Микроэкономиканың ұғымы мен құрылымы

Микроэкономикада, біріншіден, жекеленген экономикалық бірліктерді (фирмалар, салалар, үй шаруашылықтары), екіншіден, жеке рыноктар мен нақты бағаларды зерттейді, ол сатушылар мен сатып алушылардың тиімді шешім қабылдау ұстанымдарын анықтайды.

Микроэкономика — экономикалық теорияның негізгі бір бөлігі болып табылады. Микроэкономика теориясы адамдардың экономикалық іс-әрекетін зерттеп, олардың жалпы негізгі заңдылықтарын белгілейді. Адамдардың экономикалық іс-әрекеті өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталады және бұларды құрайтын: қажеттілік, ресурстар, технология, өнімдер және оларды пайдалану бір-бірімен тығыз байланысты болады. Бұлардың өзара байланысын төмендегі сызбадан көреміз.



Бұдан мынадай экономикалық проблемалар туындайды.

«Қажеттілік» бойынша — не өндіреміз?

«Ресурстар және технология» бойынша — қалай өндіреміз?

«Өнімдер және қолданылулар» бойынша — кім үшін өндіреміз?

Адамдардың экономикалық іс-әрекеті белгілі нақты экономикалық тәртіппен жүріп отырады. Олар адамдардың арасындағы өзара әр түрлі байланысына тәуелді болады және белгілі нысандарда жүзеге асырылатын экономикалық тәртіптің шарты болып есептеледі. Мұндай өзара байланыстар мен қарым-қатынастар қайталанып отырады әрі тұрақты болады және экономикалық тәртіптің тәсілі, нормасы, ережесі болып өздеріне сәйкес институттар мен қоғамдық құрылымдарда бекітіледі.

Мұндай институттар мен олардың құрылымдары белгілі әлеуметтік жүйеге негізделіп, экономикалық іс-әрекет пен экономикалық тәртіптерге толықтай әсер етеді. Әрине, нақты зерттеу мәселесіне және экономикалық теорияның белгілі бағыттарына байланысты оларды талдау әр түрлі деңгейде болады. Дегенмен де нарық, меншік, мемлекет сияқты негізгі институттарды ескермесе болмайды.

Сонымен, адамдардың экономикалық іс-әрекеттерін, оларды жүргізу барысында пайда болатын және өздеріне сәйкес институттар мен олардың жүйелерінде шешілетін жалпы экономикалық проблемаларды микроэкономиканың зерттеу объектісі деп айтамыз.

Осы объектіні зерттеу арқылы микроэкономика өзінің пәнін анықтайды. Бұған экономикалық субъектілер, экономикалық игіліктер және экономикалық іс-әрекеттер (қызметтер) жатады. Экономикалық субъектілер — бұл экономикада жеке қызмет атқаратын кез келген бірліктер. Бұндай бірліктер адамдар, сонымен қатар олардың тобы, қоғамдастықтар бастауы мүмкін. Кез келген қоғамдастық микроэкономикада субъект болып қарастырылмайды. Ол үшін адамдардың белгілі тобы бірігіп, қызмет істеп, алдарына қойған мақсаттарына бірге жетуі тиіс.

Тіршілік әрекетінің жалпы экономикалық процестеріне қатысушылары ретінде барлық экономикалық субъектілер екі түрлі қызметпен шұғылдануы мүмкін: бір объектіні басқа объектіге айналдыру (өзгерту) және оларды өз қажеттіліктеріне пайдалану. Бірінші жағдайда, олар өндірушілер, ал екінші жағдайда, тұтынушылар болып есептеледі.

Тұтынушылар мен өндірушілердің экономикалық қызметтерінің обьектісі игіліктер болып табылады. Игілік — кез келген зат, ол материалдық, сонымен қатар материалдық емес болады және тұтынушының белгілі бір қажеттіліктерін қанағаттандырады немесе өндірушінің көздеген мақсатына сәйкес қолданылуы мүмкін. Нарықтық экономикада олар тауарлар мен қызметтер деп аталады. Қызметтердің түріне байланысты игіліктер 2 түрге бөлінеді: өндірістік ресурстар және олардың негізінде өндірілетін тұтыну игіліктері.

Зерттеліп отырған экономикалық субъектінің экономикалық іс-әрекетін — олардың белгілі бір шешім қабылдап, әрі қарай соны жүзеге асыруы деп сипаттауға да болады. Қазіргі кездегі микроэконикалық теория шешім қабылдау процесіне көп көңіл бөліп, зерттеуге бағытталған.

Сонымен микроэкономиканың мәні деп экономикалық субъектілердің экономикалық игіліктер туралы шешім қабылдауын айтамыз.

Микроэкономикалық зерттеулер бірнеше іргелі алғышарттарға сүйенеді және бұлар микроэкономикалық талдаудың өзіндік ерекшеліктерін анықтайды. Соньің ішінде ең алдымен экономикалық атомизмді атауға болады: микроэкономика өздігінен шешім қабылдап, соны іске асыратын экономикалық бірліктерге көп көңіл аударады.

Микроэкономикалық талдаудың келесі қағидалық белгісі — экономикалық субъектілердің ұтымдылық қимылын болжауы. Экономикалық рационализм тұжырымдамасының (концепциясының) түпкі мәні біріншіден, экономикалық субъектілердің өз қызметтерінен түсетін тиімділігін анықтау болса; екіншіден, осы тиімділікке жету үшін кеткен шығындарын есептеу; нәтижесінде осы көрсеткіштерді бір-бірімен салыстырып, өз пайдасын ең жоғары деңгейге жеткізе білу болып есептеледі. Бұл жерде пайда — экономикалық субъектілердің тапқан игіліктері, ал шығындар — экономикалық субъектілердің осы пайдаға қол жеткізу жолында жұмсаған игіліктері болып табылады. Шығындары мен пайдаларын салыстыру арқылы экономикалық субъект ұтымды шешім қабылдайды.

