Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы

РҚАО-ның ескертпесі!
Осы Кодекстің қолданысқа енгізілу тәртібін 467-баптан қараңыз.

МАЗМҰНЫ

Жалпы бөлік
1-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ЗАҢ
1-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы Қазақстан Республикасының осы Қылмыстық кодексiнен тұрады. Қылмыстық жауаптылықты көздейтiн өзге заңдар осы Кодекске енгiзілгеннен кейiн ғана қолданылуға жатады.
2. Осы Кодекс Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негiзделедi. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші бар және Республиканың барлық аумағында тікелей қолданылады. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасы Конституциясының нормалары арасында қайшылықтар болған жағдайда Конституцияның ережелері қолданылады. Осы Кодекстің конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын нормалары заңдық күшін жояды және қолданылуға жатпайды. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары Қазақстан Республикасы қылмыстық заңнамасының құрамдас бөлігі болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекс алдында басымдыққа ие болады және халықаралық шартта оны қолдану үшін заң шығару талап етілетіннен басқа жағдайларда олар тікелей қолданылады.

2-бап. Қылмыстық кодекстiң мiндеттерi

1. Осы Кодекстiң мiндеттерi: адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн, меншiктi, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығын, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан қорғау, бейбiтшiлiк пен адамзат қауiпсiздiгiн сақтау, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады.
2. Бұл мiндеттердi жүзеге асыру үшiн осы Кодексте қылмыстық жауаптылық негiздерi белгiленеді, жеке адам, қоғам немесе мемлекет үшiн қандай қауiптi іс-әрекеттердің қылмыстық құқық бұзушылықтар, яғни қылмыстар немесе қылмыстық теріс қылықтар болып табылатыны айқындалады, оларды жасағаны үшiн жазалар мен өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары белгiленедi.

3-бап. Осы Кодексте қамтылған кейбір ұғымдарды түсіндіру

Осы Кодексте қамтылған ұғымдардың, егер заңда ерекше нұсқаулар болмаса, мынадай мағыналары бар:
1) адамды қанау –
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кiнәлi адамның мәжбүрлi еңбекті, яғни адам оны орындау үшiн өз қызметтерiн ерiктi түрде ұсынбаған, осы адамнан күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы талап етiлетiн кез келген жұмысты немесе қызметті пайдалануы;
кiнәлi адамның алынған табыстарды иемденiп алу мақсатында басқа адамның жезөкшелiкпен айналысуын немесе ол көрсететiн өзге де қызметтерді пайдалануы, сол сияқты кiнәлi адамның осы мақсатты көздемей, адамды сексуалдық сипаттағы қызметтер көрсетуге мәжбүрлеуі;
адамды қайыршылықпен айналысуға, яғни басқа адамдардан ақша және (немесе) өзге мүлiктi сұрауға байланысты қоғамға жат іс-әрекет жасауға мәжбүрлеу;
кiнәлi адам және (немесе) басқа адам үшiн жұмыстарды және (немесе) көрсетiлетiн қызметтердi орындаудан өзiне байланысты емес себептер бойынша бас тарта алмайтын адамға қатысты меншiк иесiнің өкiлеттiктерiн кiнәлi адамның жүзеге асыруына байланысты өзге де әрекеттер;
2) айтарлықтай залал және айтарлықтай мөлшер – 198 және 199-баптарда – айлық есептік көрсеткіштен бір жүз есе асатын залал мөлшері немесе зияткерлік меншік объектілерін пайдалану құқықтарының құны не авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілері даналарының немесе өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер, селекциялық жетiстiктер немесе интегралдық микросхемалар топологиялары қамтылған тауарлардың құны; 202-бапта – айлық есептік көрсеткіштен бір жүз есе асатын сомадағы залал; 214-бапта – құны бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын тауарлар саны; 218-бапта – екі мың айлық есептік көрсеткіштен асатын сомаға қылмыстық жолмен алынған ақша және (немесе) өзге мүлік; 233-бапта – айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын сомада келтірілген залал; 325, 326, 328, 335, 337және 342-баптарда – қоршаған ортаны және табиғи ресурстардың тұтынушылық қасиеттерін қалпына келтіру үшін қажетті шығындардың бір жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшердегі құндық көрінісі; өзге баптарда – айлық есептік көрсеткіштен бір жүз есе асатын сомадағы залал мөлшері; 366 және 367-баптарда – елуден үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге де мүліктің немесе мүліктік сипаттағы пайданың құны;
