Автокөліктер газбен жүретін болады
Алматы қаласында Ахметжан Есімовтың қатысуымен «Табиғи газбен жүретін автокөлік — Қазақстан» тақырыбында экологиялық форум өтті. Оны «Қазтрансгаз» АҚ мен Азиялық автокөлік ассоциациясы бірлесіп ұйымдастырды. Мұнда Алматы қаласының экологиялық жағдайының ластануына байланыс-ты әрі экономикалық жағынан тиімді шара ретінде қаладағы бүкіл автокөлікті табиғи газға ауыстыру мәселесі қарастырылды.
Сонымен қатар табиғи газбен жұмыс істеп отырған Малайзия, Индонезия, Қытай елдерінен келген компания өкілдері өз өнімдерін арнайы ашылған көрмеге қойды.
2009 жылдың қазан айында әкімшілік пен «Қазтрансгаз» АҚ автокөлікті табиғи газға ауыстыру бойынша бірлесіп жұмыс істеу меморандумына қол қойған болатын. Осы келісімшарт бойынша қаламызда табиғи газбен қамтамасыз ететін бірінші станция және автобус паркі ашылды.
Форумды ашқан Алматы қаласының әкімі А.С.Есімов «Біздің әкімшілік үшін №1 мәселе қаланың экологиялық жағдайы екені даусыз. Сондықтан да қоршаған ортаның тазаруына көңіл бөліп, көптеген шараларды жүзеге асырудамыз. Соның бірі ретінде айтарым, қаламыздың экономикасы мен экологиясы үшін де аса тиімді шара деп таза табиғи газбен жұмыс істейтін алғашқы муниципальдық автобус паркінің ашыл-уы дер едім. Бұл тек Алматы емес, Қазақстан үшін алғашқы тәжірибе. Қазіргі таңда 200 автобус тоғыз қала маршрутына қызмет етуде. Әкімшіліктің қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында жүргізген шаралары өз нәтижесін бере бастады деп айта аламын. Мәселен, «Казгидромет» РГП мәліметі бойынша кейінгі үш жылда атмосфераның ластану деңгейінің төмендеуі байқалып және бұл тенденция сақталып отыр. 2011 жылдың жартыжылында атмосфераның ластану индексі ИЗА5 10,9 құраса (бұл 2010 жылғы 11,8 және 2009 жылғы 13,5 көрсеткіштен төмен), үстіміздегі жылдың шілде айында ИЗА5 7,5 құрады. Бұл — «Казгидромет» жүргізген бақылау мерзіміндегі ең төменгі көрсеткіш. Бірақ атмосфераның ластану деңгейі әлі де жоғары. Бізді Алматы қаласы ауа бассейнінің ластануын төмендету бойынша көптеген жұмыстар күтіп тұр»,—деді.