Нарықтық экономикада пайда көбінесе ақша түрінде бағаланады, яғни ақшалай түсім немесе түсім түрінде беріледі. Ал шығындар — жұмсауға кеткен қаражаттар немесе шығындар түрінде болады.

Экономикалық іс-әрекет нәтижесінде кіріс пен шығыс арасындағы айырмашылықты ақша түрінде — табыспен көрсетуімізге болады. Экономикалық субъектілердің оңтайлылығы экономикалық қызметтегі табыстың ең жоғары деңгейге жетуімен бағаланады.

Микроэкономикалық талдаудың негізгі ерекшелігі шекті немесе маржиналдық талдау. Бұл талдау экономикалық іс-әрекеттердегі өзгерістерді зерттейді, яғни экономикалық субъект тек қана жалпы түсім мен жалпы шығындарды ғана салыстырмайды, сонымен қатар, әнім мөлшерін көбейткендегі қосымша түсім мен қосымша шығындарды да салыстырады. Шекті (қосымша) түсім шекті (қосымша) шығыннан көп болған уақытта шекті (қосымша) пайда оң сан болады. Сондықтан өз пайдасын мейлінше арттырғысы келетін экономикалық субъект бұнымен тоқталмайды. Жоғарыда айтылған екі көрсеткіш бір-біріне теңескенге дейін өнім шығару көлемін арттыра береді. Шекті түсім шекті шығынға тең болғанда пайда ең жоғары деңгейге жетеді, сонда ғана рационалды (тиімді) субъект өз мақсатына жетеді.

Микроэкономикада функционалдық талдауға да үлкен мән беріледі. Бұл зерттеуді жүргізгенде экономикалық өзгерістер кезіндегі басты көрсеткіш анықталады, ал содан кейін оған әсер етегін факторлар іздестіріледі. Сөйтіп олардың арасындағы тәуелділікті функция көмегімен көрсетеді.

Микроэкономиканың жоғарыда қарастырылған ерекшеліктері экономикалық модельдер құрғанда анық байқалады. Экономикалық модель дегеніміз экономикалық құбылыстарды немесе оның белгілі бір фрагментін қарапайым түрде көрсету. Бұл кезде зерттеліп отырған құбылыстардың басты қасиеттерін және өзара қарым-қатынастарын жақсы түсіну үшін кейбір бөліктері қарастырылмайды.

Модельдер ауызша, график түрінде және символдық (аналитикалық) болуы мүмкін. Кез келген ғылым әр түрлі модельдерден тұрады, олар көбінесе ауызша болады.

Бірақ та, теориялық модельдеу кезінде әрдайым графикалық және аналитикалық модельдер қолданылады, себебі олар көрнекі (график) және қысқаша, түсінікті болады.

Кез келген модельде айқын және айқын емес түрде белгілі болжамдар болады. Әр түрлі құбылыстар, олардың қасиеттері, сонымен қатар олардың өзара байланыстары көбінесе символдық түрде, соның ішінде сандық және айнымалы шамалармен бейнеленеді. Модельдерде экзогенді және эндогенді деп аталатын екі экономикалық айнымалылар қолданылады. Экзогенді айнымалылардың мәні модель құрылмастан бұрын белгілі болады — бұлар берілген ақпараттар. Модельді талдау кезінде зерттеліп отырған экономикалық құбылыстың қасиеттері туралы белгілі бір қорытынды шығарылады. Бұл кезде анықталған шамаларды эндогенді айнымалылар дейміз.

Олар модельдің нәтижесі болып табылады. Модельді құру нәтижесінде экзогендік айнымалылардың эндогенді айнымалыларға қалай әсер ететінін көреміз.

Кез келген модель нақты экономикалық құбылысты белгілі бір дәрежеде ғана көрсетеді. Сондықтан оның нақты жағдайға сәйкес екенін анықтаған кезде экономикалық іс-әрекеттің модельде көрсетілмеген басқа да қасиеттері, көрсеткіштері өзгермейді деп ұйғаруымыз керек. Бұл шартты әрі қарай зерттеулер кезінде қолданамыз.

Қорытынды

Сонымен, қорыта келе біз мынаны бас айтқымыз келеді: адамдардың экономикалық іс-әрекеттерін, олардың жүргізу барысында пайда болатын және өздеріне сәйкес институттар мен олардың жүйелерінде шешілетін жалпы экономикалық проблемаларды микроэкономиканың зерттеу объектісі деп айтамыз. Микроэкономика фирмалар мен үй шаруашылығы рыногындағы шешім қабылдау және өзара байланыс процесін зерттейді.

Қолданылған әдебиеттер

1. Әкімбеков С.А., Баймұхамбетов А.С., Жанайдаров У.А. Экономикалық теория. Оқу құралы. Астана, 2000.

2. Әубәкіров Я.Ә. және ұжым, Экономикалық теорияның негізі. Оқу құралы. Алматы, 1998.

3. Әубәкіров Я.Ә. және ұжым, Экономикалық теория. Оқулық. Алматы, 1999.

4. Курс экономической теории /Под ред. Чепурина М.Н., Киселевой Е.Н. Киров:АСА, 1995.

5. Ш.Мамыров, Қ.С. Есенгалиева, М.Ә.Тлеужанова Микроэкономика Алматы, 2001ж.