3) аса ірі залал және аса ірі мөлшер – 188, 189, 190, 191, 192, 194, 197, 202 және 204-баптарда – айлық есептік көрсеткіштен екі мың есе асатын мүлік құны немесе залал мөлшері; 214-бапта – сомасы жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын табыс; 215 және 216-баптарда – азаматқа айлық есептiк көрсеткiштен бес мың есе асатын сомада келтiрiлген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептiк көрсеткiштен елу мың есе асатын сомада келтiрiлген залал; 217-бапта – сомасы бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын табыс; 229, 230-баптарда – айлық есептік көрсеткіштен жиырма мың есе асатын сомадағы залал; 234-бапта – он мың айлық есептік көрсеткіштен асатын, алып өткізілген тауарлардың құны; 245-бапта – елу мың айлық есептік көрсеткіштен асатын, бюджетке түспеген төлемдер сомасы; 253-бапта – екі мың айлық есептік көрсеткіштен асатын ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге де мүліктің немесе мүліктік сипаттағы пайданың құны; 307-бапта – сомасы бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын табыс; 324, 325, 326, 328, 329, 330, 332, 333, 334, 337 және 343-баптарда – қоршаған ортаны және табиғи ресурстардың тұтынушылық қасиеттерін қалпына келтіру үшін қажетті шығындардың жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшердегі құндық көрінісі; 365-бапта – азаматқа айлық есептік көрсеткіштен бір мың есе асатын сомада келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен он мың есе асатын сомада келтірілген залал; 366 және 367-баптарда – он мың айлық есептік көрсеткіштен асатын ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге де мүліктің немесе мүліктік сипаттағы пайданың құны; өзге баптарда – айлық есептік көрсеткіштен екі мың есе асатын сомадағы залал мөлшері;
4) ауыр зардаптар – осы Кодексте көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгісі ретінде көрсетілмеген жағдайлардағы мынадай зардаптар:
адам өлiмi; екі немесе одан да көп адамның өлiмi; жәбірленушінің немесе оның жақынының (жақындарының) өзiн-өзi өлтiруі; денсаулыққа ауыр зиян келтіру; екі немесе одан да көп адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру; адамдардың жаппай сырқаттануы, ауру жұқтыруы, сәулеленуі немесе улануы; халық денсаулығы мен қоршаған орта жай-күйінің нашарлауы; қаламаған жүктіліктің болуы; техногендік немесе экологиялық зілзаланың, төтенше экологиялық ахуалдың туындауы; ірі немесе аса ірі залал келтіру; жоғары қолбасшылық қойған міндеттерді орындамай қалдыру; мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіру, апаттар немесе авариялар; әскери бөлімдер мен бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеті деңгейінің ұзақ уақыт төмендеуі; жауынгерлік міндеттерді орындамай қалдыру; жауынгерлік техниканың істен шығуы; келтірілген зиянның ауырлығын куәландыратын өзге де зардаптар;
5) әкімшілік-шаруашылық функциялар – ұйымның балансындағы мүлікті басқаруға және оған билік етуге Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен берілген құқық;
6) әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар – осы Кодекстің 18-тарауында көзделген, әскери қызмет атқарудың белгiленген тәртiбiне қарсы бағытталған, шақыру бойынша не келiсiмшарт бойынша Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшiлер, сондай-ақ запастағы азаматтар жиындардан өтуi кезiнде жасаған іс-әрекеттер;
