейiн оған күні бұрын уәде берген жәрдемінен бас тартса немесе көрсетiлген көмектiң салдарын жойса, көмектесушi қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
4. Егер ұйымдастырушының немесе айдап салушының осы баптың үшiншi бөлiгiнде көрсетілген әрекеттері қылмыстық құқық бұзушылықты болдырмауға әкеп соқпаса, онда олардың қолданған шараларын сот жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететiн мән-жайлар деп тануы мүмкiн.

27-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысу ұғымы

Екi немесе одан да көп адамның қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қасақана бiрлесе қатысуы қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысу деп танылады.

28-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас
қатысушылардың түрлерi

1. Ұйымдастырушы, айдап салушы және көмектесушi орындаушымен бірге қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылар деп танылады.
2. Қылмыстық құқық бұзушылықты тiкелей жасаған не оны жасауға басқа адамдармен (бірге орындаушылармен) бiрлесіп тiкелей қатысқан адам, сондай-ақ жасына, есiнiң дұрыс еместiгiне немесе осы Кодексте көзделген басқа да мән-жайларға байланысты қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын басқа адамдарды пайдалану арқылы, сол сияқты іс-әрекеттi абайсызда жасаған адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады.
3. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық еткен адам, сол сияқты қылмыстық топты құрған не оған басшылық еткен адам ұйымдастырушы деп танылады.
4. Басқа адамды азғыру, параға сатып алу, қорқыту жолымен немесе басқа да тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндiрген адам айдап салушы деп танылады.
5. Кеңестерiмен, нұсқауларымен, ақпарат, осы іс-әрекетті жасайтын қару немесе құралдар беруімен не оны жасауға кедергiлердi жоюымен қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына жәрдемдескен адам, сондай-ақ орындаушыны, қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруын немесе өзге де құралдарын, осы іс-әрекеттің iзiн не құқыққа қарсы жолмен қол жеткізілген заттарды жасыруға күні бұрын уәде берген адам, сол сияқты осындай заттарды иемденуге немесе өткiзуге күні бұрын уәде берген адам көмектесушi деп танылады.

29-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас
қатысушылардың жауаптылығы

1. Сыбайлас қатысушылардың қылмыстық жауаптылығы олардың әрқайсысының қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысу сипатымен және дәрежесiмен айқындалады.
2. Бірге орындаушылар өздерiнiң бiрлесiп жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшiн осы Кодекстiң 28-бабына сiлтеме жасамай, осы Кодекстiң белгілі бiр бабы бойынша жауап бередi.
3. Ұйымдастырушының, айдап салушының және көмектесушiнiң жауаптылығы, олар бiр мезгiлде бірге орындаушылар болып табылған жағдайларды қоспағанда, жасалған іс-әрекет үшiн жаза көзделетiн бап бойынша, осы Кодекстiң 28-бабына сiлтеме жасала отырып туындайды.
4. Орындаушы өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша қылмысты ақырына дейiн жеткiзбеген жағдайда, қалған сыбайлас қатысушылар қылмысқа дайындалуға немесе қылмысқа оқталуға сыбайласып қатысқаны үшiн жауаптылықта болады. Өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша басқа адамдарды қылмыс жасауға көндiре алмаған адам да осы іс-әрекетті жасауға дайындалғаны үшiн қылмыстық жауаптылықта болады.
5. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында арнайы көрсетілген, қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектiсi болып табылмайтын, осы бапта көзделген іс-әрекетті жасауға қатысқан адам осы қылмыстық құқық бұзушылық үшiн оны ұйымдастырушы, оған айдап салушы не көмектесуші ретiнде қылмыстық жауаптылықта болады.

30-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушының
шектен шығуы

Сыбайлас қатысушының шектен шығуы деп адамның басқа да сыбайлас қатысушылардың пиғылында болмаған қылмыстық құқық бұзушылық жасауы танылады. Оның шектен шыққаны үшiн басқа сыбайлас қатысушылар қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.