Адамның сөйлеу дағдысы түрлерін сипаттайтын мағыналас тіркес

Адам психологиясындағы саналы процестер қатарында сөйлеу дағдысының түрлері де бейнелі сөз орамдарымен сипатталады. Ал тақырыптық жағына келсек, мұнда адамдардың өзара, екеуара сөйлесу әрекеттерінің мазмұндық жағы да, сыртқы берілу формасы да мағыналас фразеологизмдер қатарын құрауға себепкер болады. Әдетте адамдар түрлі тіршілік , тұрмыс ықпалымен бір-бірімен сөйлеу дағдысы арқылы тығыз ықпалымен бір-бірімен сөйлеу дағдысы арқылы тығыз байланыс жасайды. Сол арада бір-бірімен әңгіме әңгіме-дүкен құрады, бір нәрсені, мәселен, естіген хабарын өсіріп айтуы мүмкін, тіпті өтірікті қосып та айтады. Әлдекімді жамандап, өсектейді. Осыған орай, аталған тақырып аумағын құрайтын мағыналас фразеологизмдер тобының тақырыптық, мағыналық түрлерін былай жіктеуге болады.
1)көп сөйлеу;
2)дөрекі сөз, дөрекі сөйлеу:құлаққа түрпідей тию, сөзі қыршаңқы, сөздің бір кілтипаны бар, т.б.
3)сөзді өсіріп айту: көптіріп сөйлеу, қара аспанды төндіру, қосып жіберу, өңін айналдыру, т.б.
4)өтірік айту: аузы-мұрны қисаймай, жүзі жанбау, құрыққа сырық жалғау, өтірікті судай сапыру, т.б.
5)тән алмау: азар да безер болу, байбалам салу, бет бақтырмау, аттан түссе де, үзеңгіден түспеу.
6)өсек сөз, өсек айту:алып қашпа әңгіме, артына сөз ілестіру,артына шала байлау, жаяу өсек,т.б.
7)уәдесіз;
8)уәделесу;
9)белгісіз жайт: бәлен деуге болмайды, бір Құдайдың өзі білсін, Құдай бұйырса
10)әңгімелесу: әңгімеден әңгіме туу, мұңын шағу, сөзден сөз туу, шер тарқату, шерін шығару.
11)сөздің тоқ етері: жалпы мазмұны, ұзын сөздің қысқасы, ұзын ырғасы, шама шарқы.
12)шешен, тапқыр сөйлеу: ағып тұрған, қара сөзді қамшы қылу, орақ ауыз, от тілді.
13)айтпау, үндемеу: аузына маржан салу, жақ ашпау, жұртқа жаймау, пәлен демеу.
14)жауабын қайтару: алдына келтіру, қаруын қайтару, қарымтасын қайтару, өз табағын өзіне тарту
15)айқай: дауысы құлақ жару, жан дауысы шығу, жер көкті басына көтеру, құлындай шырқырау.
16)айту мәнері:ағынан жарылу, алдына жайып салу, ашығын айту, барын төгу, құлағына құю.
17)сөйлесу, айту: ауызба-ауыз айту, ауызекі сөйлесу, сөз қату, үн қосу, беттесіп сөйлесу.
18)өткір тіл: орақ ауыз, от тілді, өткір тілді, тілі мірдің оғындай.
19)сөзін елемеу: сөзі далаға кету, сөзі жерде қалу, сөзі зая болу, сөзіне құлақ аспау сияқты лексика-семантикалық түрлері топтасады. Мағыналастардың қатар құрамы әртүрлі. Екі қатардан бастап, мағынаның ауқымына қарай ұлғая береді. Жалпы аталған тақырыптардың ішкі қатар құрамының барлығында тұрақты кездесіп отыратын сөз, сөйлеу, айту лексемалары тірек ойдан алыстамай, қайталанып отырады. Доминант болатын тұстары да бар. Мәселен: айту(бірдеңені)-алдына жайып салу, ағынан жарылу, ашығын айту, барын төгу, өнерін салу, майын тамызу, құлағына құю; бұлардың мағыналастар болып бірігуінде сөйлеушінің айту процесі кезіндегі өзіндік мәнері мен әрекетінің жинақталып, бірыңғай сипатталуы, баға берілуінің әсері бар.
Уәделесу мен уәдесіз ұғымдарына бұл сөздер доминант бола тұра, қатар құрамындағы «сөз» лексемасының қабаттаса компоненттер сыңарын құрауы уәде мен сөз екеуінің іштей логикалық байланыста тұрғандығын аңғартады. Өйткені уәдені жасайтын сөз. Мәселен, уәделесу:сөз байлау-сөз беру-сөзінде тұру-сөзі сөз- қол соғысу сияқты тіркесткрмен қоса, ұлттық мәдени дәстүрден хабар беретін қол алып, төс соғыстыру, уәде Құдай аты, Құдай дескен, кеуделеріне құран ұстау дейтін мағыналастармен қатар саны толыға түседі.
Сол сияқты өсек сөз: өсек басты болу, өсек жайылу, өсек ету, өсек тасу, өсек теру, өсекке шалыну, өсекті қарша борату, өсек-аяңға үйір болу.
Көп сөйлеу: аузы сөзден босамау, көбік ауыз, жағы тынбау, көк ала мылжың, көп сөйлеп көбігін сапыру, сөзге қонақ бермеу, сөзді жүндей сабау, тілі мен жағына сүйену, құлағының етін жеу, жағы тынбау.