Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы

12-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бiрнеше рет
жасалуы

1. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң дәл сол бiр бабында немесе бабының бөлiгiнде көзделген екi немесе одан да көп іс-әрекеттi жасау қылмыстық құқық бұзушылықтардың бiрнеше рет жасалуы деп танылады. Қылмыс және қылмыстық теріс қылық өзара бірнеше рет жасалуды құрамайды.
2. Егер адам бұрын жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшін сотталған не заңда белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса, қылмыстық құқық бұзушылық бірнеше рет жасалған деп танылмайды.
3. Жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық, яғни бiр пиғылмен және бiр мақсатпен ұштасып, тұтас алғанда бiр қылмыстық құқық бұзушылықты құрайтын, құқыққа қарсы бiрқатар бiрдей іс-әрекеттерден тұратын қылмыстық құқық бұзушылық бiрнеше рет жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылмайды.
4. Қылмыстардың бірнеше рет жасалуы осы Кодексте неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғатын мән-жай ретiнде көзделген жағдайларда, адамның жасаған қылмыстары осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң қылмыстарды бiрнеше рет жасағаны үшiн жаза көзделетiн бабының тиiстi бөлiгi бойынша сараланады.
5. Қылмыстық теріс қылықтардың бірнеше рет жасалуы осы Кодексте неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғатын мән-жай ретiнде көзделген жағдайларда, адамның жасаған қылмыстық теріс қылықтары осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң қылмыстық теріс қылықтарды бiрнеше рет жасағаны үшiн жаза көзделетiн бабының тиiстi бөлiгi бойынша сараланады.

13-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы

1. Осы Кодекстiң түрлi баптарында немесе баптарының бөлiктерiнде көзделген, адам солардың бiрде-бiреуi үшiн сотталмаған немесе заңмен белгiленген негiздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған екi немесе одан да көп іс-әрекеттi жасау, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы деп танылады. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы кезінде адам, егер осы іс-әрекеттердiң белгiлерi осы Кодекстiң бiр бабының немесе бабының бiр бөлiгiнiң неғұрлым қатаң жазаны көздейтiн нормасында қамтылмаған болса, әрбiр жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстiң тиiстi бабы немесе бабының бөлiгi бойынша қылмыстық жауаптылықта болады.
2. Осы Кодекстiң екi немесе одан да көп бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың белгiлерi бар бiр әрекет (әрекетсiздiк) те қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы деп танылады. Қылмыстардың мұндай жиынтығы кезінде адам, егер бiр іс-әрекеттiң белгiлерi осы Кодекс бабының басқа іс-әрекет үшiн неғұрлым қатаң жазаны көздейтiн нормасында қамтылмаған болса, әрбiр жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстің тиiстi баптары бойынша қылмыстық жауаптылықта болады.
3. Егер дәл сол бір іс-әрекет осы Кодекстiң тиiстi баптарының жалпы және арнайы нормаларының белгiлерiне сәйкес келсе, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы болмайды және қылмыстық жауаптылық осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң арнайы норманы қамтитын бабы бойынша туындайды.