Микроэкономика дегеніміз не?
Микроэкономика (грек. mіkro – шағын және оіkonomіke – үй шаруашылығын жүргізу өнері)[1] – 1) кәсіпкерлердің, кәсіпорындардың, тұтынушылардың мінез - құлқын бағалау мен зерттеуге негізделетін экономикалық талдау әдісі.Классикалық мектептің экономистері іргелі зерттеулер арқылы экономика ғылымының тармағы ретінде микроэкономикалық талдау жүргізді. Кейін микроэкономикалық талдаумен қатар Микроэкономика саласындағы зерттеулер біртұтас экономика ғылымын құрады; 2) экономика ғылымының шағын ауқымды үдерістеріне, субъектілерге, кәсіпорындарға, фирмаларға, кәсіпкерлерге, олардың шаруашылық қызметтеріне, олардың арасындағы экономикалық қатынастарға қатысты зерттеулермен байланысты бөлімі. Микроэкономикада негізінен тауар өндірушілер мен тұтынушыларға, олардың қажеттілік, баға, шығын, пайда ескерілетін өндіру,сату, сатып алу, тұтыну көлемі жөніндегі шешімдеріне баса назар аударылады. Микроэкономика субъектілердің нарықтық мінез - құлқын, олардың арасындағы қарым-қатынасты,өндірушілер, кәсіпкерлер және мемлекет арасындағы бөлісті, айырбасты, тұтынуды зерделейді. Микроэкономиканың негізгі бөлімдері: тұтынушы теориясы; фирма және нарықтық құрылым теориясы; монополия мен бәсеке мәселелері; мемлекет пен жекеше сектордың өзара іс-қимылы мәселелері;еңбек рыногін талдау, табысты бөлу мәселелері.
Микроэкономика жеке өндірушілердің қызмет-әрекеттерін, кәсіпкерлік капитал мен бәсекелік ортаның қалыптасу заңдылықтарын зерттейді. Мұнда жеке тауарлардың бағасы, жұмсалған ресурстар, шығындар, фирманың қызмет атқару механизімі, бағаның құрылуы, еңбекке ынта және т.б. жағдайлар талданады. Микроэкономика дәрежеде қоғамдық дәрежедегі пропорцияларды анықтайтын бастапқы (алғашқы) пропорциялар қалыптасады