Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті
14-бап. Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті
қайталануы
1. Егер адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған болса, осы адамның ауыр қылмыс жасауы қылмыстардың қайталануы деп танылады.
2. Қылмыстардың қауіпті қайталануы деп адамның:
1) егер осы адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін екі рет бас бостандығынан айыруға сотталса немесе аса ауыр қылмысы үшін сотталған болса, ауыр қылмыс жасағаны;
2) егер ол бұрын ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін бас бостандығынан айыруға сотталған болса, аса ауыр қылмыс жасағаны танылады.
3. Он сегiз жасқа дейінгі адамның жасаған қылмыстары үшін сотталғандық, сондай-ақ осы Кодексте белгіленген тәртіппен алып тасталған немесе жойылған сотталғандық қылмыстардың қайталануын және қылмыстардың қауіпті қайталануын тану кезінде есепке алынбайды.
4. Қылмыстардың қайталануы және қылмыстардың қауіпті қайталануы осы Кодексте көзделген негiздер мен шектерде неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғады.
15-бап. Қылмыстық жауаптылыққа жататын адамдар
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта он алты жасқа толған есi дұрыс жеке тұлға қылмыстық жауаптылыққа жатады.
2. Қылмыс жасаған уақытта он төрт жасқа толған адамдардың адам өлтiргенi (99-бап), денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiргенi (106-бап), ауырлататын мән-жайлар кезiнде денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiргенi (107-баптың екiншi бөлiгі), зорлағаны (120-бап), сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерi (121-бап), адам ұрлағаны (125-бап), халықаралық қорғауды пайдаланатын тұлғаларға немесе ұйымдарға шабуыл жасағаны (173-бап), әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырғаны (174-бап), Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының өміріне қолсұғушылық (177-бап), Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне қолсұғушылық (178-бап), диверсия (184-бап), ұрлық (188-баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктері), тонау (191-баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктері), қарақшылық (192-бап), қорқытып алушылық (194-баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктері), ауырлататын мән-жайлар кезiнде автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз заңсыз иеленіп алғаны (200-баптың екiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктерi), ауырлататын мән-жайлар кезiнде бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдiргенi (202-баптың екiншi және үшiншi бөлiктерi), терроризм актісі (255-бап), терроризмді насихаттағаны немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақырғаны (256-бап), террористік топ құрғаны, оған басшылық еткені және оның әрекетіне қатысқаны (257-баптың бірінші және екінші бөліктері), террористік немесе экстремистік әрекетті қаржыландырғаны және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік (258-бап), адамды кепiлге алғаны (261-бап), ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасағаны немесе оларды басып алғаны (269-бап), терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлағаны (273-бап), қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқырғаны не қорқытып алғаны (291-бап), ауырлататын мән-жайлар кезінде бұзақылық жасағаны (293-баптың екінші және үшiншi бөлiктері), тағылық (294-бап), есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді жымқырғаны не қорқытып алғаны (298-бап), ауырлататын мән-жайлар кезiнде өлгендердiң мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi қорлағаны (314-баптың екiншi бөлiгi) және көлiк құралдарын немесе қатынас жолдарын қасақана жарамсыздыққа келтіргені (350-бап) үшiн қылмыстық жауаптылыққа жатады.
3. Егер кәмелетке толмаған адам осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген жасқа толған болса, бiрақ психикасының бұзылуына байланысты емес психикалық дамуы жағынан артта қалуы салдарынан қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта өзiнiң әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн толық көлемде ұғына алмаса не оларға ие бола алмаса, ол қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
4. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған адамдар шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, сенiміне, қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығына, тұрғылықты жерiне немесе өзге де кез келген мән-жайларға қарамастан заң алдында тең.
16-бап. Есi дұрыс еместiк
1. Осы Кодексте көзделген қоғамға қауiптi іс-әрекеттi жасаған уақытта есi дұрыс емес күйде болған, яғни созылмалы психикалық ауруы, психикасының уақытша бұзылуы, ақыл-есінің кемдігі немесе психикасының өзге де дертке ұшырауы салдарынан өзінің әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн ұғына алмаған немесе оларға ие бола алмаған адам қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
2. Есi дұрыс емес деп танылған адамға сот осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануы мүмкiн.