Макроэкономикалық реттеу

Макроэкономикалық реттеу
Макроэкономикалық реттеу — экономиканы басқару тәсілі. Макроэкономикалық реттеу жалпы елдің экономикалық жүйесінің жұмыс істеуіне бағытталған. Макроэкономикалық реттеуде нарыққа қатысушылардың іс-қимыл ережелері белгіленіп, қажет болған жағдайда түзетулер енгізіліп отырады. Бұл мағынадағы нарықтық қатынаста макроэкономикалық реттеу мен шаруашылық жүргізуші субъектілердің өзін-өзі реттеуі ұштастырылады.
Макроэкономикалық реттеу экономикалық жүйені межеленген бағытта ұстауды көздейді және екі түрге бөлінеді: межелі бағыттан ауытқу бойынша реттеу және қайсыбір параметр жол беруге болмайтын мүшкіл деңгейге жеткенде реттеу. Бірінші жағдайда белгілі бір макроэкономикалық көрсеткіштердің белгілі бір кезеңге арналып межеленген бағдардан ауытқығаны байқалғанда мемлекет ахуалды түзету үшін шаралар қолданады. Мысалы, инвестицияның жетіспеуі себепті белгілі бір өндіріс тым қожырап, құлдыраған кезде жалпы өндірушілерге немесе тек инвестицияға ғана салынатын салықтың төмендетілуі, шетелден несие тартылуы, әлсіз кәсіпорындардың неғұрлым тиімді меншіктенушілерге жекешелендіріліп берілуі, өнімге сұранымның ынталандырылуы сияқты макроэкономикалық реттеу нұсқалары қолданылуы мүмкін. Екінші жағдайда келешекке арналған жоспарда әлеуметтік дүмпу қатерін төндіретін жұмыссыздықтың белгілі бір күйзелістік шектегі деңгейін белгілеуге және осы көрсеткішке жақындаған кезде жұмыспен қамтылуды арттыру мақсатында шұғыл шаралар (жаңа жұмыс орындарын ашқаны үшін кәсіпкерлерді көтермелеу, шағын бизнестің қалыптасуына көмектесу, т.б.) қолдануға болады. Реттеудің макроэкономикалық құралдарына салықтар, үлестемелер, фирмалардың рыноктағы әрекетін құқықтық реттеу, жалақы мен зейнетақы саласындағы шектеулер жатады. Ал нарықтық экономика жағдайындағы макроэкономикалық реттеудің негізгі құралдарына ақша саясаты құралдары (қайта қаржыландыру мөлшерлемесі, орталық банктің несиелік эмиссиясы, коммерциялық банктерге қойылатын сақтық қор талаптары, бағалы қағаздар рыногіндегі алыс-берістер), қазыналық саясат (тікелей және жанама салық салу, бюджет тапшылығын басқару), ұлттық валютаның айырбас бағамы саясаты (айырбас бағамы жүйесі, валютаның айырбас бағамы) жатады.