7) банда – қаруды не қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолданып немесе қолдану қатерін төндіріп азаматтарға немесе ұйымдарға шабуыл жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ;
8) басқа механикалық көлік құралдары – тракторлар, мотоциклдер, өздігінен жүретін машиналар (экскаваторлар, автокрандар, грейдерлер, катоктар);
9) билік өкілі – мемлекеттiк қызметте жүрген, қызмет бабымен өзіне тәуелді емес адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен билік ету өкілеттіктері берілген адам, оның ішінде құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органның, әскери полиция органының қызметкері, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын әскери қызметші;
10) болмашы мөлшер – 187-бапта – ұйымға тиесілі мүліктің он айлық есептік көрсеткіштен аспайтын немесе жеке тұлғаға тиесілі мүліктің екі айлық есептік көрсеткіштен аспайтын құны;
11) денсаулыққа ауыр зиян – адамның денсаулығына, оның өміріне қауіпті зиян не денсаулыққа: көру, сөйлеу, есту қабілетінен немесе қандай да бір ағзадан айырылуға; ағзаның өз функцияларын жоғалтуына; бет-әлпетінің қалпына келмейтіндей бұзылуына; жалпы еңбек қабілетінің кемінде үштен бірін айтарлықтай тұрақты түрде жоғалтумен ұласқан денсаулықтың бұзылуына; кәсіби еңбек қабілетін толық жоғалтуға; жүктілікті үзуге; психиканың бұзылуына; нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыруға әкеп соққан өзге де зиян;
12) денсаулыққа ауырлығы орташа зиян – адамның денсаулығына, оның өміріне қауіпті емес, денсаулықтың ұзақ уақыт (жиырма бір күннен астам мерзімге) бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін (үштен бір бөлігінен кем) тұрақты түрде айтарлықтай жоғалтуға әкеп соққан зиян;
13) денсаулыққа жеңіл зиян – денсаулықтың қысқа мерзімге (жиырма бір күннен аспайтын мерзімге) бұзылуына немесе жалпы еңбек қабiлетiн (оннан бiр бөлігiнен кем) тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан адамның денсаулығына келтірілген зиян;
14) елеулi зиян – осы Кодексте көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгісі ретінде көрсетілмеген жағдайлардағы мынадай зардаптар:
адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін бұзу; айтарлықтай залал келтіру; жәбірленуші адамда өмірлік қиын жағдайдың туындауы; ұйымдардың немесе мемлекеттік органдардың қалыпты жұмысының бұзылуы; маңызды әскери іс-шаралардың өткізілмей қалуы не әскери бөлімдер мен бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеті деңгейінің қысқа мерзімге төмендеуі; қарулы топтарды немесе жекелеген қарулы адамдарды, құрлықтағы, әуе немесе теңіз жауынгерлік техникасын дер кезінде байқамау немесе оларға тойтарыс бере алмау, адамдардың және көлік құралдарының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы кедергісіз заңсыз өтуіне, контрабандалық жүктердің өткізілуіне жол беру, шекараны қорғайтын шекара құрылыстарына, техникалық құралдарға залал келтіретін іс-қимылдарға салғырт қарау; келтірілген зиянның елеулі екендігін куәландыратын өзге де зардаптар;
15) жалдамалы – қарулы қақтығысқа, соғыс қимылдарына немесе мемлекеттің конституциялық құрылысын құлатуға немесе бүлдіруге не аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған өзге де күш қолдану әрекеттеріне қатысу үшін арнайы азғырып көндірілген, материалдық сыйақы алу немесе өзге де жеке басының пайдасы мақсатында әрекет ететін, қақтығысып жатқан тараптың немесе көрсетілген іс-қимылдар қарсы бағытталған мемлекеттің азаматы болып табылмайтын, қақтығысып жатқан тараптың қарулы күштерінің жеке құрамына кірмейтін, өзінің қарулы күштерінің құрамына кіретін адам ретінде ресми міндеттерді атқару үшін басқа мемлекет жібермеген адам;
16) жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын адам – мемлекет функцияларын және мемлекеттiк органдардың өкiлеттiктерiн тiкелей атқару үшiн Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық және өзге де заңдарында белгiленген лауазымды атқаратын адам, оның ішінде Парламент депутаты, судья, сол сияқты Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк саяси лауазымды не «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымын атқаратын адам;
17) жымқыру – бөтен мүлiктi осы мүлiктiң меншiк иесiне немесе өзге иеленушiсiне залал келтiре отырып, кінәлі адамның немесе басқа адамдардың пайдасына пайдакүнемдiк мақсатта жасалған құқыққа қарсы өтеусіз алып қою және (немесе) айналдыру;
18) заңсыз әскерилендірілген құралым – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген, әскерилендірілген типтегі ұйымдық құрылымы бар, жеке-дара басшылыққа ие, соғысқа қабілетті, қатаң тәртіпке бағынған құралым (бірлестік, жасақ, дружина немесе үш және одан да көп адамнан тұратын өзге де топ);
19) коммерциялық немесе өзге ұйымда басқару функцияларын орындайтын адам – мемлекеттiк орган, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы не мемлекеттiң үлесi елу пайыздан асатын ұйым болып табылмайтын ұйымда тұрақты, уақытша не арнайы өкiлеттiк бойынша ұйымдастырушылық-өкiмдiк немесе әкiмшiлiк-шаруашылық мiндеттердi орындайтын адам;
20) көлік – темiржол, автомобиль, теңiз, ішкі су, оның ішінде шағын көлемді теңіз және өзен кемелерi, әуе, қалалық электр, оның ішінде метрополитен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы магистральдық құбыржол көлігі;
21) қоғамдық бірлестік лидері – өзінің ықпалы мен беделі арқылы осы қоғамдық бірлестіктің қызметіне жеке-дара басқарушылық ықпал жасауға қабілетті қоғамдық бірлестіктің басшысы, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктің өзге де қатысушысы;
22) қылмыстық әрекеттерді үйлестіру – қылмыстарды бірлесіп жасау мақсатында ұйымдасқан топтар (қылмыстық ұйымдар) арасындағы келісу (ұйымдасқан топтар (қылмыстық ұйымдар) басшыларының немесе өзге де қатысушыларының арасында тұрақты байланыстар орнату, қылмыстар жасау үшін жоспарлар әзірлеп, жағдайлар жасау, сондай-ақ қылмыстық ықпал ету аясын, қылмыстық әрекеттен түсетін табыстарды бөлісу);
23) қылмыстық қоғамдастық – бiр немесе бiрнеше қылмыстық құқық бұзушылықтарды бiрлесiп жасау, сол сияқты осы қылмыстық ұйымдардың кез келгенiнiң бiр немесе бiрнеше қылмыстық құқық бұзушылықтарды өз бетiнше жасауына жағдайлар жасау үшін сөз байласқан екi немесе одан да көп қылмыстық ұйымның бірігуі;
24) қылмыстық топ – ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, банда, заңсыз әскерилендірілген құралым;
25) қылмыстық ұйым – қатысушылары ұйымдық, функционалдық және (немесе) аумақтық оқшауланған топтарға (құрылымдық бөлімшелерге) бөлінген ұйымдасқан топ;
26) лауазымды адам – тұрақты, уақытша немесе арнайы өкiлеттiк бойынша билік өкiлi функцияларын жүзеге асыратын не мемлекеттiк органдарда, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында ұйымдастырушылық-өкiмдiк немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;
27) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметші, мәслихат депутаты;
28) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адам – жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайланған адам; Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттардың депутаттығына, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органының мүшелігіне кандидат ретінде тіркелген азамат; жергілікті өзін-өзі басқару органында тұрақты немесе уақытша жұмыс істейтін, еңбекақысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетінің қаражатынан төленетін қызметші; мемлекеттік ұйымда немесе жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесі елу пайыздан асатын ұйымда, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингте, ұлттық холдингте, ұлттық компанияда, ұлттық даму институтында, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы өздеріне тиесілі олардың еншілес ұйымында, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы көрсетілген еншілес ұйымға тиесілі заңды тұлғада басқару функцияларын орындайтын адам; Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері;
