Қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық
20-бап. Қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық
1. Тiкелей немесе жанама пиғылмен жасалған іс-әрекет қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
2. Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптi екенiн ұғынған болса, оның қоғамға қауiптi зардаптарының болу мүмкiндігiн немесе болмай қоймайтынын алдын ала болжап білген болса және осы зардаптардың туындауын қалаған болса, қылмыстық құқық бұзушылық тiкелей пиғылмен жасалған деп танылады.
3. Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптi екенiн ұғынған болса, оның қоғамға қауiптi зардаптарының болу мүмкiндігiн алдын ала болжап білген болса, осы зардаптардың орын алуын қаламаса да, оларға саналы түрде жол берсе не оларға немқұрайлы қараса, қылмыстық құқық бұзушылық жанама пиғылмен жасалған деп танылады.
21-бап. Абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылық
1. Менмендiкпен немесе немқұрайлылықпен жасалған іс-әрекет абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
2. Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiпті зардаптар туғызу мүмкiндігін алдын ала болжап білген болса, бiрақ бұған жеткiлiктi негiздерсiз жеңiлтектікпен бұл зардаптарды болдырмауға болады деп есептеген болса, қылмыстық құқық бұзушылық менмендiкпен жасалған деп танылады.
3. Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптi зардаптар туғызу мүмкiндігін алдын ала болжап білмеген болса, дегенмен тиістi ұқыптылық пен сақтық танытқанда, осы зардаптарды алдын ала болжап білуге тиiс және біле алатын болғанда, қылмыстық құқық бұзушылық немқұрайлылықпен жасалған деп танылады.
22-бап. Кiнәнiң екi нысанымен жасалған қылмыстық құқық
бұзушылықтар үшiн жауаптылық
Егер қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде заң бойынша неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғатын және адамның пиғылында болмаған ауыр зардаптар келтiрiлсе, мұндай зардаптар үшiн қылмыстық жауаптылық, егер адам олардың туындау мүмкiндігін алдын ала болжап білген болса, бiрақ бұған жеткiлiктi негiздерсiз менмендiкпен оларды болдырмауға болады деп есептеген немесе егер адам бұл зардаптардың туындау мүмкіндігін алдын ала болжап білмеген, бiрақ алдын ала болжап білуге тиiс және біле алатын болған жағдайларда ғана туындайды. Тұтас алғанда, мұндай қылмыстық құқық бұзушылық қасақана жасалған деп танылады.
23-бап. Кінәсіздікпен зиян келтiру
1. Егер әрекеттерді (әрекетсiздiкті) және қоғамға қауiптi туындаған зардаптарды жасаған адамның пиғылында болмаған болса, ал мұндай іс-әрекетті абайсызда жасағаны және қоғамға қауiптi зардаптар келтiргенi үшiн осы Кодексте қылмыстық жауаптылық көзделмесе, іс-әрекет кінәсіздікпен жасалған деп танылады.
2. Егер іс-әрекет жасаған адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптiлiгiн ұғынбаған болса және iстiң мән-жайлары бойынша ұғына алмаған болса не қоғамға қауіпті зардаптардың туындауы мүмкiн екенiн алдын ала болжап білмеген болса және iстiң мән-жайлары бойынша оларды алдын ала болжап білуге тиiс болмаса немесе біле алмаған болса, іс-әрекет кінәсіздікпен жасалған деп танылады. Егер іс-әрекет жасаған кезде қоғамға қауiптi зардаптардың туындауын алдын ала болжап білген адам бұған жеткiлiктi негiздерде оларды болғызбауға болады деп есептеген болса не өзiнiң психикалық-физиологиялық қасиеттерiнiң қысылтаяң жағдайлар талаптарына немесе жүйке-психикалық ауыртпалықтарға сәйкес келмеуi салдарынан осы зардаптарды болғызбауға шамасы келмеген болса да, іс-әрекет кінәсіздікпен жасалған деп танылады.
24-бап. Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу
1. Тікелей пиғылмен жасалған, қылмыс құралдарын немесе қаруларын iздестiру, әзiрлеу немесе бейiмдеп жасау, қылмысқа сыбайлас қатысушыларды iздестiру, қылмыс жасауға сөз байласу не қылмыс жасау үшiн өзге де қасақана жағдайлар жасау, егер бұл ретте қылмыс адамның еркiне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеген болса, қылмысқа дайындалу деп танылады.
2. Ауыр немесе аса ауыр қылмысқа дайындалғаны үшiн, сондай-ақ террористік қылмысқа дайындалғаны үшін қылмыстық жауаптылық туындайды.
3. Қылмыс жасауға тура бағытталған, тікелей пиғылмен жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк), егер бұл ретте қылмыс адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеген болса, қылмысқа оқталу деп танылады.
4. Ауырлығы орташа қылмысқа, ауыр немесе аса ауыр қылмысқа оқталғаны үшiн, сондай-ақ террористік қылмысқа оқталғаны үшін қылмыстық жауаптылық туындайды.
5. Қылмысқа дайындалғаны және қылмысқа оқталғаны үшiн қылмыстық жауаптылық осы Кодекстiң аяқталған қылмысқа арналған бабы бойынша, осы баптың тиiстi бөлiгiне сiлтеме жасала отырып туындайды.
25-бап. Аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық
Егер адам жасаған іс-әрекетте осы Кодекстің Ерекше бөлігінде көзделген құқық бұзушылық құрамының барлық белгiлерi болса, қылмыстық құқық бұзушылық аяқталған деп танылады.