Бор теориясының кемшіліктері
Бордың кванттық теориясы атом құрылысы жайындағы ілімнің даму жолындағы едәуір жетістік болып табылады.Ол атом ішіндегі өтетін құбылыстарды бейнелеу үшін классикалық физиканың жарамсыздығын,микродүниеде кванттық заңдардың үстем болатынын айқын көрсетіп берді.Микродүние құбылыстарын зерттеген кезде физикада кездескен жаңа кванттық жаңалықтарды ұғынуда ірі қадам болды.
Бірақ Бор теориясының елеулі кемшіліктері де басынан бастап білінді.Ең алдымен,бұл теория бір ізді классикалық та,бірізді кванттық та болмады,жартылай классикалық,жартылай кванттық теория болды.Бор теориясының жетімсіздігі оны сутегі атомына қолданғанда ақ білінді:спектрлік сызықтар жиілігінің дұрыс мәндері алынғанымен,бұлардың интенсивтілігін анықтау мүмкін болмады.
Бор теориясы сілтілік металл атомдары спектрінің дублеттік сипатын түсіндіре алмады.Бор теориясы шеңберінде сутегі атомынан кейінгі қарапайым атом гелий атомы теориясын құруға жасалған әрекеттер сәтсіз болды.
Ішкі қайшылықтары бар(бір жағынан классикалық физика заңдарын қолданады,екінші жағынан кванттық постулаттарға негізделген).
Сызықтардың интенсивтілігін түсіндіре алмады.
Неліктен кванттық ауысулар болады деген сұраққа жауап бере алмады.
Көпэлектронды атомдарға жарамсыз болып шықты(әуелі сутегі атомынан кейінгі гелий атомына да).
Сонымен Бор теориясы кейбір деректерді дұрыс түсіндіргенімен,бірқатар басқаларын түсіндіруге жарамады.Зат бөлшектерінің толқындық қасиеттері ашылғаннан кейін,классикалық механикаға сүйенген Бор теориясы,атомдық құбылыстардың бір ізді теориясының жасалу жолындағы өтпелі кезең бола алатындығы түсінікті болды.