29) сыбайлас жемқорлық қылмыстар – осы Кодекстің 189 (үшінші бөлігінің 2) тармағында), 190 (үшінші бөлігінің 2) тармағында), 215(екінші бөлігінің 3) тармағында), 216 (екінші бөлігінің 4) тармағында), 217 (үшінші бөлігінің 3) тармағында), 218 (үшінші бөлігінің 1) тармағында), 234 (үшінші бөлігінің 1) тармағында), 249(үшінші бөлігінің 2) тармағында), 307 (үшінші бөлігінің 3) тармағында), 361, 362 (төртінші бөлігінің 3) тармағында), 364, 365, 366, 367, 368, 369, 370, 450, 451 (екінші бөлігінің 2) тармағында) және 452-баптарында көзделген іс-әрекеттер;
30) террористік қылмыстар – осы Кодекстің 170, 171, 173, 177, 178, 184, 255, 256, 257, 258, 259, 260, 261, 269 және 270-баптарында көзделген іс-әрекеттер;
31) террористік топ – бір немесе бірнеше террористік қылмыс жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ;
32) топбастаушы жағдайына ие адам – ұйымдасқан топтардың (қылмыстық ұйымдардың) басшылары қылмыстық әрекеттерді үйлестіру жөнінде өкілеттіктер берген адам не топ мүшелері өздерінің мүдделерін қозғайтын және олардың қылмыстық әрекетінің бағыты мен сипатын айқындайтын, неғұрлым жауапты шешімдерді өз мойнына алу құқығын танитын адам;
33) трансұлттық қылмыстық қоғамдастық – екі немесе одан да көп трансұлттық қылмыстық ұйым бірлестігі;
34) трансұлттық қылмыстық ұйым – екі немесе одан да көп мемлекеттің не бір мемлекеттің аумағында іс-әрекет жасауды ұйымдастыру немесе оның орындалуын басқа мемлекеттің аумағынан басқару кезінде, сол сияқты басқа мемлекеттің азаматтары қатысқан кезде бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасау мақсатын көздейтін қылмыстық ұйым;
35) трансұлттық ұйымдасқан топ – екі немесе одан да көп мемлекеттің не бір мемлекеттің аумағында іс-әрекет жасауды ұйымдастыру немесе оның орындалуын басқа мемлекеттің аумағынан басқару кезінде, сол сияқты басқа мемлекеттің азаматтары қатысқан кезде бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ;
36) ұйымдасқан топ – бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасау мақсатында алдын ала біріккен екі немесе одан да көп адамдардың тұрақты тобы;
37) ұйымдастырушылық-өкімдік функциялар – қызмет бабымен бағынысты адамдардың орындауы үшін міндетті бұйрықтарды және өкімдерді шығаруға, сондай-ақ бағыныстыларға қатысты көтермелеу шараларын және тәртіптік жазалар қолдануға Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен берілген құқық;
38) iрi залал және ірі мөлшер – 185, 186 және 458-баптарда – айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын сомадағы залал; 188, 189, 190, 191, 192, 194, 195, 196, 197, 200, 202 және 204-баптарда – айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын мүлік құны немесе залал мөлшері; 198 және 199-баптарда – айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын залал мөлшері немесе зияткерлік меншік объектілерін пайдалану құқықтарының құны не авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілері даналарының немесе өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсiптiк үлгiлер, селекциялық жетiстiктер немесе интегралдық микросхемалар топологиялары қамтылған тауарлардың құны; 214-бапта – сомасы он мың айлық есептік көрсеткіштен асатын табыс; 214, 221, 237, 238, 239, 240, 242 және 243-баптарда – азаматқа айлық есептік көрсеткіштен бір мың есе асатын сомада келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен он мың есе асатын сомада келтірілген залал; 215 және 216-баптарда – азаматқа айлық есептiк көрсеткiштен бiр мың есе асатын сомада келтiрiлген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептiк көрсеткiштен жиырма мың есе асатын сомада келтiрiлген залал; 217-бапта – сомасы бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын табыс; 218-бапта – жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын сомаға қылмыстық жолмен алынған ақша және (немесе) өзге мүлік; 219, 222, 223, 224, 225, 226, 227, 228 және 241-баптарда – азаматқа айлық есептік көрсеткіштен бір жүз есе асатын сомада келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен бір мың есе асатын сомада келтірілген залал; 220, 229, 230-баптарда – айлық есептік көрсеткіштен он мың есе асатын сомадағы залал; 221-бапта – сомасы жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын табыс; 231-бапта – қолдан жасалған банкноттардың, монеталардың, бағалы қағаздардың, шетел валютасының айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын құны; 234-бапта – алып өткізілген тауарлардың бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын құны; 235-бапта – ұлттық және шетел валютасында қайтарылмаған қаражаттың он бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын сомасы; 236-бапта – төленбеген кедендік төлемдердің бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын құны; 244-бапта – бюджетке түспеген төлемдердің екі мың айлық есептік көрсеткіштен асатын сомасы; 245-бапта – бюджетке түспеген төлемдердің жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын сомасы; 247-бапта – үш жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын, адам алған сома немесе оған көрсетілген қызметтер құны; 253-бапта – бес жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге де мүліктің немесе мүліктік сипаттағы пайданың құны; 258-бапта – бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын ақша сомасы, мүліктің, мүліктік сипаттағы пайданың, көрсетілген қызметтердің құны; 274-бапта – азаматқа айлық есептiк көрсеткiштен бiр мың есе асатын сомада келтiрiлген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептiк көрсеткiштен он мың есе асатын сомада келтiрiлген залал; 292-бапта – жеке тұлғаға айлық есептiк көрсеткiштен бес жүз есе асатын сомада келтiрiлген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептiк көрсеткiштен бiр мың есе асатын сомада келтiрiлген залал; 307-бапта – сомасы бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын табыс; 323-бапта – жалған жасалған дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың немесе медициналық техниканың бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын құны; 324, 325, 326, 328, 329, 330, 332, 333, 334, 335, 337, 338, 340, 341 және 343-баптарда – қоршаған ортаны және табиғи ресурстардың тұтынушылық қасиеттерін қалпына келтіру үшін қажетті шығындардың бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшердегі құндық көрінісі; 344-бапта – екі мың айлық есептік көрсеткіштен асатын залал мөлшері; 350, 354, 355және 356-баптарда – азаматқа айлық есептік көрсеткіштен бір жүз есе асатын мөлшерде келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын мөлшерде келтірілген залал; 365-бапта – азаматқа айлық есептік көрсеткіштен бір жүз есе асатын сомада келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен бір мың есе асатын сомада келтірілген залал; 366 және 367-баптарда – үш мыңнан асатын, он мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге де мүліктің немесе мүліктік сипаттағы пайданың құны; 399-бапта – арнайы техникалық құралдардың бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын құны; өзге баптарда – айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын сомадағы залал мөлшері;
39) экстремистік қылмыстар – осы Кодекстің 174, 179, 180, 181, 182, 184, 258, 259, 260, 267, 404 (екінші және үшінші бөліктерінде) және 405-баптарында көзделген іс-әрекеттер;
40) экстремистік топ – бір немесе бірнеше экстремистік қылмыс жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ;
41) электрондық жеткізгіш – есептеу техникасы құралдарының көмегімен өңделетін ақпаратты жазу, сақтау және тыңдап-көрсету үшін пайдаланылатын материалдық жеткізгіш.
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).